Руханият • 14 Сәуір, 2020

Қазақтың тыйымдары

823 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлтымыздың ұлы ұғымдары, қастерлі қасиеттері аз емес. Соның бірегейі – қаза­ғымның тыйымдары. Жақсыға жақын жүр, пенделік қылықтан бо­йыңды да, ойыңды да аулақ ұста, адамдықтан кетпе, адалдықты сақта, соны серік ет, одан кетсең надандықты қойып, айуандықтың күйін кеше­сің дейтін үлкендер. Осындай кісілік пен кішілікті ұқтырар ұғымның арғы жағында кемел бол, кең бол, кем болмайсың, үлкенді танып, кішіге қарай­лассаң, теріс мінезден аулақ жүрсең қарғаға тән күйкілік қалып, ертең-ақ қыран тірлікпен самғайсың деген ғаламат ғақлия жатқанын кейін білдік.

Қазақтың тыйымдары

Қазақ тыйымдары – асыл қасиет­терді танып-білуге арналған бабалар өсиеті, тәрбие құралы деуге тұра­тын құндылық. Әр сөздің астарында том-том кітапқа татитын керемет қағидалар бар. Тереңдеп барсаң дүние­­танымыңды тарау-тарау жолға бас­­тайтын ой қайнарлары бастау суын­дай шымырлап жатады.

Мысалға жүгінелік: «Бос бесік­ті тер­­­бетуге болмайды; жаңа туған бала­ның кіндігі қатқанша, күн бат­қаннан кейін оттың күлін шығар­майды; басты шайқауға, тісті қайрауға бол­майды; отпен ойнама, от басын сабама; құс ұясын бұзба; таңдайыңды қақпа; басыңды шайқама; көкке, желге қарап түкірме...» – осылай кете береді.

Бұл арада біз қазақ тыйымдарын басқалар білмейді деген ойдан аулақ­пыз. Бірақ бабалар үлгісіндегі тыйым қарғадайымыздан жанымызға дарып, ойымызға қонбаған соң ба, көп мән бере қоймайтынымыз ақиқат. Шынына келсек, тыйымдардың түп­-тамырында тәрбиелік қағидалармен қатар, темірдей тәртіп те жатыр. Ол заңмен, оның сан тарау бабымен емес, қысқа да нұсқа түйінімен түйінделген.

Оны бұрынғы жақсыларымыз баласы ес кіргеннен санасына сіңіріп, айталық бос бесікті тербетудің жақсы ырым еместігін, басты шайқау, тісті қайрау жүйке сыр бергендігінің белгісі екендігін, көкке, желге қарап түкіру – түкірігің өз бетіңе келіп тиеді деп, тәртіп бұзбай жүруге үйреткен.

Осы күні бұл тәртіпті әлсіреттік. Әр үйдегі бір-екі бала не айтса соны орындап, заң қағидасындай қалып­тастырып алғанымыз да рас. Өзім білемдік осыдан шығып жатыр.

Ертең ұрпақты жат қылыққа ұрындырып алмас үшін бүгін бүтін іс істемей, жартыкештікпен «жарыл­қасақ» ертең өкіну былай тұрсын, опынып қалуымыз мүмкін.

Қанында, жанында, ділінде бар ұлттық тәрбие ғана халық қабырғасын қатайтады. Кімнің де болса сүйегімен бірге жаралған қасиет жыл ғана емес, ғасырлар өтсе де жойылмайды, бір тү­йіршігі сәтін салғанда көрінбей тұр­майды. Иә, заманның өзгеруіне бай­­ланысты кейінгі болмыс уақытша жел­­пін­генмен – түптің түбінде тек та­мы­­­рына тартпай, тіпті таппай қой­май­ды. Оны айтасыз, өзге ұлттың өкілі сана­лып кеткен атақтылардың ар­ғы жа­ғы­на үңілгенде, тамырындағы бір қа­сиет бабаларында бар жаратылыс­пен ұш­тасып жататынын тарих таразысы екшеп, ақиқатын алға тартып келеді.

«Қызға қырық үйден, қала берсе қара күңнен тыйым» дегенді елемей, оны айтатын ана мен әке күнкөрістің қамы­мен кетіп, біраз қыздарымыз жаман атқа ілінді. Бұл үшін олардан бұрын өзімізді жазғыруымыз керек секіл­ді. Алдыңғы толқын өзінің айбыны­мен көрініп, ұлттық тыйыммен тәрбие беріп, тәртіпті жолға сала алмаса, жас шыбықтың бір жағына қарай бұрала өсуі табиғи құбылыс демеске шараң қайсы.

Біз көбінде еркіндікті желеу етіп, өзіміз де, ұрпағымыз да еркелікке ұры­нып, тәртіптен ауытқып, тәрбие­ден көз жазып қала беретініміз жасы­рын емес. Әркім өзі біледі деген «қағи­даны» желбегей жамылып, ұл-қызды бетімен жіберуден тапқан пайдамыздан гөрі, зиянымыз көп. Оның салдарынан құтыла алмай әлек болып жүргенімізді де жоққа шығара алмаймыз. Мұндай жүйесіздік жүйкені тоздырары да сөзсіз.

Егер ұлт тағылымы әр қазақтың бойында тұрса, тыйымдар көңіліне орнықса жат қылықтар тыйылары­на иманымыз кәміл. Оған арғы бүтін қазақтың тірлік-тынысы мысал бола алады.

Иә, заманды көлденең тартып, бірімізді біріміздің жазғыратын, басқаларға кінә артатын тұстарымыз да жоқ емес. Бүгінгі таңда әлемді уы­сында ұстап отырған дерт жағаға ұм­ты­лып жағаласып жатқан тұста бізге кінә­ласу мен күнәласу күпірліктей көрі­неді. Бір болу, бекем болу ғана сын сағаттан алып шығатыны күмән­сіз. Бұл сынақ алдында ұзынды-қыс­қалы бес саусақ емес, білек, жылы жүрек керек болып тұр. Бұрында қазақ көп сұм­дықты көрген. Бізге бүгін оны айту міндет емес, елдің бірлігін көрсе­ту, сол арқылы сыннан сүрінбей өту па­рыз­дың парызы. Бұл кейінгі ұрпақ үлгі етер ұмытылмас тірлік. Осымен та­рих бетінде, ұрпақ есінде қалуға болар.

Осы жерде қазақ тыйымдарын­дағы тәрбие мен тәртіпке шақырған қағи­даларды көкейімізде жаңғыр­тып, онда кие мен құттың барын ұқсақ ұтылмас едік. Қай-қайсымыз да: «Үйге оң аяғыңмен кір, құт қонады; ұрлық, зорлық қылма, құрдымға кетесің; баланы шошытпа, атқа теріс отырма; адамға қарап қолды шошайту әдепсіздік болып табылады; ас ішіп болған соң «тойдым» деме, қанағат де; босағаны керме, табалдырықты баспа...» басқа да халықтық қағидатқа ден қойсақ, ұлтты ұлт ететін өзгенің өзім­шілдігі, әлем-жәлемі емес, өз құн­дылығымыз десек, қане. Тыйымға тыйылған, құндылықты құнттаған ұлт адас­пайды, жолынан ауытқымайды.