Аймақтар • 14 Сәуір, 2020

Алматыдағы №12 аурухананың 110 дәрігері індет жұқтырды

434 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін, 14 сәуірде Алматыда коронавирустық инфекция жұқтырғандар саны 346-ға жетті (оның ішінде 6-ы бала, 3 жүкті әйел бар). Бұл туралы бүгін түске қарай өткен брифингте Алматы қалалық Денсаулық сақтау Басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.

Алматыдағы  №12 аурухананың 110 дәрігері індет жұқтырды

Соңғы тәулікте жаңадан анықталған жағдай 174 болды. Оның 58-і жергілікті науқаспен байланыста болғандар, оның ішінде Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 1 қызметкері, Орталық қалалық клиникалық аурухананың 110 медицина қызметкері, Медициналық жедел жәрдем қызметінің 2 қызметкері, №32 Қалалық емхананың 1 қызметкері, №11 Қалалық емхананың 1 қызметкері, №1 Қалалық клиникалық аурухананың 1 қызметкері бар.

Бұрынғы №12 аурухана, яғни Орталық қалалық клиникалық аурухананың 1200-ге тарта қызметкері мен мыңдаған пациенті бар екендігін ескерсек, әлі де коронавирустың инфекция жұқтырып алғандардың саны арты түсуі ғажап емес.

Індет жұқтырып отырған 110 дәрігерге келетін болсақ, оның ішінде докторлармен  бірге орта және кіші буын медперсоналы да бар.

Алматыда кеше ғана екі бірдей ірі емдеу мекемесі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып отырғандығын хабарлаған едік. Қаладағы Балалар жұқпалы ауруханасымен бірге, бұрынғы «№12 аурухана», яғни  Орталық қалалық клиникалық ауруханасы да карантинге жабылды.

Кеше ғана 13 сәуірде, яғни бір күнде 27 медицина қызметкері індетке шалдыққаны ресми мәлім болған-ды.

Осы арада Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы журналистердің көптеген сауалдарына жауап бермей отырғандығын айта кеткен жөн.

 

АЛМАТЫ