Медицина • 13 Сәуір, 2020

Жаңа дәрі жасауға тәжірибе жеткілікті

187 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бір қарағанда биологиялық зертхана, сараптама орталық­та­ры­ның ғимараттары өте сұсты көрінеді. Бар құпиясын ішіне бүгіп, жұ­мысын жер-жаһанға жариялай бермейтін осынау жұмбақ ғима­раттардың ауласының өзінде «ауру-вирустар» қаптап жүр­ген сияқты. Жақындап кетсең, ауру жұқтырып алатындай үрей­лене қарайсың.

Жаңа дәрі жасауға тәжірибе жеткілікті

Әлемді әлекке салған әйгілі індет те рас болса, осындай тас қабырғалардың ішінен тара­ған деген әңгіме бар ғой. Содан ба, микроскоппен микроб бақ­қан, әрбір ісін сабырмен, ыж­да­ғаттылықпен жасайтын қыз­мет­кер­ле­рінің өздері де тым сұсты. Әлде аппақ киініп, аузы-басын тұм­шалап алғаннан кейін солай көріне ме? Әйтеуір, осынау биік қор­ғандардың ар жағында небір сұм­дықтар болып жатқан сияқты.

Иә, біздегі биотехнологиялық орта­лық туралы да ел ішінде түрлі әңгі­мелер бар екені белгілі. Интернеттен мың бір бәлені көрген қарапайым адамдардың өзі кейде дәрігерлерді састырып тас­тайтыны бар ғой. Көп біл­ген­нен кейін көп нәрсеге кү­дік­­пен қарайды. Осындай меке­ме­лер­ге жұрттың көзқарасы бір­түр­лі екенін Ұлттық биотехно­логия орталығының бас директо­ры Ерлан Раманқұловтың өзі де жасырмайды. «Тіпті біздің орта­лық­та америкалық әскерилер нем­есе ғалымдар жұмыс істейді екен, олардың мақсаты не, немен айна­лысады екен деген сияқты әңгі­мелерді мен де естігенмін. Ше­тел­діктер жасап жатқан дү­ние ел тұрғындары үшін зиян емес пе?» деп те сұрайды бізден. Бірден айтайын, бізде ешқандай америкалық әскерилер немесе ғалымдар жоқ. Ондай жоспар да, жоба да жоқ, біздің елдің адамдары бейбіт мақсатта ғана жұмыс істеп жатыр», дейді бұл жөнінде Е.Раманқұлов.

Шынын айту керек, жұртты үйіне қуып тығып, өзі емін-еркін ел аралап жүрген коронавирус екі өкпемізді қысып, тынысымыз тарыла бастаған кезде ғана біз Ұлттық биотехнология орталығы мен Масғұт Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғы­лыми орталығының жұмы­сы­­мен бірсыпыра танысып ал­­дық. Бұрын бар-жоғы білін­бейтін бұл орталықтар біраз­дан бері қауіпті індетке қарсы күресте жан аямай еңбек етіп келеді екен. Жақында ғана ел Пре­зи­де­нті Қасым-Жомарт Тоқаев осы екі орталықтың ұжым­да­рын COVID-19 коронави­ру­сын анық­тау­ға арналған диаг­нос­тика­лық тест жүйесін әзірлеуімен құт­тық­тады.

Диагностикалық тест жүйесі дегеніміз не? Ұлттық биотехно­ло­гия орталығының бас директоры Е.Раманқұловтың айтуы­на қарағанда, COVID-19 ко­ронавирус ауруын жедел анық­тауға мүмкіндік беретін сенім­ді жоғары сезімтал тест-жүйе­сін әзірлеуге бес күн уақыт кеткен. «Бұл тест дәріханада сатылмайды. Жеке адамның өзі пайдалана алмайды. Ол үшін арнайы құралдар, дайындалған мамандар керек. Сондай-ақ дәрігерлердің өздері жұқтырып алмау үшін де сақ болу қажет. Сондықтан бұл тест-жүйе арнайы зертханаларда ғана жасалады. Ең алғаш індетті жұқтырды деген 250 науқас осы тест жүйесі бойынша тексерілді. Кейінірек қайтадан тексер­дік. Ешқандай қателік бол­мады. Біздің тест сынама кезінде 5-тен 10 млн-ға дейінгі вирусты көреді. Бұл өте жоғарғы сезім­талдық. Қазақстандық тест-жүйенің тиімділігі мен жоға­ры сезімталдығы Ресей және Қытай диагностикумдарымен салыстырғанда расталды. Яғни, бұл тест шетелдік аналог­та­рынан қалыспайды. Тіпті кей­бі­рінен артық десек те болады», дейді бұл жөнінде Е.Раманқұлов.

Жалпы, бұл тест жүйені жасау тым қымбатқа түспепті. Жұмыстың алғашқы бөлігін орта­лық өз қаржыларына ат­қар­са, кейін Денсаулық сақтау ми­нистрлігі қолдау көр­сетіп, жұмыстың екінші бөлі­гін қар­жыл­андырды. Кейде нау­қас­тар COVID-19 коронавирусымен емес, осыған ұқсас дертке шалдығуы мүмкін. Немесе алғашқы кезде адам баласының бойында осы індет белгілері байқалмауы да мүмкін. Бұл тест осыны жеңіл ажыратады. Яғни, вирус мөлшері өте аз болса да, тез анықтайды.

2005 жылы қазығын қақ­қан Ұлттық биотехнология орта­лы­ғында бүгінде 300 қыз­мет­кер жұмыс істейді. 14 зертханасы және Степногор, Алматы қалаларында филиалдары бар. Ұжымдағы ғалымдардың орташа жасы 35-ті құрайды. Орталықтағы 2 академик, 14 PhD, 14 ғылым докторы, 34 ғылым кандидаты тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа дүниені өндіріске енгізуде жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүр. Міне, енді бұл орталық Биологиялық қауіпсіздік пробле­маларының ғылыми-зерттеу инс­титутымен бірлесе отырып COVID-19 коронавирусына қарсы вакцина жасау ісіне кірісіп кетті.

Осы тұста «Дәрі жасау қан­ша­лықты қажет, шетелден сатып ала салмаймыз ба?» деген сұрақтың туындағаны да рас. Оның астарында қазақстандық ғалымдар сапалы дәрі жасай ала ма деген күдіктің де тұрғанын жасыра алмаймыз. Қазір COVID-19 коронавирусы сияқты инфекциялық аурумен күресудің екі-ақ жолы бар. Бірінші – диагностика, екіншісі – профилактика. Яғни, анықтау және сақтану. Бұл індетті ауыздықтайтын нақты вакцина жоқ. Егер вакцина болса жұқтырған жандардың барлығына беріп, сауықтырып алу қиынға түспес еді. Негізі коронавирустың да түр-түрі бар. 2002 жылы осы індеттің SARS-CoV деген түрі тараған кезде оны жұқтырған науқастардың әрбір оныншысы о дүниелік болды. Одан 2015 жылы MERS-CoV деген түрі шығып, оны жұқтырған әрбір үшінші адам қайтыс болады. Бірақ бұл екі түрі де аса жұқпалы болмады, карантин жарияланғаннан кейін көп ұзамай жойылып кетті. Ал енді бұл жолғы түрі эпидемияның шеңберінен шығып, пандемияға алып келді. Сондықтан бұл жерде ойлануға уақыт жоқ. Вирустың тез таралуы, оның ауа райына төзімділігі ойлануға уақыт бермей отыр. Сосын әлем жаңа дәрі жасауға жабыла кірісіп, қайсысы алдымен жасаса, басқалары таласып-тармасып сатып алуға тас-түйін дайын отырғаны бесенеден белгілі. Мұндай жағдайда Қазақстанға кезек жақын жылдарда тимейді. Әлем ғалымдары жаңа дәріні ойлап табуы мүмкін. Бірақ ол елдер алдымен өздерінің науқастарын емдеу үшін, өз қой­ма­ларын толтырып алуға кіріседі. Яғни, жаңа дәрі саудаға шығып, біздің елге жеткенше ұзақ уақыт өтеді. Сондықтан дәрі жасауға өзіміз кірісуіміз керек.

Әдетте әлемдік тәжірибеде дәрі жасау кемінде бес жылға созылады. Сосын ол дәрісін тағы бес жыл бойы тәжірибеден өткізуі тиіс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қар­а­ғанда қазір коронавирусқа қар­сы 60-тан астам вакцина ұсы­ныл­ған. Соның ішінде бір-екі аптаның ішінде дүниеге кел­ген­де­рі де бар екен. Жалпы алғанда, жаңа дәрі жасап шығу үлкен қар­жы­ны талап етеді.

Қалай айтсақ та, қазақстандық ғалымдар да жаңа дәрі ойлап табу жолында өз бақтарын сынап көрмек. Бұған олар бір-бір жарым жыл кетеді деп жоспарлап отыр. Біздің ғалымдар коронавирусты анықтайтын тест-жүйені жасап жатқан кезде де «Мұның не қажеті бар, коронавирус өтеді де шығады, бұл жасалынған дүниенің барлығы бекерге қалады ғой» деген де әңгімелер айтылып, қаншама түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бірақ бұл індет олар ойлағандай жеңіл-желпі желіп өте шыға салмады. Қазақстанның бұл саладағы ғылыми-техникалық тәжірибесі жеткілікті. Отандық медицина ғылымы жаңа белес­ке, қазақстандық дәрі жасау­шы­лар жаңа дәуірге аяқ бас­ты. Елдің бойындағы үрейін сейілтіп, жүрегінде үміт отын жаға білген ғалымдарымызға сәттілік тілейміз.

Соңғы жаңалықтар