Аймақтар • 11 Сәуір, 2020

Таразда тағы бір тұрғын үйдің кіреберісі карантинге жабылды

495 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Коронавирус індетіне байланысты жуырда ғана Тараз қаласы «Қарасу алқабы» шағынауданында тұрғын үйдің кіреберісі карантинге жабылған болатын. Енді бүгін тағы да Тараздың «Аса» шағынауданындағы көппәтерлі тұрғын үйдің кіреберісі карантинге жабылды. Онда 1975 жылы туған тұрғыннан коронавирус инфекциясы анықталған болатын.

Таразда тағы бір тұрғын үйдің кіреберісі карантинге жабылды

Қазір ол инфекциялық стационарға жатқызылып, қажетті ем-дом шараларын алуда. Жамбыл облысының әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, эпидемиологиялық тексеру барысында науқастың Нұр-Сұлтан қаласынан келген жақын туысымен байланыста болғаны анықталған. Онымен жақын қарым-қатынаста болған 3 адам карантинге орналастырылған.

Аталған тұрғын үйдің кіреберісінде және тұрғылықты жері бойынша дезинфекциялық өңдеулер жүргізілген. Сондай-ақ, осы кіреберістің пәтерлерінде тұратын 31 тұрғын 14 күнге оқшауланды. Оларға өз пәтерінен шығуға тыйым салынды. Сондай-ақ, ондағы жұмыс істейтін 3 тұрғынға уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы анықтама берілді. Олармен өзін-өзі оқшаулаудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кіреберіс маңында полиция қызметкерлері кезекшілік етуде. Тараз қаласының әкімдігі аталған үйдің карантиндегі тұрғындарын қажетті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуде.