Аймақтар • 10 Сәуір, 2020

Алматыда әскери жиынға 100 азамат шақырылды

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының қаулысына сәйкес жүзеге асқан әскери жиынға шақыру процесі Алматы қаласында қарқынды жүріп жатыр. Шараның  алғашқы кезеңінде қала бойынша жүз азамат жиынға шақырылады деп көзделген. Шаһардың сегіз ауданы бар десек, әр ауданнан 12-13 әскери міндетті іріктеліп алынды.

Алматыда әскери жиынға 100 азамат шақырылды

Алматы қаласы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы Амантай Өсербаев арнайы жиынға шақырылған азаматтардың жұмыс орындары  толықтай сақталатынын жеткізді. Жұмыс істейтін жандарға жұмысындағы орташа жалақы төленсе, жұмыссыздарға  да ең төменгі айлық мөлшерінде (42 500) еңбекақы төленбек. Оның сөзінше, алматыда арнаулы шараға баруға өз еркімен ниет танытып отырғандар  аз емес. Айталық бір аптаның ішінде 360 азамат өтінім білдірген.

– Әскери жиынға тек  қызметке жарамды азаматтар ғана шақырылды. Олар медициналық  комиссияның тексеруінен сүрінбей өткен, 60 жастан аспаған запастағы офицерлер. Әскери есепке алу орындарында кезекке тұрып коронавирус таралуына оңтайлы ахуал тудырмау үшін алдын ала жергілікті әскери есепке алу мекемелеріне телефон арқылы байланысу қажеттігі тұрғындарға барынша ескертілді. Тағы бір айта кетерлігі, арнаулы ережеге сәйкес үш баласы бар әскери міндеттілер аталған шараға  шақырылмағанымен, олардың жұбайларының нотариус арқылы келісімі болған жағдайда жиынға баруларына болады, – дейді Амантай Өсербаев.

Бір  ай бойы жалғасатын арнайы жиынға әскери міндеттілер өз үйлерінен қатынайды. Мемлекет тарапынан оларға түскі және кешкі ас тегін  беріледі. Департамент басшысы кезекті жиынның келесі кезеңдерінің уақыты белгісіз екенін, оны министрлікпен әкімдік белгілейтінін айтты. Осыған дейін қорғаныс министрі қазақстандықтардың неге әскерге шақырылғанын түсіндіріп, олардың немен айналысатынын мәлімдеген болатын.