Руханият • 14 Сәуір, 2020

Қан майданда қажымаған Қарагер

648 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жылқы жайлы жазып жүргендіктен, ұнамды дүние көзге шалынса, оны көңілге түйіп көпшіліктің алқауына ұсынатын әдетіміз бар. Жуырда ІІ дүниежүзілік соғыс ардагерінің аузынан жазып алған Федоссевич дегеннің естелігін оқыдым. Онда қазақ жылқысы жайлы жақсы мәлімет айтылыпты.

Қан майданда қажымаған Қарагер

Соғыс басталған 1941 жылдан бастап, май­данға мыңдаған жылқы мобилизацияланды. Табиғи болмысынан айырылмай, қатаң һәм ауыспалы ауа райына көндігіп, үйір эволюциясын қатаң сақтау арқылы түп түйсігі мен ақылы аман сақ­талған дала жылқысы қан майданда осы қасиет­терімен жауынгерлерді қайран қалдырған екен.

– Жан баласы төзбейтін қақаған қыс болатын, командир «майданға келген жылқылардан мініске ат алыңдар» деп бұйырды. Барып көрсек, бұл жылқылар бойы аласа дала жабылары екен, – деп әңгімесін бастаған қарт майдангер әрі қарай: тұрқы қысқа аттарға солдаттардың көңілі толмады. Мен қалың жылқының ішінен қарабойлы қарагер атты таңдап мініп алдым. Рота солдаттары мені «Есек мінген Дон Кихот» деп әжуа­лайтынды шығарды.

Біздің ротаның міндеті барлаушылық болған­дықтан ит тұмсығы өтпейтін ну орман мен адам баласы аяқ баспаған ми батпақты жерлер­мен көп жүретін едік. Бір жолы неміс әскерінің тосқауылына тап болдық. Қайран Қарагерім мені қарша бораған оқтың астынан аман алып шықты. Жарықтықтың қос құлағын жымпитып, бұта-бүргенді жастанып, ұра-жыраны паналап, қарағай-қайыңды саялап жер бауырлап шапқанын көрсеңіз ғой. Құйындай құйғытқанда ердің үстінде зорға отырдым.

Барлауға шыққанда қарагерді бірге алып жүреміз. Ол ми батпақты иіскеп көреді де, адам ба­тып кетпейтін таяз өзекті қуалап жүріп отырады, біздің міндет одан қалмай ілесіп отыру. Басқа жігіттер таңдап мінген биік аттар ми батпақта болдырып, ақыл-есінен адасып, жүрісінен жаңылып шаршағанда серейіп-серейіп жатып қалатын. Қол тоқпақтай қарагерді солдаттар «моңғол» деп атайтын болды. Оның атағы күллі дивизияға жайылды.

Кезекті бір шайқаста майдандас досымның атына оқ тиіп, өзі жараланып оқ пен оттың ортасында қалып қойды. Мен оны құтқару үшін кері бұрылып шаптым. Терең қазылған окоптардан ырғай шапқан қарагер жаралы солдатқа жеткенде оның дәл қасына жартылай жамбас­тап жата қалды. Қолым солдаттың жағасына ілікті. Оны солқ еткізіп өңгеріп алдым да қарагер екеуіміз келген ізбен қайта шаптық. Бертінде бір кітаптан «дала жылқылары иесі қасқыр қуғанда бөріні соқтыру үшін жантайып жағдай жасайды» дегенді оқыдым да, қарагердің далалық түйсігін түсінгендей болдым.

Соғыс аяқталғанға дейін Қарагердің арқасын­да барлаушылардың қасқа маңдайында жүретін болдым. Күнделікті нормаға берілетін тәтті мен нанды атыма жегізіп, арағын өзім ішіп... екеуміз қатарласып ұйықтаймыз. Оның иіс сезуі иттен де артық еді. Қалтама тәтті мен нан тығып қасына таяғанымда дереу иіскеп біле қоятын.

Уақыт өте келе менің «Есек мінген Дон Ки­хот» атым өшіп, басқалар «Сиқырлы ат мін­ген Илья Муромец» дейтін болды. Солдаттар қа­қаған қыста мініс аттарына шөп іздеп қиналса, Қарагерім қасат қарды тұяғымен тарпиды да астындағы шөпті үңгіп жеп алады.

Сөйтіп қарагер менің ең жақын майдандас серігіме айналды. Талай рет өлімнен құтқарды. Соғыс аяқталған соң оны Мәскеу маңындағы жылқы шаруашылығына өткіздім. Сондағы менің еңірегенімді көрсеңіз ғой, жарықтық Қара­гер де жылап тұрды. Естелік болсын деген ниетпен жалынан бес тал қыл жұлып алдым да, кете бердім...

Өз басым үздіксіз ізденістің нәтижесінде Қарагердің қайдан шыққаны, қай өлкенің құлыны екені жайлы мөлшер-сұлбасын анықтадым. Реті келгенде оны да айта жатармыз.