Аймақтар • 14 Сәуір, 2020

Жабай мен Колутон өзендеріндегі судың деңгейі көтерілді

399 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көктемгі су тасқынының алдын-алу шаралары қазірде Атбасар мен Астрахан аудандарында қарқынды жүргізілуде.

Жабай мен Колутон өзендеріндегі судың деңгейі көтерілді

Осы аудандардағы Жабай және Колутон өзендерінің су деңгейі шекті нормадан асып кетті. Төтенше жағдай қызметінің мамандары, Целиноград ауданындағы  Қараөткел, Талапкер және Қоянды ауылдарынан 52 мың текше метр еріген қар суын сорып үлгерді. Дамбылар бекітіліп, арықтарды тазарту мықтап қолға алынуда.

Бүгінде облыстағы Жабай, Колутон және Сілеті өзендеріндегі су деңгейі күрт көтеріліп келеді. Атбасарға жақын жердегі Жабай өзенінің деңгейі шекті нормадан 40 сантиметрге асып кеткен. Ал, Астрахан ауданындағы Колутон өзенінің деңгейі соңғы 2-3 күнде 54 сантиметрге көтерілген. Өзенге жақын орналасқан Колутон ауылындағы екі үйді су басу қаупі төніп тұр. Қазір аталған елді мекендерде төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің құрылымдары тиісті шараларды атқарып жатыр. Арнайы инженерлік теxника да сонда.

–Сәуірдің 14-індегі жағдай бойынша облыстағы Жабай мен Колутон өзендерінің су деңгейі көтеріліп, елді-мекендерді су басу қаупін төніп тұр. Жағдай өте күрделі,–дейді облыстық төтенше жағдайлар  жөніндегі департаментінің бастығы Алексей Советов.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің мамандары бүгінде қауіп төндіріп отырған өзендер мен су қоймаларындағы су деңгейін күнделікті бақылауда ұстап, мониторинг жүргізуде. Алдағы күндері Жабай, Колутон және Сілеті өзендеріндегі су деңгейі төмендейді деген болжам бар. Өңірдегі басқа өзендердегі су деңгейі қалыпты. Аймақтағы су қоймаларындағы жағдай да тұрақты. Ірі көлемде су жіберу әзірге жоспарда жоқ. Қауіп төндіріп отырған өзендердегі гидробекеттер тәуліктік мониторингке алынған.

 

Ақмола облысы