Жүзге тарта бишісі бар балетмейстер әрқайсысымен ватсап арқылы байланысқа шығады. Би әдістерін үйрететін бейнебаян түсіріп, әлеуметтік желілерде бөліседі.
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Мәдина Бекетқызы өз мамандығын шексіз сүйеді. Шәкірттерінен де соны талап етеді. Елде жарияланған карантинге қарамастан, аптасына үш мәрте «Көкшетау» мәдениет сарайының балет залына келеді. Әр онлайн сабағының ұзақтығы 10-15 минут. Аптасына екі мәрте бисүйер қауым хореографтың дәрістерін мәдениет сарайының сайты мен инстаграм желісінен көре алады. Тәлімгердің айтуынша, биші қыздармен бірге ата-аналардың да бұл өнерге қызығушылығы оянуда.
– Елдегі қазіргі жағдайға байланысты адамдар үйлерінде отырғанда ұлттық мәдениетімізді, тарихымызды білгені, шығармашылық ұжымның қалай билейтінін көргені қызықты болады деп ойлаймын. Әрі білім көкжиегін кеңейтеді. Күні бойы үйде зеріккендер үшін мұндай сабақтың пайдасы зор болады деген ойдамын. Бізбен бірге билеңіздер, – дейді «Көкшетау» ұлттық би ансамблінің жетекшісі Мәдина Тілеулина.
Несі бар, қарап отырғанша қарекет еткен жақсы.
КӨКШЕТАУ