08 Қыркүйек, 2013

Обал

350 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Обал

2011 жылы Б.Балиұлы өзінің бұрынғы «Тұрсынәлиев» деген фамилиясын қолдану арқылы коррупциялық жауапкершілікке тартылудан «фамилиям Тұрсын­әлиев» деп өтірік айту арқылы құтылып кеткен. Жоғарыда айт­қанымыздай, үстіміздегі жылдың 15 наурызында мас күйінде көлік айдап ұсталған ол хаттамаға өз фамилиясын «Тұрсынәлиев» деп тағы да өтірік көрсеткен. Әкім­шілік және коррупциялық жауап­кершіліктен құтылып кетуге маманданып алған мемлекеттік қыз­меткер Б.Ба­лиұлының арызы арқылы сотталып отырған жол полициясының қос қызметкеріне обал емес деп айтып көріңіз.

 

Мекеме басшысы заңды, әдепті аяққа таптап, білгенін істесе, абыройын төксе, оны кім тәртіпке шақырады?

Екі полиция сержантының редакцияға жолдаған арызымен танысқанымызда олардың жазғандарына әуелгіде илана қоймадық. Себебі, жол полициясының қызметкерлері Сәбеков пен Тұрғынбаев өз жазғандарында өздерін ақтап, басқаларды даттап отырғандай көрінді. Шын мәнінде бұлардың басынан кешкен оқиғасы адам таңғаларлықтай екен. Кейін, қос жігіттің арызы негізінде Маңғыстау облысына іссапарымыз кезінде біраз нәрсеге көз жеткізгендей болдық. Ең бастысы, екі жігітке көз-көреке обал жасалғанын түсіндік. Жалпы, жұртқа түсінікті болу үшін арыз иелерінің жанайқайына құлақ түрейік.

Обал

БӘЛЕҚОРДАН ПОЛИЦЕЙ ДЕ АУЛАҚ ЖҮРУ КЕРЕК ПЕ?

«Былтырғы жылдың наурыз айы еді. 14-інен 15-іне қараған түнгі сағат үш мезгілі. Мерекені тойлауды алғашқылардың бірі болып бастаған Жаңаөзен қаласының жұртшылығы әлдеқашан қалың ұйқыға кеткен. Көшеде адам ая­ғы саябырсыған, көлік саны да аз. Әріптесім екеуміз түнгі кезек­ші­лікке түскенбіз. Сондайдан жол­дың қарсы бағытына шығып, үлкен жылдамдықпен келе жатқан көлікті көзіміз шалды. Тоқтаттық. Рөлде отырған ер адам өлесі мас. Сөзге қонақ бермейді. Жанында әйел адам отыр. Көліктегі азаматтың араққа сылқия тойып алғаны анық еді. Алайда, оны алдымен ал­ко­тес­тердің алдынан өткізіп алу керек. Сөйтіп, наркологқа алып жүрдік. Біз осы екі аралықта болған жайды әдейі аттап өтіп кеттік. Ар­ты­­нан баяндайтын боламыз. Аса маңызды.

Не керек, сағат тілі түнгі 4:00-ден ауғанда әлгіні наркологтың алдына алып келдік. Келе сала қонағымыз қиғылық салды. «Аты-жөнімді айтпаймын, алкотестерге үрлемеймін. Себебі, саумын...» – дейді. Нарколог өз кезегінде мұ­ның аты-жөнін біліп келіңдер деп тапсырды. Біз «белгісіз жанды» Жаңаөзен қалалық ішкі істер бөліміне алып жүрдік. Ол жерде адамның саусақ ізіне қарап кім екенін тайға таңба басқандай анықтап беретін арнайы құрылғы бар болатын. Басқарманың есі­гінен ішке кіре бергеніміз сол, бізге қарсы жолыққан полиция қызметкері: «Бекнұр, мұнда қай­­­дан жүрсің?» демесі бар ма. Жаңағы қызметкерден сұрап білге­німіздей, Бекнұрдың фамилиясы Тұрсынәлиев болып шықты. Сонымен, аты-жөні анықталған Тұрсынәлиевті қолтықтап қай­тадан наркологқа алып жүрдік. Сонда да болмады. Арақты ішкен-ішпегенін анықтайтын арнайы тестіден өту­ден бас тартып, қыз­мет орнын айт­пай отырып алды.

Бәрінен бұ­рын бізді нарколог Аманованың: «Тұрсынәлиев сап-сау» деп түйін­деме бергені таң­ғалдырды. «Бұл қалай?» дестік. «Жолдың қарсы бағытында ызғып келе жатқан өле мас жерінен ұстадық емес пе?». Сөздің қыс­қа­сы, нарколог бізді «қайда барсаң, онда бар, Тұрсынәлиев бүгіндікке алко­­­гольді ішімдік іш­пеген» деп шы­ға­рып салды. Оның бұлай деуіне қандай себеп түрт­кі бол­ғанын қазбаламай-ақ қойған жөн шығар. Амал жоқ, басшысы­на хабарластық. Одан да түк өнбеді. Білдей басшыға шілдей сержанттардың сөзі жүрсін бе. «Бізге сенбесеңдер Ақтау ға неме­се Жетібайға апарыңдар» деді. Не керек, Жаңаөзеннен жетпіс ша­қырым жердегі Жетібай кентіне жол тартуға тура келді. Ауылдық аурухананың нарколог маман дәрігері бірден-ақ Тұрсынәлиевтің ішімдік ішкені туралы қорытынды шығарып берді. Біз өз міндетімізге сай заң бұзған азаматты Жаңаөзен қалалық ішкі істер бөліміне тап­сырдық. Ал келесі күні әкім­ші­лік жауапкершілікке тартылуы үшін Тұрсынәлиевтің ісі сотқа жіберілді.

Енді мына бір жайға назар аударсаңыздар екен. Тұрсын­әлиевтің үстінен бір емес, қауіп­сіздік белбеуін тағын­­бағанын, жолдың қарсы бағы­­тымен жүргені, көлікке мас күйінде отырғаны және полиция қызметкерлеріне қарсылық көр­сеткені үшін төрт бірдей хаттама толтырыл­ды. Тұрсынәлиев полиция қыз­меткерлеріне қарсылық танытты. Жанында отырған адамды жайына қалдырып, қашып кетпек болды. Екеуміздің дегенімізге көнбегесін қосымша күш шақыруға тура келді. Төрт полицей жабылып жүріп әрең ұстадық.

Ал сот болса, Тұрсынәлиевтің үстінен осы соңғы тармақ бойынша іс қозғады. Негізінде заң бұзған азамат барлық тармақтар бойынша жауапкершілікке тартылуы керек еді. Ол өз алдына құқық қорғау қызметкерлеріне «қарсылық та­ныт­­қаны үшін» заң жүзінде кез келген азамат 15 күнге түрмеге қа­малады, ал Тұрсынәлиев 8000 тең­ге айыппұл төлеп, құтылып кет­­ті. «Бұл қалай?» дестік тағы да. Қы­­­зығы сол, Тұрсынәлиевтің қа­­у­­­­­­­іпсіздік белбеуін тағынбағанын, жол­дың қарсы бағытымен жүргенін дәйектей алсақ та, көлікке мас кү­й­­­­­інде отырғанын еш дәлелдей ал­ма­­­­дық. Көзіміз көрген, бір емес, бір­неше адам куә болған...

Ал енді бұл Тұрсынәлиев кім болды дейсіз ғой? Жауап­кер­шіліктен жалтарып, заңды бел­ден басып үйренгеніне қара­­ғанда, тегін адам емес екенін аңғар­ғанбыз. Мұны осы оқиғадан соң араға апта салып біздің үсті­мізден Жаңаөзендегі Қар­жы полициясына қалалық сәу­лет және құрылыс бөлімінің басшысы Бекнұр Балиұлының атынан (Тұрсынәлиевтің өз фамилиясын не себепті өзгертіп жі­бер­генін мақаланың соңында айтатын боламыз) «мені ұрды, соқ­ты» деген арыз түскенде бір-ақ біл­дік. Не керек, тергеуге түс­тік. Ұр­ға­нымыз, соққанымыз дәлел­денбеді. Дегенмен, сынықтан сыл­­тау іздегендер қойсын ба? Бұл іс қоңыр күзге дейін созылып, қыр­күйек айында біздің үстімізден 308-бап бойынша, яғни «қызмет бабын асыра пайдаланғаны, былайша айтқанда, Тұрсынәлиевтің ішкен-ішпегенін анықтау мақсатында ерік­сіз Жетібайға апарғанымыз үшін» қылмыстық іс қозғалды. Біз: «Наркологтардың өзі мас адамды сау деп тұрса қайтпекпіз. Егер ішпеген болса, алкотестерді қай­­мықпай үрлей салар еді ғой. Ал Аманова болса, Тұрсынәлиевті тестіден өткізбей жатып сап-сау деген қорытынды шығарып берді», дегенбіз. Құлақ асар жан болмады. Сағыздай созылған қылмыстық іс биылғы жылдың мамыр айына дейін жетіп, ақыры сотқа жө­нел­тілді. Өз басымыз бізге тағыл­­ған айыпты жөнсіз деп есептейміз».

АЙЫПСЫЗ АЙЫПТЫЛАР

Қос полицейдің бізге ұсынған құжаттарына сүйене отырып, олардың жанайқайын жұрт назарына ұсынуға да болар. Деген­мен, біз іссапарда болған кездері оларға қатысты қылмыстық іс Жаңаөзен қаласының сотында қара­лып жатқан екен. Сондықтан, әліптің артын бағып, сот үкімінің шығуын күттік. Көп ұзамай Жаңа­өзен қалалық сотының судьясы А.Досмағамбетованың екі полиция қызметкеріне қатысты үкімі де шықты. Онда былай делінген:

«Сабеков Ғалым Ахметұлы Қа­зақстан Республикасының Қыл­мыстық кодексінің 308-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған үш жүз елу ай­лық есептік көрсеткіш мөл­ше­рінде, яғни 566 300 теңге айып­пұл салынсын.

Тұрғынбаев Берік Төле­­­­гено­вич Қазақстан Респуб­лика­сы­ның Қыл­мыстық кодек­сі­нің 308-бабының 2-бөлігімен кі­нәлі деп танылып, оған үш жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөл­ше­рінде, яғни 566 300 теңге айып­пұл салынсын».

Бұл қылмыстық іс заңсыз қоз­ғалып, заңсыз тергеліп, нәти­же­сінде Сәбеков пен Тұрғынбаев заңсыз сотталған деп есептеймін, – дейді сотталушылардың қорғау­шы­сы А.Ыбырай, – және бұл уәж­дерімді алдын ала тергеу мен сот мәжілісінде дәлелдегенмін. Бұл қылмыстық істе екі негізгі дәлел бар. Біріншісі, Жаңаөзен қалалық ма­мандандырылған әкімшілік соты­ның 2012 жылғы 3 мамырдағы Б.Балиұлының арақ ішкен мас күйінде автомашина айдағаны туралы жинақталған Әкімшілік құқық бұзу туралы істі әкімшілік құқық бұзу фактісі болмаған себепті қыс­қарту туралы № 3-10032-2012 қау­лысы. Екіншісі, оқиға болған түні сотталған Б.Тұрғынбаев дәрі­гер-нарколог А.Аманованың іс-әре­кетіне сенбей, оған ресми түрде сенімсіздік білдіріп, оған ескер­ту айтып, сол кезде түсіріп алған бей­нетаспа.

Соттың сотталған Тұрғынбаев түсірген бейнетаспаны алғашында іске айғақ зат ретінде қабылдауға қарсы болса да, артынан қабылдап, оны сот мәжілісінде қарап, ондағы медбике, санитарка Жібек пен күзетшілерден жауап ала отырып, артынан айғақ зат ретінде іске тіркеуден бас тартуы заңсыз болып табылады. Себебі, бұл бейнетаспаны Тұрғынбаев дәрігер-нарколог Аманованың заңсыз әрекеттерінің айғағы ретінде түсірген және оны алдын ала тергеу орындарына тапсырған. Бірақ ол туралы хаттама сұрамаған. Нәтижесінде бұл айғақ іске тіркелмеген.

Сот кезінде зерттелген бей­не­таспаға қарағанда, дәрігер-нар­колог Аманова өз қызметіне салғырт қараған. Бейнетаспада Бали­ұлын дәрігер-нарколог Ама­нова емес, санитарка Жібектің тексеріп жатқаны анық көрінеді. Бұған наразы болған Тұрғынбаев «Өзіңіз неге тексермейсіз, неге санитарка тексереді?» деп Амановаға ескерту жасайды. Осыдан кейін ғана нарколог Аманова орнынан тұрып, Балиұлын орындыққа отыр­ғызып, оған сілекей-тест ұсын­ғанда Балиұлы «аллергиям бар­» деген желеумен ондай тес­тен өтуден бас тартады. Аталған жағдайда, нарколог Аманованың Балиұлын мас емес, сау деп берген №259 қорытындысы заңсыз болып табылады. Себебі, Балиұлы адамның мас не сау екенін анық­тайтын не­гізгі тестілер: алкотест пен слю­нотес­­­­тен өтуден бас тартқан.

Бейнетаспада көрсетілгендей, дәрігер-нарколог Аманова Бали­ұлын тексеруге салғырт қараған. №259 қорытындыда нарколог Аманова Балиұлының тексеруден өтуден бас тарқанын, аты-жө­нін, тұрағын, қызмет орнын айт­пағанын біле тұра оған «сау» деген заңсыз қорытынды берген.

Тұрғынбаев Аманованың қоры­тындысымен келіспей, заң бойынша оның бастығы Товекеловке телефон соғып, Аманованың заңсыз әрекетін хабарлаған. Ал Товекелов дәрігердің қорытындысына келіс­пеген жағдайда Ақтауға немесе жақын маңдағы Жетібайға апарып, қайта тексеруден өткізу­ді тапсырған. Нәтижесінде, Тұрғын­баев пен Сәбеков Балиұлын Жеті­байға апарып, ондағы кезекші-фельдшер М.Балмұхановаға тек­сертіп, Балиұлының «жеңіл түрдегі мас» екендігі жөнінде акт алған.

Үкімде көрсетілгендей, фельд­шер Балмұханованың актісін заңсыз деп табу сотталған Сәбеков пен Тұрғынбаевты айыптауға негіз бола алмайды. Балмұханованың сертификатының бары, жоқтығын тексеру полиция қызметкерлерінің құзыретіне жатпайды. Фельдшер Балмұханова мен басқа да кезекші фельдшерлер осы оқиғаға дейін де, оқиғадан кейін де қызметтерін жалғастырып, тексеруге келген аза­маттарға акті толтырып кел­ді. Сон­дықтан, фельдшер Балмұ­ха­нова­ның актісін заңсыз деп табу­дың өзі заңға қайшы.

Сот үкімі облыстық нар­ко­ди­с­пансердің бас дәрігері К.Қара­жа­нованың дәрігер-нар­колог Ама­нованың қоры­тын­­дысы заңды де­ген заңсыз қоры­тындысының негі­зінде шыға­рылған.

Бас дәрігер Қаражанованың қорытындыларына сын көзбен қарау қажет. Себебі, ол қарауын­дағы Аманованы қалайда қорғауға мүдделі. Атап айтқанда, 2012 жыл­дың сәуір айында Қаражанова Жаңа­өзен қалалық ішкі істер басқар­масына Аманова берген қоры­тынды дұрыс деп негізсіз қоры­тынды берген, нәтижесінде Бали­ұлы мас болғандығы үшін берілер әкімшілік жазадан екінші рет құтылып кеткен.

Қылмыстық іс қозғалғанда Сә­беков пен Тұрғынбаев облыстық денсаулық сақтау басқармасына арызданып, Аманова мен Бал­мұханованың қорытындысы мен актілерінің дұрыс-бұрыстығы жөнінде тексеру жүргізуді сұра­ған. Нәтижесінде басқарма бас­тығының орынбасары А.Бисен екі дәрігердің де талаптарды орын­дамағаны жөнінде хабарлаған. Бұ­дан шығатын нәтиже, Ама­но­ваның да Балмұханованың да қо­рытындыларының заңсыз еке­ні анық­талып отыр. Ал сот мәжі­лі­сін­де қорғаушының өтініші бо­й­­­­­­­­ын­ша алдырылған денсаулық сақтау басқармасының қызметтік қорытындысы ескі болып шықты. Яғни, 2012 жылғы сәуірдегі Қа­ра­­­жанованың жасаған заңсыз қо­рытындысы еді. Нәтижесінде бас нарколог-дәрігер Қаражанова сотты алдап, ескі қорытындыны бер ­ген, ал сот болса, мәселенің анық-қанығына жетудің орнына ес­кі қорытындыға сүйеніп, заңсыз үкім шығарған.

Облыстық наркодиспансер бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары А.Мамбеталиева сот мәжілісінде берген жауабында: «Балиұлы тексеруден өтуден бас тартқан жағдайда нарколог Аманова қорытынды бермеуі керек еді» деп нақты көрсетті.

Жоғарыдағылар негізінде қыл­мыстық іс бойынша сот-нар­коло­гиялық сараптама тағайындау қа­жеттігі туады. Себебі, қарама­ғындағы дәрігер Аманованы қа­лайда жауапкершіліктен құт­қа­ру мақсатында заңсыз екі рет қо­рытынды берген облыстың бас наркологы Қаражанованың заңсыз қорытындылары Сәбеков пен Тұр­ғынбаевты соттауға негіз бола ал­майды. Сот мәжілісінде қор­ғау­шының сот-наркология сарабын тағайындауды сұраған өтінішінің қанағаттандырылмауы заңсыз болып есептелінеді.

БАЛИҰЛЫ ДЕГЕН КІМ?

Осы сот процесінде жәбі­р­ленушінің рөлін ойнаған Б.Ба­лиұлы мемлекеттік қызметкер, Жаңаөзен қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің бастығы. Ол осындай қызметте бола тұра ресми орындарды алдап келген, алаяқтық жасаған, коррупциялық және әкімшілік жауапкершіліктен құтылып кетіп отырған. Балиұлы осы оқиғаға дейін де арақ ішіп, мас күйінде дәл осындай заңбұзушылыққа барған. Бірақ оны әкімшілік қамауға алу туралы сот қаулысы үш жыл бойы орындалмай келе жатқан. Ол 2013 жылғы қазан айында Жаңаөзен қаласында арақ ішкен мас күйінде әкесінің «Лексус» автомашинасын сенімхатсыз, жүргізушілік куәлігінсіз айдағаны үшін сот қау­­лысымен 15 күнге әкімшілік қа­мауға алуға сотталған. Алайда, Балиұлы бір күннен кейін «ауырып» ауруханаға түсіп, жауап­кершіліктен құтылып кеткен. Нәти­жесінде сот қаулысы бүгінгі күнге дейін орындалмаған. 2013 жылы 15 наурыз күні дәл сол автомашинамен арақ ішкен мас күйінше екінші рет ұсталған. Ол тағы да әкімшілік жауапкершіліктен құтылып кеткен.

2011 жылы Б.Балиұлы өзінің бұрынғы «Тұрсынәлиев» деген фамилиясын қолдану арқылы коррупциялық жауапкершілікке тартылудан «фамилиям Тұрсын­әлиев» деп өтірік айту арқылы құтылып кеткен. Жоғарыда айт­қанымыздай, үстіміздегі жылдың 15 наурызында мас күйінде көлік айдап ұсталған ол хаттамаға өз фамилиясын «Тұрсынәлиев» деп тағы да өтірік көрсеткен. Әкім­шілік және коррупциялық жауап­кершіліктен құтылып кетуге маманданып алған мемлекеттік қыз­меткер Б.Балиұлының арызы арқылы сотталып отырған жол по­ли­циясының қос қызметкеріне обал емес деп айтып көріңіз.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қа­з­ақ­­стан-2050» Стратегиясы – қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан хал­­қы­на Жолдауында «Біз ең ұсақ құ­қық бұзушылықпен, бұза­қы­лық­пен, мәдениетсіздікпен ымы­раға келмеуіміз керек, өйткені, осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді. Тәртіпсіздік пен бетімен кету­ші­лікті сезіну одан да елеулі қыл­­мыс­тарға жол ашады» деген еді.

Олай болса, қайта-қайта мас кү­­й­інде рөлде отырған, қайта-қайта ұсталған Б.Балиұлының әрекеттері осы Жолдауда көрсетілген ұсақ құқық бұзушылыққа да, бұза­қылыққа да, мәдениетсіздікке де жатады емес пе? Оның заңсыз іс-әрекеттеріне тосқауыл болуға ты­рысқан жол полициясының қос қызметкерінің бас­тарын бәлеге шатып, сотқа сүйреп, негізсіз соттап отырғандардың әре­кеттерін қалай түсінуге болады? «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» дегеннің кері емес пе? Айыпсыз айыпты болып отырған қос жігітке обал жасап отырғандарын құзырлы орындар түсінер ме екен?!.

Шарафаддин ӘМІРОВ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ – АҚТАУ – АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар