Аймақтар • 12 Сәуір, 2020

Жамбыл облысы: Өңірдегі кәсіпорындардың өрісі кеңеймек

475 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде Жамбыл облысында да енгізілген карантинге байланысты шектеу шараларына қарамастан құрылыс материалдары мен конструкцияларын шығаратын жергілікті кәсіпорындардың резервтері мен мүмкіндіктерін нығайту қажеттігі туындап отыр. Осы мақсатта облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының бірқатар өндірістік кәсіпорындарын аралады.

Жамбыл облысы: Өңірдегі кәсіпорындардың өрісі кеңеймек

Ол әуелі «Гимарат Темір Бетон» ЖШС-нің өндірістік цехтарында, «Бином» компаниясының ірі панельді құрылыс комбинатында, сондай-ақ, гипс шығаратын зауыттарда болды. Мұнда құрылыс пен ауыл шаруашылығы саласында қажетті бетон плиталар, науалар, бағандар және басқа да бұйымдар дайындалады.

Кәсіпорын директоры Қалдарбек Сматовтың айтуынша, шығарылған бұйымдарды өткізуде ешқандай кедергі жоқ. Өнім цехтардан тұтынушыларға тікелей жөнелтіледі. Дегенмен, карантиннің жариялануына байланысты тасымалдауға қатысты бірқатар мәселелер туындағанын айтты. «Зауытта 150 адам еңбек етеді. Олардың еңбекақысы 90-100 мың теңгені құрайды. Мұқтаж жандарға материалдық көмек көрсетіліп тұрады», деді ол. Ал, Бердібек Сапарбаев басты міндет өндіріс қуатын арттыру, шығарылатын өнім көлемін еселеу екенін айта келіп, тасымалдауға қатысты мәселелердің шешілетінін жеткізді.

«Бином» ЖШС Жамбыл облысындағы ірі құрылыс компанияларының бірі. Меншікті көпфункционалды жаңғыртылған база, құрылыс техникасы мен автокөлік паркінің болуы, құрылыс бетоны, шыны пластиктің, ағаш және металл конструкцияларының өндірістері кәсіпорынға Қазақстанның оңтүстік аймағының кез келген нүктесіндегі жаңа құрылысты оң жолға қоюға мүмкіндік береді. «Біздің үй құрылысы комбинатының жылдық қуаты 30 мың шаршы метрді құрайды. Өткен жылы Тараз қаласындағы 15-шағын аудандағы екі тұрғын үй, «Қарасу» массивінде 4 жатақхана, 9-шағын ауданда тұрғын үй және Сүлейменов көшесінде бір үй пайдалануға бердік. Қазіргі уақытта «Бином» бес жобаны жүзеге асыруда. Соның бірі ретінде 9 қабатты ірі панельді тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп жатқанымызды айтуға болады. Сондай-ақ, 2020 жылы мемлекет есебінен 60 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салу жоспарланған», дейді аталған кәсіпорынның бас директоры Серік Олжабеков. Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев қалыптау және металлопластикалық цехтарында да болып, құрылысшылармен жаңа ғимараттардың жобаларын талқылады. «Мамыр айының бірінші күнінен бастап біздің облыста әлеуметтік нысандардың, оның ішінде тұрғын үй құрылысының қарқынды жұмысы басталады. Бұл істе біз сіздердің комбинаттарыңызға да сенім артып отырмыз. Сіздерде қуатты база, жақсы мамандар бар. Алайда, тұрғын үй салу кезінде бір ғана үлгімен шектелмеу керек. Ғимараттардың қасбеттері әр түрлі болуы тиіс және бұл ретте олар көз тартатын дизайн элементтерімен көрініс тапқаны маңызды. Балкондар да тек темір бетонды емес, тартымды болғаны дұрыс», деді деді Бердібек Сапарбаев. Ал, «КазУпакТрейд» ЖШС-нің техникалық директоры Сефеттин Хызаржы кәсіпорнының қызметі туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, кәсіпорын өнімдері тек облыста ғана емес, үлкен көлемде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына да жөнелтіледі. Ағымдағы жылдың үш айында 3200 тонна гипс шығарылған. Әкім бүгінде құрылысшыларға гипсокартон қажет екенін айтып, неге осындай өнімнің өндірісімен айналыспайтынын сұрағанда, Хызаржы осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатқандықтарын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Франциядан келген инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде екен. Егер уағдаластыққа қол жеткізілсе, өндіріс кеңейтіле түспек. «Бірақ бұл үшін бізге негізгі магистральға дейін темір жол тармағын салу қажет», деді С.Хызаржы. «Бұл орайда ешқандай мәселе туындамайды деп ойлаймын. Тиісті есептерді жүргізіп, ұсыныстарыңызды әзірлеңіздер. Біз «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында қолдау көрсету жолын қарастырамыз», деді әкім. Сонымен қатар, Б.Сапарбаев өнеркәсіп кәсіпорындарының басшыларымен кездесу барысында жұмысшылардың жай-күйіне аса назар аудару керектігін баса айтты. Олардың жалақыларының уақытылы төленуі және карантин кезеңінде инфекциядан жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. 

Жамбыл облысы