Қазақстан • 10 Сәуір, 2020

Жұмаға қараған түні Алматыда бір науқас індеттен көз жұмды

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше, 9 сәуір күні түнгі сағат 23.50-де Алматыда жасанды өкпе желдеткішінде ауыр жағдайда жатқан 1956 жылғы әйел адамның қайтыс болғаны тіркелді.

Жұмаға қараған түні Алматыда бір науқас індеттен көз жұмды

Марқұм бұрын жұқтырғандармен байланыста болғандар қатарынан, оның індет жұқтырғаны 16 наурызда анықталған еді. Бұл науқастың басқа да кеселдері, атап айтқанда өкпенің созылмалы обструктивті дерті, жүректің созылмалы жеткіліксіздігі мен жүректің ишемиялық ауруы, стенокардиясы, артериялық гипертензиясы болғандықтан, ол 18 наурызда жансақтау бөлімшесіне орналастырылған.

Ем-дом қарқынды жүргізілгеніне қарамастан, полиоргандық жеткіліксіздіктің – тыныс алу, жүрек-қан тамырлары кеселдерінің өршуінен, жағдайы нашарлай түскен.

9 сәуірде қосымша кеселдері асқына келе, түнгі сағат 23.20-да қан айналымы тоқтады. Жарты сағат бойы жүргізілген реанимациялық іс-шаралар сәтсіз аяқталып, сағат 23.50-де көз жұмды.

Негізгі диагнозы: COVID-19 коронавирустық инфекциясының расталған жағдайы. Екі жақты полисегментті пневмониясы ауыр өткен. Екі жақты плеврит. Өкпенің ісінуі, Лайелла синдромы.

Сондай-ақ, бүгін  Алматыда тағы бір адам індет жұқтырғаны анықталды, жалпы бұл 122-ші жағдай. Бұл адам бұрын жұқтырғандармен болған 1967 жылы туған әйел.

Жағдайы пневмония салдарына орташа дәрежеде ауыр делініп отыр.

Бүгінгі күні инфекциялық стационарларда 96 науқас (1 облыстық), оның ішінде 4 бала бар. 72 науқастың жай-күйі қанағаттанарлық. 1 адамның жағдайы өте ауыр, 4-уінде – ауыр, 19 ересек адамның жағдайы орташа ауыр (1 облыстық).

26 адам коронавирустық инфекциядан сауықты.

Провизорлық орталықтарда 250 адам, оның ішінде 29-ы бала, 384 азамат карантиндік оқшаулауда, 5 306 адам үйдегі карантинде отыр.

 

АЛМАТЫ