08 Қыркүйек, 2013

CӨЗ СОЙЫЛ

282 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Әзіл - оспақ, сын - сықақ

Соз -сойыл 2014

 

Әзіл - оспақ, сын - сықақ

АҚША ЖЕУДІҢ АМАЛЫ

– Иек астында қыс бар,

Ал, сендерде қандай іс бар?

Қалай боп жатыр дайындық,

Жүрсіңдер ме,

алдағы күнді уайым ғып, –

деп әкім мектеп басшысынан

сұрап еді.

Анау шалқып шыға келді де:

– «Кәтельни» жөнделіп тұр,

«Заводский» өңделіп тұр.

Құбыр біткенді жаңаладық,

«Нешауа нормальный»

деп бағаладық.

«Кран» біткен сарқырап тұр,

«Тоқ жүйесі – светіміз»

Астанадағыдай жарқырап тұр.

Еш болмасын күпірлік,

Жағдайымыз шүкірлік.

Жалпы алғанда, қазір біз,

«Жүз прәсент» әзірміз... – деді.

Көп ұзамай қыс келді,

Сынға түсер тұс келді.

«Кәтелни» тоқтап қалды,

Сантехниктер сандалып қалды,

Құбыр шірік екен,

жарылып тынды,

Мектеп үш күн бойы жабық тұрды.

Терезеге мұз қатты,

Еденге сыз қатты.

Тоқ сөніп қалды,

Компьютерлер өліп қалды.

Бұдан соң алашапқын болып,

Мектеп іші «солтүстік полюс»

болып,

Қосымша қаржы кетті,

Қызыл өңештен қарғып өтті...

Қыс бес қаруын сайланып келген,

Жалған сөзді табады емес пе –

Осының бәрі айналып келгенде,

Ақша жеудің амалы емес пе!..

Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ.

Маңғыстау облысы.

 

ҚАЙДАҒЫ МЕН ЖАЙДАҒЫ

Әжесі оқуда жүрген қызының хатына жауап жазуда: «Қызым, жағдайың қалай? Сен сұрағандай 10 000 теңге салып жібердім. Бірақ келесіде хатты дұрыс жаз. Он мың теңге төрт нөлмен жазылады, сен жазғандай бес нөлмен емес!..»

* * *

Соңғы жаңалықтардан: «Алдағы уақыттарда Қазақстан жерінде құлаған зымырандар мен тікұшақтар мұражайы салынатын болды».

* * *

Құлақтандыру: «Ғарыш агенттігі «ҚазСат» жер серігін тапқан адамның мойнындағы несиесі мен ипотекасын төлеп беруге кепілдік береді».

* * *

Спорт жаңалықтарынан: Ванкувердегі қысқы олимпиадалық ойындардан алтын медаль алған спортшыларға бюджеттен миллиондаған қаржы бөлінген еді. Қазына қаржысын үнемдеуді ойлаған біздің спортшылар олимпиадада алтын алмауға тырысты...

* * *

Ғылыми анықтама: «Ғалымдардың зерттеу нәтижесінде әлемдегі ең түсінікті тіл – қытай тілі екені анықталды. Себебі, бұл тілді екі миллиардқа жуық адам түсінеді».

 

ЖӘДІГӨЙ ЖҰМБАҚТАР

Тартса да жаза айыбын,

Жимайтын кім айылын?

(Кеден қызметкері).

* * *

Маңдай терін төгіп жүр,

Бейнетке қарай ақы алмай,

Тапшылыққа төзіп жүр.

(Жұмысшы).

* * *

Менен озып алға кім шығады,

Деп өлердей тұншығады.

(Қызғаншақ).

* * *

Жұрт алдында ұрандайды,

Өзі түк бітірмей тыраңдайды.

(Берекесіз белсенді).

* * *

Пайда түсер тұсты барлайды,

Тәртіпке шақырғансып,

Айыппұл төле деп арбайды.

(Полиция қызметкері).

* * *

Тең ұстамай таразының табағын,

Қымқырумен-ақ артық табар тамағын.

(Саудагер).

* * *

Жағадан алып әкіреңдеп:

– Мен сені өлтірем, – деп,

Шайқасқа қызу араласып,

Жүретін кім,

Көзі ісіп, қарабасып?

(Қызба басбұзар).

* * *

Кеміргішпен алысқан,

Қаптесерге – арыстан.

(Мысық).

Әли ЫСҚАБАЙ.

ТАЛДЫҚОРҒАН.

 

Әзілің жарасса...

Соз -сойыл 2014

Суретті салған Е.КРАН.

___________________

 

АСҚАЗАНЫҢЫЗ АУЫРМАЙ МА?

Түнiмен iшiм бүрiп көз iле алмай шыққан соң, таңертең Мық­тыгүлдiң ақылымен сүйретiлiп емханаға келдiм. Арқаншасо­зыл­ғанұзыннан-ұзақкезектiңсоңы­нан iлiгiп, әйтеуiртүсауадәрiгердiңдетөбесiнкөрдiм-ау. Менiңұсқынымакөңiлi толмады-аудеймiн, көзәйнектiңүстiненсүзiлеқарағандәрiгермырзатiлқатуғадаерiнiп, неғыпжүргенадамсыңдегендейжайғанаиекқақты.

– Мен... не, ептеп асқазаным ауырып... – деп бастадым батылсыздау.

– Так, асқазан, значит. Не жеп едiңiз?

– Қара шай, содан кейiн аздап қара нан...

– Мынаның сөзiн қара, – дедi дәрiгер жанындағы медбикеге бұрылып, – қара шай, қара нан дейдi. Сiз ерiгiп жүрген адамсыз ғой деймiн? Қара шай, қара нан... Ұялсаңызшы айтуға! Бiзде қандай адамдар жатқанын бiлесiз бе өзiңiз?

– Жоқ, бiлмедiм...

– Әрине, бiлмейсiз, бiлсеңiз келмес едiңiз мұнда. Жүрiңiз, көрсетейiн.

Амалсыздан дәрiгердiң соңынан ердiм. Шеткерірек бiр палатаның есiгiн ашып едi, қарны шеңбiрек атып кеткен, денесi көкала қойдай сiлейiп жатқан бiреудi көрдiм.

– Мына адамның да асқазаны ауырады, бiлесiз бе не жегенiн? – дедi дәрiгер науқасты қолмен нұсқап.

– Жоқ, бiлмедiм...

– Әрине, бiлмейсiз. Бұл ақша жеген. Жегенде анау-мынау емес, миллиондап жеген. Және бiздiң де ақша емес, шетел валютасы, доллар, еуро, тағы сондай. Шетел ақшасын жегендердi емдеу өте қиын. Жатыр мiне ес-түссiз.

– Сұмдық екен!

– Бұл ештеңе емес, жүрiңiз басқасын көрсетемін.

Келесi палатаға кiрсек, денесi қара қошқылданып кеткен бiреу кереуетте әрi-берi аунап, сандырақтап жатыр екен. Денесiнiң әр жерiне кәдiмгiдей шөп шығып кетiптi. Ғұмырымда денесiне шөп өскен адамды бiрiншi көруiм, зәрем ұшты.

– Ал айтыңызшы, бұл адам не жеген деп ойлайсыз? – дедi дәрiгер масаттанған кейiппен.

– Бiлмедiм...

– Бұл жер жеп қойған. Жер болғанда бiрнеше жүз гектар. Және даланың да жерi емес, Алматының қақ ортасынан жеген. Оның қорытылуы қиын болады. Жатыр мiне, өлейiн деп ендi...

– Астапыралла!

– Жүрiңiз келесi палатаға.

Келесi палатаның босағасын аттауымыз мұң екен, жермай иiсi алып кеттi. Денесi қап-қара болған бiреу тынымсыз дөңбекшiп жатыр. Тiптi астына төсеген ақжаймасына дейiн қап-қара болып кетiптi.

– Ал мынаны не жеген деп ойлайсыз? – дедi дәрiгер салтанатты түрде.

Мен үнсiз басымды шайқадым.

– Солай ма?! – дедi менiң сасқаныма әбден риза болған дәрiгер. – Бұл адам асфальт жеген.

– Асфальт?..

– Иә, кәдiмгi жолға төсейтiн асфальт бар ғой, соны жеген.

– Құдай сақтасын! Қанша жеген сонда?

– Әй, айтшы, қанша жедiң? – дедi дәрiгер ыңырсып жатқан сырқатқа бұрылып.

– Жүз елу шақырымдай болады ғой деймiн.. – дедi әлгi даусы қырылдап.

Шынында да, асфальт жеген жаман болады ғой деймiн, әлгi байғұс мертiккен сиыр құсап ыңқылдай бередi.

– Так, ендi келесi палатаға барайық, – дедi өзiне өзi әбден риза болған дәрiгер.

– Жо-жоқ, рахмет, мен кетемін, үйге барамын, қазiр асқазаным тiптi ауырып тұрған жоқ.

– Болмайды, көрiп кетiңiз, – деген дәрiгер менi ерiкке қоймай жетелеп, келесi палатаға ала жөнелдi.

Кiрсек, темiр тордың ар жағында екi көзi алақ-жұлақ еткен бiреу отыр. Терезенi ашып қойғанмен, жанармайдың иiсiнен бас айналады. Бiздi көрген сырқат жалма-жан тордан басын шығарып:

– Айналайын, дәрiгер, бiр стақан бензин бершi, басым ауырып өлiп барамын, сексенiншi маркалы болса да жарайды, – деп жалынғанда, әлгi байғұсты жаман аяп кеттiм.

– Бұл не жеген? – деймiн ақырын дәрiгердi түртiп.

– Бұл ма, бұл мұнай жеген, анығырақ айтқанда, iшiп қойған. Жүздеген тонна! Былайша айтқанда, мұнайдың алқашы. Қазiр емделiп жатыр. Күнiне 10-15 литр бензин iшпесе, ұйықтай алмайды. Бiз бұны жеке қамап ұстаймыз. Әйтпесе бiреу-мiреу бұл жерде байқамай шырпы жақса, бiттi, бүкiл емханамыздың күлi көкке ұшады.

Шынымды айтсам, жаным бақайымның ұшына барды:

– Дәрiгержан, Құдай үшiн кетейiкшi бұл жерден! Ендi бұл араға өлсем де келмеймiн!

– Ә, солай ма?! Көзiңiз жеттi ғой ендi, кiмдер емделiп жатқанына?

– Жеттi, жеттi...

– Емделуге қалмайсыз ба?

– Атамаңыз, құрысын!

Емханадан қалай атып шыққа нымды бiлмеймiн. Есiмдi үйiме жеткенде бiр-ақ жинадым. Маңдайымның терiн сүртiп, iшiмдi әрi-берi сипап байқасам, ешқандай ауырғаны да бiлiнбейдi, тiптi тап-тамаша. Қара шай мен қара нанның арқасы шығар, тәубе, дедiм iштей.

Сайлау БАЙБОСЫН.

ЕКIБАСТҰЗ.

 

ҚОНЫСБАЙДЫҢ ҚАЛЖЫҢДАРЫ

Бір отырыста өзін «композитормын» деп таныстырған жігіт, бір-біріне ұқсайтын әуезсіз әндерді шұбыртып айтып қонақтарды әбден шаршатыпты.

– Айналайын, мына бір кіл ешкім естімеген әндерді қайдан тауып алғансың? – деп сұрайды шыдамаған қонақтардың бірі.

– Әрине, бұрын естіген жоқсыздар. Өйткені, бұлардың барлығының да әнін өзім шығардым, сөзін өзім жаздым, домбырамен өзім сүйемелдеймін, өзім орындаймын! – деп мақтанады «композитор».

Сонда Қонысбай:

– Енді өзің ғана тыңдасаң ғой, ешкімге де күнің түспес еді, – депті.

* * *

Бақыт деген досының бөлмесіне кірсе, төрде үлкен диван тұр екен.

– Бақыт екеуміз түс кезінде кезектесіп, жарты сағаттан ұйықтап аламыз, – депті бірге отыратын келіншек.

Сонда Қонысбай Әбіл:

– Құшақтасып жата кетсеңдер ғой, бір сағат ұйықтап алар едіңдер, – деген екен.

* * *

Республикалық көші-қон агенттігі Астана қалалық басқармасының бастығы жиі өзгеретін уақыт. Бастық ауысқан сайын Бейімбет деген жігітті «и.о.» етіп қалдырады екен.

– Бейімбет, қалай, бастық болдың ба? – деген Қонысбайдың кезекті сұрағына Бейімбет:

– Жоқ, аға, әлі «и.о.»-мын ғой, – деп жауап береді.

– Алда, айналайын-ай, он рет «и.о.» болғанша, бір рет ие болмайсың ба? – деген екен сонда Қонысбай.

* * *

Қонысбайдың бір көршісі ішіп алса өте мазаң екен. Қатты мас болып келген күндері әйелімен жанжал шығарған кездерінде бірнеше рет әзер деп арашалап алады. Сол көршілері кішкентайлы болып, шілдеханаға Қонысбай да қатысады.

– Келіннің ер бала табатынын алдын ала білгенмін, – деп мақтанады қонақтардың бірі, – өйткені, түсімде отағасы келіншегін қолына пышақ ұстап қуып жүр екен...

– Ұл бала туатынына біз де күмәнданған жоқпыз, – дейді Қонысбай сөз кезегі келгенде, – өйткені, көршіміз өңімізде де, түсімізде де жеңгемізді пышақ алып қуады да жүреді...

* * *

Қонысбайдың бір құдаларының фамилиясы Ақбұзауов екен. Бір күні соларға қонаққа барып қайтқан ұлы Нұрхан:

– Әке, маған Ақбұзауовтар бұзау атады, – деп жаңалығын жария етеді.

– Қап, әттеген-ай, құдалардың фамилиясы Аққұлынов болмағанын қарашы, – деп «өкінеді» Қонысбай.

Сапар ӘБІЛКӘКІМТЕГІ.

ҚОСТАНАЙ.

 

ӨКІНІШТІ...

Мекемедегілердің бәрі Біріншінің Екіншімен жақын дос екендігіне күмәнданбайтын. Бірақ, бұл өзі өте қызық достық еді. Екінші өзінің Бірінші досымен қашанда бірінші болып амандасатын. Сондай-ақ, Екінші қашанда Біріншіге бірінші болып көмектесуге даяр тұрушы еді. Жұмыс барысында Бірінші қандай да бір қателік жіберіп қойса, Екінші жиналыс кезінде оны ақтап алатын.

Екінші Біріншінің және оның екін­ші әйелінің туған күндерін бі­летін және қашанда бірінші болып құттықтайтын. Осынысымен де Екінші нағыз дос еді. Бірінші оны ешқашан үйіне шақырмаса да, Екінші Біріншіні отырыстарға, жиындарға шақырудан жалық­пай­тын.

Екінші өзінің туған күнін атап өткен кезде де оның ең алғаш айтатын тілек-сөзі “Бірінші үшін!” болатын.

Ал Бірінші үшін Екінші қа­шан­да екінші орында тұрады. Сөйте тұра, Екінші нағыз берілген дос еді. Ол қандай жақсы нәрсе болсын алдымен Біріншіге бұйыруы керек деп білетін. Әлдекіммен сөйлескенде де Екінші алдымен Біріншінің сөзінен мысал келтіріп, оның шынында да бірінші адам екенін айта кетуді ұмытпайтын.

Бірде жағдай тосыннан өзгеріп сала берді. Мекемедегілердің барлығы түкке түсінбей аң-таң: бірінші рет Бірінші Екіншімен бірінші болып амандасты да, оны өзінің туған күніне шақырды. Артынша әріптестер арасында болған әңгімеде Бірінші Екінші туралы әңгіме қозғап, оның Бірінші болуға әбден лайық екендігін айтты.

Бәрі бір күн өткен соң бел­гілі болды: осы уақытқа дейін мекеменің бірінші адамы болып келген Бірінші жоғарыдағылардың бұйрығымен Екіншінің орнына отыратын болыпты да, Екінші Біріншінің орнын иемденіпті.

Өкініштісі, бұл орынға негізінен Үшінші лайық еді...

Юрий РИХТЕР.

Аударған Үміт ЗҰЛХАРОВА.

________________

Мүйісті жүргізетін

Берік САДЫР