Сириядағы қарулы топтар халыққа көмек көрсетіп жатқан бүкіләлемдік ұйымның қызметкерлерін ашық түрде қорқытуда. Бұл туралы БҰҰ гуманитарлық мәселелер бойынша бас хатшының орынбасары Валери Амостың мәліметіне сілтеме жасаған ИТАР-ТАСС хабарлады.
«Соңғы кездері түрлі құрылымдар гуманитарлық ұйым өкілдеріне қоқан-лоқы көрсетіп жүр. Өздеріңіз білетіндей, біздің қызметшілердің арасында адам ұрлау дерегі орын алған. Сириядағы «Қызыл ай» қоғамының бірқатар қызметшісі, сондай-ақ БҰҰ-ның 11 қызметкері содырлардың қолынан қаза тапты», – деп мәлімдеді БҰҰ штаб-пәтерінде өтіп жатқан баспасөз конференциясына бейне желі арқылы қосылған Валери Амос.
Тамыздың ортасында Американың Си-би-эс телеарнасы АҚШ мемлекеттік департаментіндегі ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, «Аль-Каида» ұйымымен байланыста болған «Ирак пен Леванттың Исламдық мемлекеті» тобы батыстың гуманитарлық қызмет өкілдерін жазалап немесе тонап кетеміз деп қорқытқаны жайлы хабарлаған болатын.
Айдар Өрісбаев.