Қоғам • 13 Сәуір, 2020

300 азамат қызмет етуге әзір

136 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығына сәйкес Батыс Қазақстан облысында 300-ге жуық адам арнаулы жиынға қатысуға ниет білдіріп отыр.

300 азамат қызмет етуге әзір

Мемлекет басшысы, Қазақ­ста­н Қарулы Күштерінің Бас қол­бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жар­лығын орындау мақсатында Батыс Қазақстан облы­сында да дайындық жұ­мыс­­тары атқа­ры­лу­да. Мем­лекет басшысының ш­ақы­руын ақжайықтықтар қызу қолдады. Жарлық шыққан күн­нен бері 300-ге жуық батыс­қаз­ақ­стандық азамат өз еркімен ар­наулы жиынға баруға өтініш білдірді.

Шақырылатын әс­ке­ри міндеттілердің санын және арнаулы жиындарды өткі­зу мерзімін әр өңірдің ішкі қажет­­тілігіне қарай жергілікті атқа­рушы орындар шешеді. Әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру үш айға дейін созыл­уы мүмкін. Қазіргі таңда тиісті құжаттар дайындалуда.

Арнаулы жиындарға алынушылар облыс аумағында төтен­ше жағдай талаптарын сақ­тау­ға, зарарсызданды­ру шара­ла­рын өткізуге, блок-бекет­тер­де және қала ішінде пат­рульдік кезекшілік атқаруға жұ­мылдырылатын болады. Сон­дық­тан өтініш біл­ді­ру­ші­лерд­ің ішінде бұрын зарарсыздандыру жұ­мыс­тарына қатысы бар мамандарға, медициналық салада жұмыс істегендерге, Ұлт­тық ұланда, қалалық патруль­де әскери қызметін өте­ген­дерге көңіл бөлеміз. Әрине ниет білдіргендер комиссиядан өтсе ғана әскери қызметке қа­был­да­на­ды. Олар Қазақстан Қарулы Күштері қатарына енгізілгеннен кейін «Әскери қызмет және әс­ке­ри қызметші туралы» заңына сәй­кес әлеуметтік сипаттағы бар­лық жеңілдікті пайдаланады.

Жақында ғана Қапшағай гарнизонынан 150 әскери қызметші Орал қаласына әкелінді. Олар бір­ден облыс орталығында де­зинфекциялық шараларды ат­қаруға атсалыс­ты. Қазір қала мен облыс аумағындағы блок-бе­кеттерге, қала ішіндегі пат­рул­ьдік күзетке көмектесіп жатыр. Жағдай толық бақылауда.

Отан қорғау – Қазақстан Рес­пуб­ликасының әр азама­тының абыройлы борышы. Соның ішінде ел басына күн туған сәтте, бүкіл әлемді әбігерге салған коронавирус індетімен күресте әскери міндетті азаматтар өз еркімен алдыңғы шепке шығуы заңды. Сондықтан арнаулы жиындардың құрылуы – тек қажеттіліктен туған мәсе­ле емес, патриоттық шара деп есептеймін. Бұл біздің бірлігімізді, отан­шыл­ды­ғымызды көрсетеді. Біз бір бол­сақ, кез келген қиындықты жеңіп шығатынымыз анық.

 

Мақсат МҰҚАНОВ,

полковник, Батыс Қазақстан облысы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі