07 Қыркүйек, 2013

Талибтерден қашқан әйел содырлардың қолынан қаза тапты

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Samshita BanerdzhiТалибтерден қашқаны жайлы кітап жазған әйелдер құқығын қорғаушы – Сашмита Банерджи Ауғанстанның Пактика провинциясында содырлардың қолынан қаза тапты. Бұл туралы провинция губернаторының баспасөз хатшысы Джанбаз Ханның мәліметіне сілтеме жасай отырып, ИТАР-ТАСС хабарлады.

Самшита Банерджи Үндістанның тумасы. Ол ислам дінін қабылдап, ауған кәсіпкеріне тұрмысқа шығады. Ауғанстанға келіп, Пактика провинциясындағы ауруханалардың бірінде акушер болып қызмет атқарады.

Өз кітабында Банерджи Ауғанстандағы өмірі жайлы жазады. Оның өміріндегі жайсыздықтар 1993 жылы билік басына талибтер келген кезде басталады. Талибтер оны қыспаққа алып, шағын дәріханасын жапқаннан кейін, 1994 жылы Банерджи Пәкістанға қашып кетеді. Алайда, қыздың бұл әрекеті отбасына кір келтіреді деген туыстары оны Ауғанстанға қайтарады. Талибтер әйелге «бұзылған» деген айып тағып, оны үйқамақта ұстайды. Оған қоса қатаң жазалайтындарын ескертіп, қорқыта бастайды. Сол кезде Банерджи қабырғаның астынан жол қазып шығып, үйден қашып кетеді. Талибтер оны Қабул маңында қолға түсіріп, күйеуінен қашқаны үшін өлтірмек болады. Алайда, әйел Үндістан тумасы болып келетінін және туған жерге оралуға құқығы бар екенін түсіндіреді. Ақыры талибтер оны Үндістан елшілігіне жеткізіп, Самшита Банерджи еліне оралады.

Банерджи болған оқиғаның барлығын қағаз бетіне түсіріп, кітап жазып шығарады. 2003 жылы Үндістанда аталмыш кітаптың негізінде «Талибандардан бас сауғалау» атты фильм түсірілді.

Жақында Банерджи өткен оқиғалар ұмытылған болар деген сеніммен Ауғанстанға қайта оралды. Дегенмен, содырлар оның кітабы «Талибандарды» масқаралады деп ұйғарып, әйелдің көзін жояды.

Айдар Өрісбаев.

Соңғы жаңалықтар