Биыл 4,8 миллион гектар алқапқа дән себілмек. Жоспарға сәйкес 5-ші маусымда көктемгі егіс науқаны толық аяқталады деп болжануда. Облыста тұқым жеткілікті. Бидайдан өзге майлы дақылдар мен көкөністер де егіледі. Танап басына 14 мың трактор, 16 мың тұқым сепкіш және 1200 егін егетін кешен шығарылады. Өнімділігі жоғары техника жаздық танаптың 70 процентін қамтамасыз етеді.
–Мемлекет тарапынан зор қолдау бар. 10 жыл ішінде техника паркін толығымен жаңартамыз. Соңғы үш айдың ішінде 30 трактор, 9 комбайн сатып алынды. Егістік кешендері, тұқым сепкіштер, басқа да ауыл шаруашылығына қажетті техникалар алынып жатыр. Наурыз айында 1 миллиард теңгеден астам инвестициялық субсидия төледік. Осы айда 4,5 миллиардқа жетті. Мұның бәрі көктемгі егіс жұмыстарын өткізуде үлкен қолдау екені сөзсіз,–дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының міндетін атқарушы Димаш Таласбаев.
Ел Президентінің тапсырмасына орай өңірде ауыл шаруашылығы саласын қолдау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Ақмола өңірінде 527 мың тонна тұқым, 68 мың тонна арзандатылған жанар-жағар май қоры бар. Көктемгі егіс науқанын ойдағыдай өткізуге жеткілікті.
Ақмола облысының ауыл шаруашылығы саласында 118 мыңнан астам адам еңбек етеді.