Ақордада өткен келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен екі елдің арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету перспективаларын қарастырды. Бұл туралы Ақорда.kz хабарлады.
Атап айтқанда, сауда-экономикалық, инвестициялық, агроөнеркәсіптік, шекаралық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру мәселелері, сондай-ақ халықаралық күн тәртібі мен өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері талқыланды.
Қазақстан Президенті шағын құрамдағы кездесу барысында Си Цзиньпиннің тарихи сапарына зор мән беріліп отырғанын атап өтті.
– Мен Сізді алда келе жатқан мерекемен – Қытай Халық Республикасының құрылған күнімен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап Сіздің еліңізбен арада дамып келе жатқан тату қарым-қатынасымыз біз үшін басымдық болып саналады. Біздің Сізбен жүргізген келіссөздеріміз елдеріміздің достығын, халықтарымыз арасындағы ынтымақтастық пен сенімді мүлде жаңа биікке көтеретініне сенемін, – деді Мемлекет басшысы. Өз кезегінде Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға келіп қайтуға шақырғаны үшін алғысын айтты.– Мен бұл сапарды көптен армандаған едім, бүгін сол арманым орындалды деуге болады. Әуежайға Өзіңіз келіп қарсы алғаныңызды мақтан етемін. Осы орайда, жылы қабылдауыңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіргім келеді. Сіздің көрікті қалаңызды кеше бірге аралап көрдік. Біздер сондай-ақ ұлттық сипат пен нақыштағы заманауи ғимараттарды тамашаладық. Шынында да, он жылдан сәл астам ғана уақытта дала жауһары – жаңа қала тұрғызылды. Мұның бәрі терең символдық мәнге ие, өйткені Астана жас республикаларыңыздың дамуының көрінісі, – деді ҚХР Төрағасы.
Бұдан бөлек, тараптар халықаралық және өңірлік ұйымдардағы өзара іс-қимылдың маңызды тұстарына қатысты пікір алмасты.
Нұрсұлтан Назарбаев кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында С.Цзиньпиннің сапары Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарын жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеретініне сенім білдірді.– Қытаймен ынтымақтастықты дамыту біздің сыртқы саясатымыздың басымдығы екенін тағы бір рет айтқым келеді. Сіздің сапарыңыз екі елдің өзара байланысын жақсарту мен тереңдетуді мақсат еткен мемлекеттер басшылары тұрақты кездесулерінің дәстүрлі жалғасы, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті елдеріміздің үкіметтері, парламенттері, саяси партиялары арасындағы байланыстардың игі үрдіске айналғанын атап өтті.– Ынтымақтастығымызда, менің ойымша, біз керемет табыстарға қол жеткізген экономикалық мәселелер бірінші орында тұр. Бүгінде арамыздағы тауар айналымы 26 миллиард доллар, бұл санды біз 40 миллиард долларға жеткізу міндетін алға қойып отырмыз. Оған біздің сарапшыларымыз Сіздің сапарыңыз барысында қол қою үшін дайындаған бірқатар келісімдер септігін тигізетін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Си Цзиньпин бұл оның Қазақстанға алғашқы сапары және Қазақстан Президентімен биылғы екінші ресми кездесуі екенін айтты.– Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы үшінші онжылдыққа аяқ басқан осы кезеңде Сізбен бірлесіп, соңғы жылдардағы қарым-қатынасымыздың даму нәтижелерін жинақтап, әртүрлі бағыттардағы ынтымақтастығымызды одан әрі жалғастыру үшін міндеттер мен жоспарлар белгілеуге күш-жігер жұмсауға әзірмін. Бұл біздің барлығын қамтитын стратегиялық серіктестігіміздің халықтарымыздың игілігі үшін анағұрлым биік деңгейде тұрақты дамуына септігін тигізеді, – деді ҚХР Төрағасы.
Осы күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин «Назарбаев Университетінде» болды.
Мемлекеттер басшылары университеттің қызметімен танысып, студенттермен кездесті. Си Цзиньпин олардың алдында Қытайдың Орталық Азиядағы сыртқы саяси басымдықтары және Қазақстанмен арадағы екіжақты ынтымақтастық тақырыбында дәріс оқыды.
Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз Қытайдың Қазақстанмен және өңірдегі өзге елдермен қарым-қатынасын нығайтуға ұмтылысын қолдайтынын атап өтті.– Біз Санкт-Петербургте өткен G20 саммитінен енді ғана оралдық. Онда екі күн бойы дағдарыс кезіндегі және дағдарыстан кейінгі кезеңдегі әлемнің қаржы-экономикалық архитектурасының проблемалары қызу талқыланды. Тәуелсіз Қазақстан мен ҚХР қарым-қатынасының жаңа тарихы өте таңдандырады. 1700-ден астам шақырымды құрайтын біздің ортақ шекарамыз достық пен өзара іс-қимылдың шекарасы болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің экономикалық ынтымақтастығы айтарлықтай алға жылжып, бүгінде тауар айналымы 26 млрд. долларға жеткеніне тоқталды. Осыған байланысты мемлекет басшылары оны 40 млрд. долларға жеткізу міндетін алға қойып отыр.– Бүгін және ертең бізде келіссөздер жүреді. Елдеріміздің сарапшылары елеулі жұмыс жүргізді. Біз ынтымақтастығымызды жаңа сатыға көтеретін 20-дан астам жаңа құжатқа қол қоятын боламыз. Бұған Қытай Халық Республикасының Қазақстанды барлық бағыттарда қолдауының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Мен Сізге екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға ұмтылысыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстан ҚХР-ды тату көрші ретінде таниды және ынтымақтастық орнатуға дайын, біздің стратегиялық серіктестік туралы келісіміміз бар, – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Си Цзиньпинге екі елдің студенттер алмасуын қамтамасыз етуге ниет білдіргені үшін алғысын айтты.– Жастар бірін-бірі біліп, қарым-қатынастарымыз одан әрі нығая беру үшін Қазақстан да Қытайдан студенттер қабылдауға әзір. Қазақстан ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа дайын. Қазақстан ҚХР-ға жақсы көрші, сенімді дос және экономикалық серіктес болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Университет студенттері алдындағы дәріс барысында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің экономикалық және саяси дамуында едәуір ілгері кеткенін және бұл қадамы халықтың тұрмыс деңгейін айтарлықтай жақсартып, халықаралық беделінің артуына жол ашқанын атап өтті. – Небәрі 10 жылда заманауи қала болған Астана Қазақстан жерінің тағы бір ғажайыбына айналды. Астана – еңбексүйгіштіктің, Қазақстан халықтың көркеюі мен жарқын болашағының символы. Қытайдың Хань династиясының елшісі 2 мың жылдан астам уақыт бұрын бейбітшілік пен достық миссиясымен Қазақстанға екі рет келіпті. Сол сапарлар Қытайдың Орталық Азиямен достық қатынастарының кеңеюіне ықпал етіп, Жібек жолының шығыстан батысқа, Азиядан Еуропаға барар бағыттарын ашты. Ежелгі Жібек жолы өзінің бастауын менің туған провинциям саналатын Шэньсиден алады, – деп атап көрсетті Си Цзиньпин.
ҚХР Төрағасы ежелгі Жібек жолының тармақтары басып өткен қазақ жері шығыс және батыс өркениетінің ықпалдастығына зор үлес қосып, түрлі ұлттар мен мәдениеттердің арасындағы байланыстардың дамуына септігін тигізгенін айтты.– Мәңгілік достық пен екі мың жылдан астам өзара қатынастардың жылнамасы түрлі ұлттары, мәдениеттері, діндері бар елдер өзара сенім мен түсіністік, теңқұқылық әрі өзара тиімділік рухын басшылыққа алатын болса, бірлескен дамуға ұмтылып, бейбітшілік пен келісімде тіршілік ете алатынын көрсетті. Осының бәрін Ұлы Жібек жолы үйретті. Бүгін біздің өзара әрекеттестігіміз жаңа тарихи биікке көтерілді. «Жақын көрші алыс туыстан артық» дейді ғой. Біз Орталық Азия елдерімен өзара қарым-қатынастарымызға үлкен мән береміз және бұл біздің сыртқы саясатымыздың басымдықтағы бағытының бірі, – деді Си Цзиньпин.
ҚХР Төрағасы Қытайдың көрші елдермен өзара достық пен ынтымақтастықты нығайтуға барлық халықтардың игілігі үшін ұмтылып отырғандығына да тоқталды. – Біз өзге дербес елдердің халықтарына, олардың даму жолдары мен жүргізіп отырған ішкі-сыртқы саясатына үлкен құрметпен қараймыз және қандай жағдай болма