Аймақтар • 11 Сәуір, 2020

Елім деп еңіреп туған ерлер көп

1052 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл тұжырым әскери міндеттілерді жасақтау кезінде айқындалды.

Елім деп еңіреп туған ерлер көп

Елбасына күн туса етігімен су кешер... деген нақылға бергісіз сөз бар халқымызда. Мұның мәнісі ел-жұрттың ауыртпашылық пен қиын-қыстау кезең туған кезде ер азамат қабырғаға қарап жата алмайды, бар күш-қайратын елдің еңсе тіктеуіне жұмсайды терең мағынаны меңзесе керек. Қазіргі жағдайда пандемия ел басына туған күнмен пара-пар болып тұрғаны белгілі. Бұл кезеңді елдің де, ерді де сыналар шағы десек, қателесе қоймаспыз. Оны сөзбен айтып жеткізгісіз ауыр сынақ кезінде елдік пен ерліктің үлгісін көрсетіп, отаншылдық сезімі мен қасиетін сөзбен емес, іспен дәлелдей білген азаматтарымыздың көп екендігі айқын көрінуде.

Соның жарқын мысалы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру туралы Жарлығына сәйкес аталған санатқа кіретін азаматтарды жасақтау кезінде айқын көрінді. аталған Жарлықта бұл іс негізінен әскери міндеттілердің өз қалаулары мен еркіне сәйкес жүргізілетіні көрсетілген.

Осы мәселеге қатысты Ақтөбе облысы бойынша әңгіме қозғар болсақ, Мемлекет Басшысының Жарлығы шыға салысымен әскери жиынға өз еріктерімен қатысуға әзір екендіктерін мәлімдеген ақтөбелік азаматтардың қатары өте көп екенін айтудың өзі бір мерей. 3 сәуірден бастап Ақтөбе облысының Қорғаныс Істері жөніндегі департаментінің Call-орталығына келіп түскен жүздеген қоңыраулар алдыңғы пікіріміздің айғағы. Бұған дейінгі жасалған талдаулар олардың дені бұрынғы әскер қызметшілер мен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері екенін көрсетеді.

Сондай-ақ Ақтөбе облысы әкімінің қауіпсіздік пен қорғаныс және әскери қызмет жөніндегі кеңесшісі Әділбек Құлтаевтың мәлімдеуіне қарағанда өңірде 300 ге жуық елім деп еңіреп туған ерлер әскери жиындарға қатысуға тілек білдірген.

Осы орайда өткен сенбі, яғни сәуірдің 11 жұлдызында Ақтөбе қаласында арнайы қабылдау рәсімі өткізіліп, оның қатарына облыс әкімдігінің Қаулысына сәйкес сайдың тасындай 100 жігіт іріктеліп алынғанын айтқанымыз жөн. Қолда бар деректерге сүйенсек, қалғандары резервте бола тұрмақ. Алдаығ күндерде олар қажеттілікке орай өз кезектері мен әскери жиындарға тартылмақ. Тағы бар ескерер жәйт Covid-19 дың тау жығардай екпіні тездетіп жатса, мұнда йқажеттілік туындамауы да мүмкін.

-Әдетте біз ер азаматтары отанды шексіз сүю мен патриоты атана білу, әрі қай кезде де оны қорғауға әзір болу керектігі жөнінде жиі айтамыз. Елдің жас жігіттері шын мәнінде осы парыз бен борыш үдесінен көріне ала ма? Бұған жайшылық уақытта көзіміз айқын жете бермейтін. Әйтсе де дәл солай болатынына үлкен сенім артатынбыз. Міне, сол сеніміміз бен сезіміміз алдамапты. Бұған әскери жиынға қатысуға өз еріктері бойынша тілек білдірген жүздеген ақтөбеліктердің жүрек қалаулары дәлел. Олардың өз бастарын болуы мүмкін қауіп-қатерге тіге білген еліміздің шын мағынасындағы адал ұлдары мен жанашырлары деп есептеуіміз керек. Солар мына тұрған сіздерсіздер. Жарайсыңдар, жігіттер, іске сәт! - деп тебірене сөйледі арнайы қабылдау рәсімі кезінде Ақтөбе облсының әкімі Оңдасын Оразалин.

Тағы бір жағымды жәйт арнайы әскери жиынға өз еркімен қатысуға тілек білдіргендердің дені бұған дейін алып жүрген жалақысына қоса мемлекеттен сол көлемде төленетін қаражатқа бола келмегенін түйсіндік. Солардың бірі көп балалы әке Серік Сыраж бұл шешімін өзінің азаматтық борышы деп есептейтінін айтып берді. Ол әскери жиынға қатысқаны үшін мемлекеттен төленетін қаражатты қайырымдылық қорына аударғанды жөн көріпті. Ақтөбеде мұндай шешімге келгендердің аз еместігі сүйсіндірмей қоймайды. Арнайы әскери жиын қатарына қабылданғандар әскери қорғаныс бригадалары мен полиция және төтенше жағдай құрылымдары құрамында залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге, қоғамдық тәртіпті бақылауға және күшейтілген карантин талаптарынан туындайтын өзге де міндеттер мен талаптарды орындауға кірісіп те кетті. Ендеше оларға өңір басшысы айтқандай тағы да іске сәт демекпіз!