Қазіргі орын алып отырған жағдайға байланысты механика кафедрасының ұжымы да қашықтан білім беру жүйесіне көшті. Үйде болғандықтан, бұрын-соңды қолымыз тимей, бірақ ойымызда жүрген шаруаларға қол жетіп жатқаны да жасырын емес. Содан сәті түсіп Төлеген Оспанұлы архивтерін ақтарып, осы әңгіме басында айтылған ұшқыш-космонавттардың суреттерін тауып маған жіберген болатын.
Ғарышкерлермен болған кездесуден естелік болған бұл суреттердің тарихын Төкең былай деп баяндайды:
Мен, 1950 жылы Новосібір облысында, Құлынды (Құлын) даласында – ата-бабаларымыздың жерінде дүниеге келдім. 1964 жылы мектептің үздік оқушысы, пионер-комсомол жетекшісі және спортшы ретінде Кавказдың Қара теңіз жағалауындағы Туапсе теңіз порты жанындағы «Орленок» лагеріне (Бүкілодақтық «Артек» лагерінің аналогы) бүкіл аймаққа берілген жалғыз жолдама маған бұйырды. Біз қыркүйек-қазан айларында сол лагерьде болдық, бір тоқсан сонда оқыдық, демалып, шынығып қайттық.
Қыркүйек айының соңында Сочиде төрт ғарышкер демалды: Юрий Гагарин, Андриян Николаев (бірінші әйел-ғарышкер Валентина Терешкованың күйеуі), Владимир Комаров және ғарышқа ұшқан алғашқы ғалым, техника ғылымдарының докторы Константин Феоктистов. Біз ұшқыштарға лагерьге келуге шақыру жібердік. Шақыруды алған соң, олар қайықпен бізге жетті.
Сол кезде мен өзімнің отряд командирі болғаныма қатты қуандым. Себебі ұшқыштарды сол порттан автобуспен қарсы алуға қошеметші топпен бірге бардым. Порттан біздің «Орлёнок» лагеріне дейінгі таулы жолдың ұзақтығы қырық бес шақырым. Жолшыбай автобуста келе жатып ғарышкерлермен жақынырақ танысып, етене әңгімелесе алдық және өз басым төрт ғарышкердің қолтаңбаларын да алып үлгердім.
«Орлёнокта» қадірлі қонақтармен ұзақ та қызықты кездесу өтті. Кездесуге төрт жүз пионер және комсомол мүшелері қатысты. Біздің сұрақтарымызға көбінесе аты аңызға айналған Юрий Гагарин жауап берді. Ол өте қарапайым, сүйкімді, мейірімді және қызық адам болып шықты. Өзінің сөз саптауына қарай, олардың ішіндегі жасы үлкені, мейірімді әрі ақылдысы Владимир Комаров екенін аңғардық. Өкінішке қарай, ол Қазақстанның Жезқазған аймағына қону кезінде қайғылы қазаға ұшырады.
«Кездесу барысында мен олардың бәрін қарапайым Smena-5 камерасымен суретке түсіріп алдым», деп әңгімесін аяқтаған Төлеген аға сол ұшқыштармен болған кездесудің әлі есінде екендігін, және осы ақпаратқа қызығушылық танытатын жандармен бөлісуге дайын екендігін білдірді.
Әңгімеге арқау болған суреттердің тарихы міне осындай болды.
Динара ТУРАЛИНА,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультеті