02 Сәуір, 2010

КЕДЕН ОДАҒЫ: ДАҚПЫРТ ПЕН ШЫНДЫҚ

806 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің Кеден одағына біріккендігі белгілі. Бұл одақ бірден, яғни күтпеген жерден басталып кеткен жоқ. Соңғы үш-төрт жылдың аясында жүргізілген дайындық жұмыстарының нәтижесінде пайда болды. Қазіргі күні ол ТМД аясында қалыптасқан экономикалық бірлестіктер мен интеграциялық үрдістердің ең дамыған түрі болып табылады. ОДАҚТЫҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ Егер Кеден одағына бірігу оқиғасы­ның өзіндік тарихына назар аударатын болсақ, Қа­зақстан жоғарыдағы аталған елдермен, сондай-ақ ТМД-ның басқа да елдерімен еркін сауда аймағын құрып, оған қаты­сушылар бір-бірімен сауда жасағанда өзіндік жеңілдіктерді пайдаланып келген болатын. Бірақ тәуелсіздік жылдарында экономикалық жағдайлары жақсарып, алыс-беріс ауқымын одан әрі тереңдете түсуді көздеген Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерін қарым-қатынастың бұл түрі оншама қанағаттандыра қойған жоқ. Сондықтан осы үш елдің мемлекет бас­­шылары 2006 жылдың 16 тамы­зында Қазақстан, Беларусь, Ресей ара­сында еркін сауданың неғұрлым жо­ғары сатысы болып табылатын Кеден одағын құру жөнінде шешім қабыл­дады.  Содан бастап осы одаққа бірігу жөнінде дайындық жұмыстары бастал­ды. 2007 жылдың 6 қазанында Кеден одағын қалыптастырудың 2008-2010 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары бекітілді. 2009 жылдың 9 маусымында бірыңғай кедендік аумақ құрудың кезеңдері мен мерзімі мақұлданды. Осы шешім бойынша Кеден одағының әрекет етуі 2010 жылдың 1 қаңтарынан басталып, одақтың толыққанды жұмы­сын жолға түсіретін барлық қажетті үдерістер 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқталуы тиіс деп белгіленді. 2009 жылдың 27 қарашасы күні мемлекет бас­шыларының Минск қала­сындағы кездесуінде Кеден одағының Кеден кодексі туралы шартқа қол қойылды. Бұл кодекс үстіміздегі жыл­дың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілетін болады. Сөйтіп, жоғарыда айтып кеткені­міздей, үстіміздегі жылдың 1 қаңтары­нан бастап осы одақты қалыптас­тырудың нақты қадамы ретінде үш мемлекеттің ке­дендерінен өтетін тауарлардың бірыңғай тарифы жұмыс істеуге кірісті. Яғни Кеден одағы өзінің нақты мәнінде өмірге келді. Бұл одақтың өмірге келуі аталған үш мемлекеттің сауда-экономикалық саясатына елеулі өзгерістер енгізуді қажет етеді. Соның ең бастысы осы үш елдің ортасында тауарлар экспорты мен импортының баж салығынсыз жүргізілетіндігі.  Яғни осы үш ел шы­ғаратын және бір-біріне саудалайтын тауарлар мем­ле­кеттік шекаралардан өткен тұста олардан бұдан былай кедендік алым алынбайтын болды. Сонымен қатар осы үш ел Кеден одағына біріккен соң өздерінен тыс үшінші бір елге қатысты бірыңғай сау­да саясатын жүр­гізуге тиіс. Бұл саясат төмен­дегідей бағыттардан тұрады: бірыңғай кеден тарифтерін қарас­тыратын бірыңғай кедендік тарифтік саясат; тарифтік емес реттеудің бірыңғай шараларын бірлесе отырып қабылдап, өмірге енгізу; елдердің ішіндегі кеден заңдылық­тарының біріздендірілуі. Қазіргі күні Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптас­тыру жұмыстарын аяқ­тауға бағыттал­ған 38 халықаралық келісім қабылдан­ды. Мұның сыртында Кеден одағының аясында, ЕурАзЭҚ шеңберінде қабыл­данған 13 халықаралық келісім әрекет етуге кірісті. Кеден ода­ғының жұ­мысын ретке кел­тіріп отыратын негізгі органдар құрылды. Кеден одағының ең жоғарғы орга­ны Мемлекет басшылары немесе Үкімет басшыларының кеңесі болып табы­лады. Онда қабылданған шешім­дер­ді жүзеге асыру одақтың негізгі жұмысшы органы – Кеден одағы ко­миссиясына тапсырылады. Мем­лекет басшыларының 2007 жылдың 6 қазанында қол қойған келісіміне сәй­кес Кеден одағы комиссиясының шешімдері осы үш елдің мемлекеттік аумақ­та­рында бірдей қолданылады. Сонымен қатар комиссия тиімді жұ­мыс істеу үшін оған кедендік тариф­тік және тарифтік емес реттеу сала­сын­да бірқатар өкілеттіктерді беру жоспар­ланып отыр және жүзеге асу үстінде. Әрбір мемлекет Кеден одағы ко­мис­сиясына өзінің бір өкілін ұсынады. Ол өкілдердің әрқайсысы бір-бір дауысқа ие. Қазіргі күні осындай тәртіппен Кеден одағында үш өкіл жұмыс істеуге кірісті. Олар: Қазақстан жағынан – Қазақстан Республикасы Премьер-Минис­трінің бірінші орын­басары Өмірзақ Шөкеев, Ресей жағы­нан – Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орын­басары Игорь Шу­ва­лов, Беларусь жағынан – Бе­ларусь Республикасы Үкіметі Төра­ға­­сы-ның орынбасары Андрей Кобяков. Кеден одағын құру барысында аталған үш мемлекеттердің басшы­ла­ры­ның алдын ала жасалынған келісі­міне сәйкес онда Қазақстанға өтпелі кезең қарастырылған. Осы өтпелі кезең бойынша Қазақстан еліміз үшін неғұрлым қажетті деп табылатын 400-ге тарта импорттық тауарлар түрі бойын­ша неғұрлым төмен кедендік баж салығын белгілеу құқығын өзінде қалдырып отыр. Мұның өзі дәрі-дермек секілді бірінші кезектегі қажетті болып табылатын тауарлардың Кеден одағына кірмейтін шет мемлекеттерден елімізге бұрын­ғысынша арзан бағамен келуіне мүмкіндік береді.