(Реквием)
«Биылдан бастап мектептерге «Қазақ елі» деген пән енгізіледі. Соның бірінші сабағын мен өткізіп отырмын. Бұл патриоттыққа тәрбиелейтін пән», деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев
3 қыркүйек күні Астанадағы №64 мектеп-лицейде бір топ озат оқушылармен кездескенде. Атам заманнан бері бабаларымыз мына алып дала төсінде Қазақ елін құруды армандаған. Сол арман ғасырлар тоғысқан, мыңжылдықтар шектескен тұста жүзеге асты. Елорда төрінде асқақтаған мемлекеттілік монументі де «Қазақ елі» деп аталады.
Жаңа уақыт жаңа сын-қатерлерді алға тосуда. Сол жолда біздің бәрімізге ауадай қажет қасиет – отаншылдық, патриотизм. Ел газеті «Егемен Қазақстан» «ҚАЗАҚ ЕЛІ» аталатын жаңа айдарды ашқанда оның аясында оқырман ойын отаншылдық рухта тәрбиелеуге септесетін мақала, эссе, сұхбаттарды жариялауды көздеп отыр. Қазақ бірлігін жырлаудай жырлап өткен атақты ақынымыз Сүйінбай жайындағы эссе – жаңа айдардың басы.
(Реквием)
«Биылдан бастап мектептерге «Қазақ елі» деген пән енгізіледі. Соның бірінші сабағын мен өткізіп отырмын. Бұл патриоттыққа тәрбиелейтін пән», деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев
3 қыркүйек күні Астанадағы №64 мектеп-лицейде бір топ озат оқушылармен кездескенде. Атам заманнан бері бабаларымыз мына алып дала төсінде Қазақ елін құруды армандаған. Сол арман ғасырлар тоғысқан, мыңжылдықтар шектескен тұста жүзеге асты. Елорда төрінде асқақтаған мемлекеттілік монументі де «Қазақ елі» деп аталады.
Жаңа уақыт жаңа сын-қатерлерді алға тосуда. Сол жолда біздің бәрімізге ауадай қажет қасиет – отаншылдық, патриотизм. Ел газеті «Егемен Қазақстан» «ҚАЗАҚ ЕЛІ» аталатын жаңа айдарды ашқанда оның аясында оқырман ойын отаншылдық рухта тәрбиелеуге септесетін мақала, эссе, сұхбаттарды жариялауды көздеп отыр. Қазақ бірлігін жырлаудай жырлап өткен атақты ақынымыз Сүйінбай жайындағы эссе – жаңа айдардың басы.
Ол – Отанының намысы мен рухы үшін жанын пида етуге әзір санаулылардың санатынан болатын.
Ол – намысын қалғытпаған, рухын таптатпаған, қалың қолға жалғыз шапқан жаужүректердің қатарынан болатын.
Ол – жаманға жалынбаған, жақсыға табынбаған, өзгеше жаратылған, Дешті-Қыпшақ даласында еркін жортқан жалғыздардың тұяғынан болатын.
Ол – бітімі бөлек, ойы дара, ниеті ақ асылдардан болатын.
Ол – ұлы жырау Сүйінбай Аронұлы бабамыз еді.
ЖЫРАУЛАРжырлаған сертті сөздер Дешті-Қыпшақ даласының ар-ұжданы, қасиет борышы болып өмір кешкеніне ықылым замандар өткен.
Обал, Сауап, Борыш, Тағылым, Тағзым салтанат құрған, қазақ даласының мамыражай кезі де көзден де, көңілден де ұшып кетіп жоғалған.
Дала цивилизациясы өркен жайған ғасырлар келмеске кеткен.
Қазақ халқын тобыр деп кемсіткен XIX ғасыр Дешті-Қыпшақ даласына кәпір боп ентелей енген. Қазақтың ар-намысын қорлап, әні мен жырына тосқауыл қоймаққа әрекет жасауларын бір тоқтатпаған өткендегі Ресей патшалығы, кейінгі Кеңес өкіметі, бүгінгі Ресей мемлекетінің көздегені бесенеден белгілі болатын.
Даласына ентелей енген сарысақалдыларды күтіп қана тұрғандай, қазақ ортасынан ойылып бір төбе озбыр сатқындар бой көтерген. Қазақ елінің арқасына тізе батырған, намысын талқандаған, ру тартысын үдеткен, бір руды бір руға қарсы қойып, барымтаға баулыған, араздық пен жаулықтың таусылмас отын маздатып жаққан сол озбыр сатқындар, ел билеуші мансапқорлар, өзімшіл ақымақтар, дүмше молдалар болатын.
Жер-жаһанды ауыздарында Құдай, қолдарында тапаншалары бар бөлек нәсіл басып келе жатқан. Сол ерекше нәсілге, қазақ ортасынан шыққан озбыр сатқындар да еркін қосылып жүре берген. Оларда ұлт жоқ. Тіл жоқ. Олар қорқау құсап бір-бірін көздерінен ұғатын. Бір-бірін ымдарынан танитын. Олар өткен жерде түк қалмайтын. Өйткені, нені болса да түгімен жұтып жүре беруге дағдыланған. Ақырзаманның 21 белгісі болса, соның бірі осы озбыр-сатқындар болатын. Пәтуаға келмейтін, бойларына мейірім қонбаған қанқұйлы, өзімшіл топ, жер-жаһанда ғұмыр кешіп жатқан адамзаттың атаусыз жауы еді.
Қазақ даласын қандалаша сорған сол бассыздарға, өткеннің өршіл жырауларының сарқытындай болған Сүйінбай жырау жырдың алмас қылышындай жарқылдап қарсы шапқан.
Ел қадірін білмейсің,
Төремін деп мастанып,
Бұқараңа қас қылдың.
Жарлының ұрлап жалғызын,
Шығармай қырға аш қылдың.
Хан емессің, қиықсың,
Қалың елді айдап жеп,
Теріңе зорға сыйыпсың.
Ұры, қары, залымның
Жаныңа бәрін жиыпсың.
Жанға жауап бермейтін,
Дүлей-мылқау сияқты
Қиял-мінез тұйықсың.
Дүниені жұтса тоймайтын,
Түпсіз жатқан ұйықсың.
Қадірің жоқ халыққа,
Аққан судай сұйықсың.
Судан да сусын қанады,
Оппа балшық сықылды,
Жұтқыш ылай былықсың!
ТЕЗЕКтөре Ұлы жүздің XIX ғасырдағы белді аға сұлтаны, Абылай ханның тума ұрпағы еді. Ұлы жүзді ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда ұстаймын деп дүркіреген төренің өзі болатын. Ол үшін халықтың мұқтажы да, мұңы да түкке тұрмайтын. Бұл Тезек төренің ғана саясаты емес, қазақ даласындағы барлық жуан жұдырықтардың әрекеті болатын. Өз халқын өзі жейтін, жәбір көрсететін алпауыттар еді. Солардың сатқындығы мен қатыгез һарамдығының кесірінен асқан білім иесі Шоқан Уәлиханов аға сұлтандыққа өте алмады. Қазақ ортасына Шоқанның керегі болмады. Қазақтарды өз топастары басқаруы керек болатын.
Хан Тезек, байлығыңа бас ұрмаймын,
Мен бірақ көргенімді жасырмаймын,
Шын дертім ұстап кетсе айнымалы,
Басымнан ұшқан құсты асырмаймын,
Төресің қанды қанға құйып жүрген.
Құдай сүйер бойыңда қылығың жоқ,
Қазаққа қайтіп басың сыйып жүрген.
Албан, дулат, шапырашты ел емес пе,
Ел деген шалқып жатқан көл емес пе!
Көл толқыса көбігін кетер басып,
Төре сайтан болғанда, көк періште –
Бір сайтанды қаққан да пері емес пе?!
Бұл Қазақ даласына Ресей патшасы мен Қоқан хандығы бірге иелік еткен кез еді. Қоқан хандығы қазақтар мен қырғыздарды жиырма жыл бойы қорлықта ұстады. Қазақтың озбыр сатқындары сол кезде де, халықтың рухын жаншып, қазақты құлшылыққа, көнбістікке шақырған. Қоқан хандығын біз жеңе алмаймыз деп екіжүзділік пен опасыздыққа белшесінен батқан ел басылары дәрменсіздік көрсеткен.
ЖЕТІСУ елінің рухы мен намысын айбарлата көтерген Сүйінбай жырау болатын.
Батыс өлкеде өлмес Махамбет бар еді.
Талай ақындар сарай төңірегінен әрі аспаған. Сонан да олардың есімдері ел есінде қалмаған. Жұртын сатып билік басындағылардың құйыршығы болған ақын ақын ба екен? Ол бейбақтар қанша кеуіп-піссе де сайтан ғой.
Елінің жүрегін ерлері ғана елжіретеді.
Солар ғана рухын тіктейді.
Шапырашты туының астында Сүйінбай баба жыр жүгіртеді.
Ұран жыр.
Егес жыр.
Отанын ардақтаған намыс жыры.
Опасыздық пен екіжүзділікке қарсы жүзі қайырылмайтын алмас жыр.
Бөрілі байрақ астында
Бөгеліп көрген жан емен.
Бөрідей жортып кеткенде
Бөлініп қалған жан емен
Жау тисе жаһан далада,
Бөрілі найза атамыз.
Қарасайлап шабамыз
Қызыл қанға батамыз.
Бөрілі байрақ астында
Ту түсіріп жау алған
Қазыбек, Қастек атамыз.
Дәл осы ұран жыр қазақ батырларының көзсіз ерлігін Отанға деген шексіз адалдығы мен махаббатын жырлаған асқақ реквием.
Жоңғар басқыншыларын Жоңғар қақпасына тығып, Дешті-Қыпшақ елін жаудан азат еткенде:
Беліне садақ байланып,
Алмас қылыш асынған.
Қол үзілмей қасынан,
Дулыға кетпей басынан,
Құрсанған жаудың әскерін
Қуып еді Қарасай
Жоңғардың қақпа тасынан, –
деп Сүйінбай бабамыз тағы бір жасын жырын төгіп еді-ау!
Жоңғар басқыншыларын талқандаған қазақ батырларының қалың бір легін асау жырына қосқан.
Қайран қасиетті батырлар-ай!.. Біз сіздердің рухтарыңызды еске алдық; Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай, Олжабай, Арқалық, Райымбек, Жетіген бабаларымыздың аруақтарына бас идік.
Ата-баба жерін жау атының табаны таптағанда намысқа басқан батырлар тізе тіресіп жауға қарсы шапқан, Дешті-Қыпшақ даласында тұңғыш рет қазақ қазақ болғалы батырлары бас қосқаны осы еді.
АДАМжер-жаһанға адамға жақсылық жасау үшін, жан-жүрегіне мейірім, сүйіспеншілік, махаббат отын жағу үшін келген. Адамда онан өзге миссия жоқ. Бұл дүниені сақтайтын сұлулық қана екенін түркі жыраулары сонау қадым ғасырларда жырлап кеткен.
Заман, заман дегенде,
Заманға қожа Адам ғой.
Наразы болсаң заманға
Бар кінәні соған қой,
дейді XIX ғасырда Сүйінбай жырау.
Мынау XXI ғасырда да Адамның Адам болып қалуы басты жаһан сұрағы. Дұрысы тілегі болар.
Сүйінбай баба