Таным • 12 Сәуір, 2020

Отбасының бақыты жарасымдылық

2264 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шариғат үкіміне сай құрылмаған отбасылық һәм жанұялық тәртіп түбі баянды болмайды. Әсіресе Алланың әмірін, жаратылыс заңдылығын білген пенделер жүйесіз өмір сүре алмайды. Адамның тұлғалық қасиетінің жақсы немесе жаман болып қалыптасуына әсер етуші фактор – отбасы.

Отбасының бақыты жарасымдылық

Бала кішкентай кезінде көрген-түйген дүниелерін кейін өзі бөлек отау құрғанда жаңа отанына алып барады. Және өзі көрген-ұққан дүниелерін өзінің бала-шағасына береді. Сол себепті, жанұя тәртібі, отбасылық тәрбие былай қарағанда мәнсіздеу дүние көрінгенімен, оның әулет, ұрпақ, ағайын, мемлекет, отан алдындағы маңызы өте терең.

Жағымсыз қылықтарға бой ұрған бір отбасының тәлім-тәрбиесі жұқпалы ауру сияқты ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса отырып, күндердің күнінде сол әулетті жоқ етіп тынады. Онымен қоймай, жағымсыз қылықтары көрші-қолаңға жұғысады. Сөйтіп, бір тәрбиесіз отбасының қылығы, күллі ауылды немесе әулетті бұзуы мүмкін. Атам қазақ осындайда: «Ұлың өссе ұлы жақсымен, қызың өссе қызы жақсымен көрші бол» деді емес пе!

Әрине, жанұядағы басты тұлға – ата-ана. Өзара тату ата-ана балаларын тәрбиелеу барысында қиналмайды. Балалары оларға бағынышты түрде айтқанын тыңдайды, бұйырғанын орындайды. Ислам үкімі бойынша, ата-анасын сыйламаған бала – зор күнәкар. Жанұялық тәртіптің бүлінуіне негізі себеп болатын дүние – отбасы мүшелерінің әр қайсысы өзіне жүктеген міндет-борышын дұрыс атқармауынан.

 Айталық, әке алқаш болса, әрі отбасына халалдан тағам тауып беріп, асырай алмаса, ондай әке – балаларынан адамгершілік қағидатын қалай талап етпек! Ана өз міндетін (шариғат бойынша балаға тәрбие беру негізінен анасының борышы) атқармаса, ондай жанұяның балалары жүгінсіз кетпей қайтеді.  Жанұя  – дегенміз адамның он екі мүшесі сияқты. Бас – ойлайды, қол – істейді, аяқ – жүреді, көз – көреді, құлақ – естиді, ауыз – сөйлейді т.б. Енді осы мүшелер бір-біріне бағынбаса не болмақ. Бастың ойлағанын – қол істемей қойса, аяқ теріс жүрсе, ауыз өзім білем деп албаты сөйлесе… ақыры не болмақ, ондай адам өмір сүре алмайды, мүмкін жынданып кететін шығар. (Алла сақтасын!). Жанұя да осы сияқты, әрбір отбасы мүшесі бір-біріне бағынбаса, әкені бала тыңдамаса, әке жөні түзу тәрбие бере алмаса, ол күйреген отбасы.

Демек, жанұя һәм отбасы бір-біріне бағынышты және бір-бірін толықтыру шартымен өмір сүреді. Егер де осындағы отбасылық өмір сүру әдебі дұрыс құрылмаса, ол да қателікке ұрындырады. Мысалы, отбасылық тәртіп қасаң қағидаларға негізделген болса, сол қағидаларды ақиқатқа балап, шырмауынан шыға алмаса, ондай отбасы өмір сүру айданын тартылтып, қабілетін тұншықтырып тастайды. Күндердің күнінде ол отбасы мүшелері амалсыз тізе бүгуіне тура келеді.

Сол себепті, әуелі жанұяның әрбір мүшесі өзін дара тұлға ретінде сезінуі керек.  Жанұяда елеусіз қалған тұлға қауіпі. Ол өз орнын таба алмайды. Ынжық, кері тартпа кепке түседі немесе «атың шықпаса жер өрте» дейтіндей әулетке пәле боп жабысады. Сондықтан жанұяның әрбір мүшесі отбасында «менің рөлім бар» деп айта алуы керек. Олай болмаған жағдайда, шет қақпайланған отбасы мүшесі басқа ортадан сенімді одақ іздей бастайды. Түбі әулеттен бөлініп дара кетеді. Сөйтіп, әулет бірлігі әлсірейді.

Жанұя өмірінде бір-біріне көмектесу, ісіне ортақтасу сезімі қалыптасқан жағдайда өмір сүру дағдысы жеңілдейді. Жанұяның ынтымақ-бірлігі нығаяды. Жанұядағы ортақ бірлікті сезінген, оның дәмін татқан адам оны сақтауға күшін салады. Ең маңыздысы отбасылық бірлікті ұрпаққа жалғастыруды үйретеді.

Жанұяда басқаларға жауапкершілік сезімін үйрететін адам ол – әке. Әке алдымен жұбайына үлгі болуы керек. Ата-ананың арасындағы татулық-сыйластық байланыс балаға өтеді. Ал, бала тәрбиесі ол дүниеге келген күнен басталады. Отбасылық тәртіп имандылыққа құрылған жанұя жоқшылық, тапшылықтың өзін нығметке айналдыра алады. Сол себепті балаға әуелі, жоқшылық арқылы өмір қиыншылығын жеңудің амалын үйрету керек. Балаларына ешқандай ауырпалық үйретпеу ол қателік. Ауыртпалық көрмеген бала, өзгенің көмегіне сенім артатын, өз мүмкіндігін пайдалана алмайтын күйге түседі.

Жақсы жанұя бақыттың отаны. Елі-зайыптылардың жарастығы бақыт ағашы болса, балалары оның жемісі. Мұндай жанұяға тап келген қиындықтың өзі жақсылыққа айналып кетеді. Өмірдің мән-мағынасын терең түсінбеген адам жанұясын діттеген жеріне жеткізе алмайды. Өмірдің терең мәні дегеніміз –  иман, Алланы бірлеу, екі дүние ісіне амал ету.