Қазақстан • 13 Сәуір, 2020

Алып ұшақ Алматыға қонды

349 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлемдегі  ең үлкен ұшақ Ан-225 «Мрия» туралы не білесіз? Ол бір мезетте 200 тонна жүк тасымалдай алады. Қанатының ұзындығы 88 метр. Күні кеше Украинадан Қытай еліне бағыт алған аспанның алып құсы Алматы әуежайына жанармай құю үшін қонды. 

Алып ұшақ Алматыға қонды

Авиация саласының әуесқойлары әлеуметтік желіде әуе кемесінің Алматыға аялдағанын жарыса жазды. Есте болса, аты аңызға айналған ұшақ бұған дейін де Алматы халықаралық әуежайына екі мәрте тоқтаған. Көкті тілген аспан самұрығы алатау баурайына соңғы рет 2015 жылдың желтоқсан айында дамылдаған еді. Украина көлік стратегиясы орталығы хабарлағандай, бұл – Ан-225 «Мрияның» 2018 жылдың  күзінен бергі алғашқы сапары.

Әйгілі борт бұл жолы  Қытайдың Тяньцзинь әуежайынан короновирус пандемиясына қарсы күрес құралдары мен медициналық жабдықтар тізбегін  жеткізу  үшін жолға шыққан.

«Әлемдегі ең ірі жүк көлігі Қытайдан 7 млн Р2 маскасы мен жүз мыңдаған қорғаныс костюмдерін жеткізбек. Жеткізу операциясын KGHM Polska Miedź және Grupa Lotos польшалық компаниялары ұйымдастырып отыр» деді әуежай қызметі.

1984-1988 жылдары Киев  механикалық зауытында жобаланған аса ауыр  жүк тасымалдаушы  ұшақты  О.К. Антонов атындағы тәжірибелік-конструкторлық бюро жасап шығарған.  Сағатына  850 шақырымды артқа тастайтын Ан-225 «Мрия» алғаш рет әуеге 1988 жылдың желтоқсан айында көтерілген.