Аймақтар • 10 Сәуір, 2020

Алматы: 23 472 азамат 50 мың теңге көлемінде көмек алады

792 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирус пандемиясына байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдауға арналған кешенді шаралар қолға алынғаны белгілі. Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында онлайн брифинг өткізген  Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы басшысының орынбасары Станислав Канкуров  жұртшылыққа нақты қандай көмек көрсетіліп жатқанын баяндады.

Алматы: 23 472 азамат 50 мың теңге көлемінде көмек алады

Партия өкілі мәлімдегендей, «Almaty Birgemiz» қоры аса мұқтаж азаматтарға, атап айтсақ аз қамтылған көп балалы отбасыларға (атаулы әлеуметтік көмек алатындар), бірінші топ мүгедектеріне, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, ең төменгі немесе базалық зейнетақы алатындарға (38 686 және 16 839 тенгеден төмен), тұл жетімдерге, Алматы қаласы бойынша жалпы саны 23 мың 472 адамға 50 мың теңгеден қаржы бөліп отыр.

Азаматтардың аталған санаттар бойынша тізімдері Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес жасалған. Егер көмек алушы аталған санатқа кіретін болса, онда ол адамға көмек автоматты түрде көрсетіледі. Ешқайда барудың қажеті жоқ. Ақша жәрдемақы немесе зейнетақы түсіп жүрген карточкаңызға «Almaty Birgemiz» қоры мен «Nur Otan» партиясының атынан смс-хабарландырумен бірге түседі.

– Бүгінгі күнге 21 мыңнан астам адамға қаржылай көмек көрсетіліп, жұмыстың 90% аяқталды. Қалған азаматтарға ақшалай көмек 5 күн ішінде түседі. Айтылған ақша айыппұл, несие және басқа да төлемдер есебіне ұсталмайды. Қор қаржысын бөлудің ашықтығын қадағалау мақсатында Қамқоршылық кеңес пен Тексеру комиссиясы құрылған. Қамқоршылық кеңестің құрамына көпбалалы аналардың, ерекше қажеттілігі бар адамдардың, ардагерлер кеңесінің, Еріктілер лигасы мен басқа да өкілдер енгізілді. Сондай-ақ, «Birgemiz» қоры тарапынан Алматы қаласына 2 млн. медициналық бетперде жіберіледі. Ол бетперделермен 40 мың мұқтаж қамтылмақ – дейді Станислав Канкуров.