Қаржы • 12 Сәуір, 2020

Бір жылдық бюджетке қайта оралатын кез келді

288 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «2020 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджет туралы» 2020 жылғы 8 сәуірдегі № 299 Жарлығына қол қойды. 

«Әлемдік экономикадағы ағымдағы жағдайды, тауар нарықтарындағы баға конъюнктурасын, сондай-ақ әлемдегі коронавирус пандемиясын ескере отырып, 2020 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы нақтыланды. Бұл болжам және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шараларды іске асыру қажеттілігі 2020 жылғы республикалық бюджеттің параметрлерін нақтылауға негіздер болып табылды» деп хабарлайды Ақорда.

Бір жылдық бюджетке қайта оралатын кез келді

Ал өткен жылдың 28 қараша күні Мәжіліс депутаттары Сенаттың 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға енгізген өзгерістерімен және толықтыруларымен келіскен болатын.

Мұнай бағасының арзандауы, пандемияның әлемдік катаклизмге айналуы 2020 жылға арналған бюджетті тағы да нақтылап алудың қажеттігін алға тартты.   

Ал сарапшылар 1 жылдық бюджетке қайта оралатын кез келгенін айтып отыр. Себебі біздің елде кіріс көзі мұнайдан. Алдағы бірер жылда оның бағасы қандай болатынын ешкім білмейді. Қазір халықаралық рейтингті бағалау агенттіктері алдағы бірер жылда  бірқатар елдердің экономикалық жағдайы ауырлай түсетінін ашып айтып отыр. Біраз уақытқа дейін дағдарыс құрсауында қалатын елдердің қатарында Ресей мен біздің ел де бар.  Standard & Poor's және Moody's тәрізді экономикалық рейтингті бағалау агенттіктері  жуырда Ресей экономикасын  әлдеқашан «ВВВ-» деңгейіне дейін төмендетіп тастағанын айтқан. Сарапшылар тілімен айтсақ, бұл «қоқыс деңгейі» .

РФ үкіметінің экономикалық блогы жұма күні  үш жылдық бюджеттен бөлек қосалқы бір жылдық бюджет жобасын дайындауға кірісетінін айтты. Бұған қатысты отандық сарапшыларымыз Ресейдің бұл қадамының дұрыс шешім екенін айтып отыр. Себебі пандемиядан кейінгі экономиканың қалыптасу кезеңі кемінде екі жылға созылатынын айтады. Ай сайын қырық құбылып тұратын мұнай бағасы да үш жылдық жоспарлаудың бізге тиімсіз болатынын білдіріп қойды. Сарапшылар қазына қаржысы жыл сайын нақтыланып, оның параметрлері бір жылға бекітіледі де, қалғанын халық қалаулылары тек индикативтік нобай түрінде қабылдайтынын айтады.  Екі аралықта алдын ала нақтыланған бюджет бір-біріне сәйкес келмей қалады екен.

Қаржыгер  Ерлан  Ибрагим  мұнай бағасының түсіп жатқанын, жалпы әлемдік экономиканың құбылып тұрғанын ескерсек, бізге бір жылдық бюджет жобасын қайта қарастырудың кезі келгенін айтады. Бұл бізге алдағы уақыттың бәрінде тиімді деп айта алмаймын. Бірақ дәл қазіргідей өтпелі кезеңде керек. Қазір Парламентке үш жылдық бюджетті қабылдап, арқаны кеңге  салып жүретін күн өтті. Парламент уақыттың тамырын басып, сағат тіліндей күндіз-түні сартылдап жұмыс істеп тұру керек.  Пандемия әлемдік экономиканың бағытын 180 градусқа бұрып жіберді. Бізді алда мүлдем жаңа экономикалық саясат күтіп тұр.

«Көрші Ресей елі үшжылдық бюджетті қабылдап көрді, бір жылдан кейін мүмкін емес екеніне көз жеткізді. 2015   жылдан бастап   қайтадан  біржылдық бюджетке көшті. Қаржы дағдарысы жедел шешім қабылдауды қажет етеді. Мәселен, мұнайдың бағасы бір өседі, бір түседі. Қазір түсіп кетті. Бұл арада айту керек, үшжылдыққа белгіленген облыстарға берілетін субвенция ғана өзгермейді. Ал Ұлттық қордан алынатын трансферт өзгереді. Біржылдық бюджет Есеп комитетіне де тексерген кезде оңайға тиеді» дейді Ерлан Ибрагим.

Сондай-ақ Ерлан Ибрагим  республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге әлеуметтік маңызды нысандар салу үшін министрліктер арқылы берілген қаражат бөлетінін еске түсіріп өтті.  «Мысалы, Алматыда орта деңгейді мектеп салу үшін осыдан 2 жыл бұрын 1-2 млрд теңге кететін. Құрылыс заттары бағасы өсіп кеткендіктен бөлінген қаржы жетпей қалады. Қосымша қаржы сұраса «Бюджет кодексінде солай жазылған» деп жергілікті жерге итере салады» дейді Ерлан Ибрагим. 

Еске салсақ, жақында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсов спекуляцияға жиі ұшырайтын бүгінгі экономиканы болжау қиын екенін айта келе, ерте ме, кеш пе, «біз де бюджетті бір жылға жобалауымыз мүмкін» екенін айтқан. Депутат мұның себебін   бұл фактор  Үкіметке тереңірек жұмыс істеуге және түзетулерді дер кезінде қарауға және жан-жағымыздағы елдердің жағдайымен үйлестіруге мүмкіндік беретінімен түсіндірген. Тіпті үш жылдық бюджет енгізілген тұрақсыздық жағдайында  болатынын,  қазір мұны істеудің қажеті жоқ  екенін айтқан.

Сарапшылар мынадай құбылмалы заманда үш жылдық экономиканы болжаудың өзі өте  қиын екенін, уақыт біз тұрмақ, алпауыт елдердің болжамына бағынбайтынын, Ұлттық экономика министрлігі осы мәселеге назар аударуы керек екенін ескертіп жатыр.