Келе жатқан Ұлы Жеңістің 65 жылдығы барысында Ұлы Отан соғысында қан төккен ардагерлер, ел қорғау ісінде қаһармандық танытқан әрбір қарт жауынгер құрмет пен ізгіліктен тыс қалмауға тиісті.Әр жыл сайын халық асыға күтетін Жолдау биыл әдеттегіден ертерек жасалды. Менің ойымша, мұның басты себептері Елбасы Жолдауында көрсетілген және жүзеге асырылуға тиісті міндеттердің көпшілігі үстіміздегі жылы жүзеге асуға тиісті, тіпті сәуір айынан бастап шәкіртақылар мен бюджеттегілердің еңбекақыларын 25%-ға өсіру қарастырылды, демек Қазақстан Үкіметі үшін уақыт қымбат, ұзын арқау, кең тұсауға сала беретін заман емес.
“Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деген бас тақырыппен жарияланған Жолдау негізінен алғанда алты бағытты қамтып отыр. Аталған бағыттар реті төмендегідей: “2010 стратегиялық жоспарын іске асыру – ел дамуының аса маңызды шебі”, “Дағдарыс кезеңі – дұрыс шешімдер қабылдау уақыты”, “2020 стратегиялық жоспары – көшбасшылыққа қазақстандық жол”, “Адам – елдің басты байлығы”, “Ішкі саяси тұрақтылық – 2020 стратегиялық жоспарын іске асырудың сенімді іргетасы”, “Сыртқы саясат”.
Көрсетіліп отырған бағыттар нені аңғартады? Ең алдымен Қазақстан Республикасының бұған дейінгі ұстанып келген, басты құжаты болып табылатын “Қазақстан–2030” Даму стратегиясы бар еді, яғни Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай аса маңызды құжаттың өткен он жылына қорытынды сараптама жасай отырып, одан әрі жүзеге асырылуға тиісті алдағы онжылдықтың жаңа міндеттерін айқындап берді. “Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктерін” көрсетуге тиісті.
Сағаттан астам уақыт тікелей эфир арқылы халыққа көрсетіліп, одан әрі баспасөз арқылы оқырман аудиториясына жол тартқан дәстүрлі Жолдаудың берер ғибраты мен алдағы уақытта жүзеге асуға тиісті мақсат-міндеттері жайында өз түйгенімізді халықпен бөліскеннің артықтығы болмас деп ойлаймыз. Әрине, Жолдауда айтылған барлық мәселені қамтып пікір айту бір күннің әңгімесі болмауға тиісті, сол себепті өзіміздің жан-дүниемізге тым жақын айтылған кейбір жағдаяттар жайында ғана ой өрбітсек дейміз.
Елбасы ең алдымен стратегиялық жоспарлардың дұрыс бағытта жасалып, толыққанды жүзеге асуының нәтижесінде ғана дағдарыстан қатты зардап шекпегенімізді қадап айтты. “2030 жылға дейінгі Қазақстанның Даму стратегиясының рухын негізге ала отырып, біз ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығына белгіленген барлық міндеттерді шештік”, деп атап көрсеткен Нұрсұлтан Назарбаев үнді халқының кемеңгер көсемі Нерудің “Табыс кім батыл қимылдаса, соның үлесіне жиі түседі” деген қағидатын мысалға келтіре отырып, “біз батыл қимылдадық”, “біз төтеп бердік” деген бағытпен патриоттық рухты асқақтата түсетін ой түйіп, сенім мен серпілісті серік еткендер ғана жеңіске жететінін дәлелдей түсті.
“Адам – елдің басты байлығы” деген тақырыппен берілген төртінші бағыттың да берері мол. Елбасы өткен жылдардағы Жолдауларының бірінде “ХХІ ғасырда білімі мен ғылымын дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық”, деп атап көрсеткен болатын, бұл Жолдауда да отандық білім беру жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөліп отыр. Бір сөзбен айтқанда, мектепке дейінгі бүлшіршіндерге арналған “Балапан” атты арнайы бағдарламадан бастап, білім берудің аса жоғары флагманына айналуға тиісті “Жаңа Халықаралық Университет” сынды жобаларды жүзеге асыруды тапсырды, мұның бәрі Елбасының білім мен ғылымға деген қамқорлығын айқындай түседі.
Әр жылы жасалатын Жолдауларда, басқа да кездесулерде, тікелей эфирдегі сұхбаттарында Президент үнемі әлеуметтік мәселелерді, жағдайы төмен жандардың мұң-мұқтаждарын қаперде ұстайды. Соның бірі Жолдаудағы Ардагерлерге қамқорлықта да басым бағыттар қатарында айтылған. Келе жатқан Ұлы Жеңістің 65 жылдығы барысында Ұлы Отан соғысында қан төккен ардагерлер, ел қорғау ісінде қаһармандық танытқан әрбір қарт жауынгер құрмет пен ізгіліктен тыс қалмауға тиісті. Сондай-ақ осы соғыс ардагерлеріне теңестірілген жандар да материалдық қолдауға ие болатыны қандай қуанышты. “Бұл біздің әкелеріміз бен аталарымызға олардың жанқиярлық күресі мен жеңісі үшін” құрмет деп атап көрсеткен Елбасы тапсырмасы мен аманаты орындалуға тиісті. Әрбір соғыс ардагері, жасы ұлғайған қариялар, тағдыр тәлкегімен мүгедек болып қалған кез келген бауырымызды құрметтеу, аман сақтау бүгінгі бейбіт замандағы біздердің парызымыз бен қарызымыз.
Осы аралықта тағы бір жәйтті айта кеткен орынды. Жолдау жасалған 29 қаңтар күні түстен кейінгі министрлік өкілдерімен болған кездесуінде Президент қарапайым халық көңілінен шығатын бір мәлімдеме жасады, яғни Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жолданып жатқан әрбір сұрақ-сауалдың астарында терең сыр бар, нақтылай айтқанда, ауыл әкімі мен құқық қорғау органдарынан әбден үміт үзген жағдайда ғана Астанадан, Елбасынан әділеттілік іздейтінін атап көрсетті, биліктің әр тұтқасын ұстап отырғандардың мұндай әрекеттеріне қатты қынжылыс білдірді. Бұдан түйетініміз – Елбасы аманаты – ешкім, ешқашан да қорғаусыз, панасыз қалмауы керек, еңкейген қарт пен еңбектеген сәби де мемлекет қамқорлығын сезінуге тиісті, біздің қоғамда адам құқығы аяққа тапталмауы қажет.
“Басты байлық – адам” деп ерекше атап көрсеткен бөлімнің жалғасы іспетті “Ішкі саяси тұрақтылықта” да осы адам құқы, заңды құрметтеу жайында жақсы, көңілге қонымды ойлар айтылды. Құқық қорғау жүйесін реформалайтын уақыт жетті деп ойлайтын Нұрсұлтан Назарбаев: “Бүгінде, өкінішке қарай, біздің барлығымызға тиімсіз басқарудан, құқық қорғау органдары функцияларындағы жанжалдан, тиісті кадрлық жұмыстың болмауынан, сондай-ақ ел құқық қорғау жүйесі қызметінде мөлдірлік пен бақылаудың жоқтығынан туындаған проблемалар анық көрінді”, – деген тұрғыда ашық әңгіме айтылды.
Сәл шегініс жасасақ, кең байтақ сайын даламызда көк туын биік көтеріп ел болған, мемлекет құрған бабаларымыз екі нәрсені “ұмыт қалдырыпты”, бірі – қонақүй салу, екіншісі – түрме салу. Бодандық қамытын мықтап кигізген Ресей патшасы “итжеккенге” айдауды үйретті, ал большевиктер билік басына келген коммунистік кеңес билігі Тұран даласын “Карлагқа” айналдырды.
Бүгінгі күні азаттыққа жеткен, ХХІ ғасырға тәуелсіздік туымен қадам басқан қазақ қоғамы адамзат баласын соттау арқылы, дәлірек айтқанда, түрмеге отырғызу жолымен ғана түзеуге көшкендей күй кешуде. Түрмемен түзеу жағынан келгенде әлем елдерінің алдыңғы сапында тұрғанымыз тым мақтанатын жәйт емес. Елбасын қынжылтатыны да осы. Сол себепті де: “Жазалаудың негізгі түрі бас бостандығынан айыру болып қалып отыр. Ешкім қамау орындарынан босағандарды оңалтумен айналыспайды”, дейтін Нұрсұлтан Әбішұлы қазіргі жүйедегі жазалау айыптары 5%-дан аз болса, түзеу жұмыстары – 0,4%-ды құрайтынын, ал енді қоғамдық жұмыстардың мүлдем жоқ екенін де атап көрсетті. Бұл бағытпен қайда барамыз, түрме толы тауық немесе ұялы телефон ұрлағандар, ана сүті аузынан кетпеген бозбалаларды түрме түзетіп жібереді дегенге сене алмайсың. Әрине, қылмыскер жазасын алсын, қанішерге бостандық әлемінде орын жоқ, сыбайлас жемқорлыққа жол бергендер қолымен істегенін мойнымен көтерсін, бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсеткендей, ізгілендіру жұмысын қашан қолға аламыз? Біздің құқық қорғау ұйымдары, заңдылықты сақтау мекемелері адам соттау, жазалау үрдісінде бәсекеге түсуден аулақ болғаны жөн, әйтпесе қазіргі әңгіме ауаны полицейлер мен ҰҚК-нің, енді бірде қаржы полициясының кімдерді құрықтағаны жайында ғана болатын сияқты. Бұл жерде “осы жылдың өзінде құқық қорғау жүйелерін реформалау жөніндегі заң жобасын Парламентке енгізуді тапсырған” Елбасына тек қолдау білдіреміз. Қазақ елі ата-баба дәстүрін берік ұстана отырып түрмеге отырғызу ісімен емес, одан да ізгі – түзеу, тәрбиелеу, түсіндіру, құн төлету, т.б. шаралармен ел тентегін жөнге салуды қолға алғаны абзал. Бір сөзбен айтқанда, “өкпеге қиса да, өлімге қимаған” бабалар дәстүрін жалғастырғаннан ұтарымыз аз болмауға тиісті, Елбасы осыны меңзеді.
Жолдау келер күннің бағыт-бағдарына жол көрсететін аманат хат, сол бағыт-бағдарды, асыл аманатты қапысыз орындаған еліміздің ертеңі баянды болмақ. Айтпақ болған ойымыздың қорытындысын Елбасының Жолдау түйінінде айтқан келесі бір қанатты қағидасымен байланыстырсақ дейміз. “Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу”.
Бұдан шығатын қорытынды – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктерін жүзеге асыру арқылы тәуелсіздікті баянды ету, ұлт мұратын биік қою, тіліміз бен мәдениетімізді сақтап қалу. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсеткен ең басты мақсаттарымыз жүзеге асатын жылдар жақындап келеді, сол күндердің қуанышы бүгінгі біздерге, келе жатқан жаңа ұрпаққа баянымен, мәңгілігімен болсын. “Басты байлық – адамды” ардақ тұтқан Жолдаудың айтар ойы мен берер тағылымы мол. Соның бір парасын өздеріңізбен бөлістік.
Нариман НҰРПЕЙІСОВ, филология ғылымдарының кандидаты, Журналистер одағының мүшесі, доцент. Шымкент.