Қоғам • 10 Сәуір, 2020

Бір болайық, іргеміз сөгілмесін!

643 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Коронавирус індеті әлемді қармап тұр. Адамзатқа қауіп төне бастады. Өркениетті деген алып мемлекеттер жанталаса коронавируспен күресуде. АҚШ, Италия, Франция, Германия сияқты мемлекеттер қыруар қаржы бөліп, тосыннан келген індетпен күресіп жатыр.

Бір болайық, іргеміз сөгілмесін!

Қытайдан басталған індет уыты Қазақстанға да жетті. Ел Президенті Қ.К.Тоқаев осы індетке қарсы шараларды алдын ала ұйымдастырды. Кең тарамай тұрған кезде қатаң шаралар қабылдады. Бюджеттен 10 миллиард теңге қаржы бөліп, Үкіметке арнайы тапсырмалар берді. Қазақстанның біраз қалалары біртін-біртін карантинге жабылып жатыр.

Індет бейқамдықты, жайбара­қаттықты көтермейді. Бұған халық болып «бір жерден бас, бір жеңнен қол шығарып» күресуіміз керек. Сонда ғана індетті жоя аламыз.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев халыққа Үндеу жариялады: «Біргеміз» атты  қоғамдық қор құруды ұсынды. Осылай Тұңғыш Президент қоры індетке қарсы 200 миллион теңге бөлді. Nur Otan партиясы 150 миллион теңге  аударды. Елбасы бизнес өкілдеріне ұсыныс білдірген еді. Оны Қазақстанның белгілі қаржыгерлері мен қайраткерлері қолдап та кетті. Ірі бизнес өкілдерінің алды 100 миллион теңгеден бастап 10 миллион долларға дейін қаражат аударып үлгерді. Қорға мүмкіндігі бар басқа да адамдар қаржы аударып жатыр. Бұл халық пен мемлекеттің бір­тұ­тас­тығын көрсетеді. Мысалы, мем­лекеттік қызметкер­лер бір күндік еңбек­ақыларын қорға аударды.

Атадан балаға мирас болып келе жатқан жақсы дәстүр жалғастығын тапты. Бұл қор қаржысы әлі де өсе түсетін болады.

Осыған қарамастан сын сағатта кейбір әлеуметтік желілерді теріс пайдаланып, кейбіреулер әртүрлі ақпараттар таратып жатқаны қынжыл­тады. «Анау неге қорға аз ақша салды?», «Мынау неге одан қалып жатыр?» деп пікір таратуда.

Соның әсері халықтың кейбір топтарының көзқарасынан байқалып жатқандығы әлеуметтік желілерде жүр. Берілген, бөлінген көмекті азырқанып жатқандар да бар екен.

Халқымыз «көп түкірсе көл» деген. Мұны неге ұмытамыз?

Кезінде  Құланда зілзала болған шақта, Қызылағаштағы су қоймасы апаты болғанда, Арыстағы оқ-дәрі қоймасы жарылып, қала қирағанда  халық бірлік танытты. Мемлекеттің ұсыныстарын қолдады. Осылай аз ғана уақыттың ішінде бұл жерлердегі төтенше жағдайлар қысқа мерзімде түзетілді. Бұл мемлекет пен халық бірлігінің арқасында мүмкін болды. Қазір де коронавирус індеті тұсында халық Мемлекет басшысы, Үкіметімізді қолдап, қиыншылыққа түсіністікпен қарап отыр.

Күні кеше ғана ел Президенті Қ.К.Тоқаев теледидар арқылы халық­қа үндеу жариялады. Қиын шақта бірлік танытқан халыққа рахмет айтты әрі Үкіметке халықтың әл-ауқатын төмендетпеу, шағын және  орта бизнесті жетілдіру, басқа да толып жатқан шараларды жүзеге асыруды тапсырды.

Алматы қаласының әкімі Б.Са­ғын­­таев, Нұр-Сұлтан қаласы­ның әкімі А.Көлгіновтің қала тұр­ғын­дарына арнаған  үндеу­лері өзінің түсініктілігімен, қарапайым­дылығы­мен халық жүрегінен шықты. Осындай әкімдер жаңа форматтағы, креативті басшылар екендігін көрсетті. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген осы.

Президент қойған талап­тар орындалып жатыр. Сөз бен іс­те алшақтық жоқ.

Жақында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев елордадағы блок-постарға барып, барлық жағдайды өз көзімен көрді. Қала әкімінің, Үкімет басшысының есептерін тыңдады. Нақты тапсырмалар берді. Мұны Президенттің індет әкелетін зардаптардың алдын алып, оны болдырмау үшін жедел шешімдер қабылдаған саяси ерік-жігерінің мықты екенінің көрінісі деп білемін.

 Тарихи сабақтарды ұмытпауымыз керек. Баяғыда «оба», «сүзек», «тырыс­қақ» секілді індеттер болған. Ол аш­тық­қа ұласты, сөйтіп халқымыздың елу пайызы опат болғаны шындық қой. Сондықтан да мемлекетіміз тарапы­нан қойылған талаптардың  бар­лығын бұлжытпай орындауымыз керек.

Иә, жамандық айтып келмейді. «Коронавирус қандай жағдайда шықты, ол қалай тарады?» деген са­уалдар бізді алаңдатпауы тиіс. Өйткені әлемдік мемлекеттік қауіпсіздік органдары мұны зерттеп жатыр. Оның шындығы кейін айтылады. Ал біз үшін ең алдымен халық қауіпсіздігі, індеттің таралуына жол бермеу басты міндет болып табылады.

Індет кезінде алдыңғы шепке дәрігерлер шығып отыр. Олар бар мүмкіндіктерді сарқа пайдаланып жатыр. Мың да бір алғыс! Президент дәрігерлерге барлық жағдайды жасауды талап етті. Қосымша ынталандыру мақсатында қаржы бөлініп жатыр. Бұл да игі шаралардың бірі.

Қытай Халық Республикасының Ухань қаласындағы індетпен күресу үшін 40 мың дәрігер барыпты. Осының нәтижесінде індет құрықталыпты.

Коронавирус індетінен орасан зор зардап шегіп отырған Италия үшін Ресей мемлекеті гуманитарлық қолын созды. Эпидемиолог дәрігерлер жіберілді.

Індет шекара таңдамайды. Сондық­тан да әлем бірлесе күрескенде ғана ол құрықталады.

Мемлекеттік қызметкерлер қашық­тан жұмыс істеуге көшті. Студенттер мен мектеп оқушылары уақытша желіде оқу тәртібіне көшірілді. Ойын-сауық кешендері, театрлар, кинотеатр­лар, мейрамханалар мен дәмханалар жұмысы уақытша тоқтатылды. Зейнеткерлерге қамқорлық жасалуда. Міне, бұл көп атқарылып жатқан жұмыстардың бірер  мысалы ғана.

Түркі дүниесінің ұлы ескерткіші Орхон жазуында Тоныкөк бабамыз­дың сөзі тасқа  қашалып жазылған: «Халқы бегін, бегі халқын сыйлайтын ел ұзақ жасайды».

Бір болайық, іргеміз сөгілмесін!

 

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері