Аймақтар • 14 Сәуір, 2020

«Парктер шеруі» табиғат қорғау акциясы жалғасады

908 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парктер шеруі – халықара­лық деңгейде жыл сайын табиғатты қорғау мақ­са­тында өткізілетін акция. Акцияның шығу тарихы­на тоқталар болсақ, 1840 жылы Дж.Стерлинг Мор­тонның АҚШ-тың Неб­раска штатына келуінен басталады.

«Парктер шеруі» табиғат қорғау акциясы жалғасады

Ол жаңа қоныстағы алқапта тұрған жалғыз ағашқа көзі түсіп, әйелі екеуі ағаш отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын бастаған болатын. Кейінірек Мортон Небраска штатындағы газеттің редакторына абаттандыру күніне арнап тұрғындардың ағаш көшеттерін отырғызу күнін өткізуді ұсынды. Бұл бастама кеңінен қолдауға ие болды. Ең алғашқы ағаш күнінде штат тұрғындары миллионға жуық ағаш отырғызды.

Мортонның туған күніне орай 1882 жылы 22 сәуір – ағаш отырғызу күні ретінде ресми жарияланды. Ал 1970 жылдан бас­тап Жер күні қоршаған ортаны қорғау және экологиялық білімге арналған мерекеге айналған болатын. Осы аяда «Парктер шеруі» халықаралық мерекесі 1990 жылдан басталды. Оған 141 елден 200 миллион адам қатысты. 90-жылдардың басынан бастап Жер күні – «Парктер шеруі» деген мағына берді. 1995 жылдан бастап оған Ресей қорықтары мен ұлттық парктері қосылды. Ал 1997 жылы парктер шеруі бұрынғы КСРО-ның барлық аумағында – Украина, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Түркі­менстан, Тәжікстан және Өзбек­стандағы 150-ден астам парктерде өткізілетін болды.

«Алтын-Емел» мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркі мекемесі 2013 жылдан бастап осы Парктер шеруі акциясын өткі­зіп келеді. Биыл бұл шараны елі­міздегі төтенше жағдайға бай­ланысты онлайн режімде өткізуді жоспарлап отырмыз. Биыл оқушыларға онлайн-тапсырмалар беріп, танымын кеңейтуді ойластырдық. Үздік шығарма мен жауаптар иесіне екі күндік жолдама сыйлаймыз. Жеңімпаз «Алтын-Емелдің» ғажап табиғатымен танысып, қорықшылардың тіршілігін бақылайды»,  дейді «Алтын-Емел» МҰТП бас директоры Қалық Баядилов.

 

Алматы облысы