Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, екі ел қарым-қатынасының маңызды мәселелерін талқылады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.


Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, екі ел қарым-қатынасының маңызды мәселелерін талқылады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Бұл – мәртебелі мейманның біздің елімізге алғашқы мемлекеттік сапары.
Нұрлан Нығматулин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай басшысының сындарлы саясатының арқасында екі ел халқының игілігі жолында жоғары деңгейдегі мемлекетаралық қарым-қатынас орнап, тұрақты әрі қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етті.
Сонымен бірге, Қазақстан мен Қытайдың – ШЫҰ, АӨСШК, БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдар аясындағы байланысы да назардан тыс қалмады.
Мәжіліс Төрағасы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің сапары барысында жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту туралы Бірлескен декларация қос мемлекет ынтымақтастығының тамырын тереңдететініне сенім білдірді.
КХР Төрағасы екі елдің түрлі саладағы өзара қатынасына жоғары баға бере келіп:
– Қазіргі таңда біздің қатынасымыз бұрынғыдан да қарқынды дамып келеді, – деді.
Сонымен бірге, Си Цзиньпин өзінің біздің елімізге сапары Қазақстан Президентінің арқасында қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде біздің елдеріміздің арасында орнаған стратегиялық, достық және тату көршілік қатынастың нақты көрсеткіші екенін баса атап өтті.
Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы мен Қытай басшысы парламентаралық байланыстың маңыздылығына да ерекше көңіл бөлді.
Нұрлан Нығматулин Парламент Мәжілісінде Халық өкілдерінің Бүкілқытайлық жиналысымен ынтымақтастық жөнінде топтың бар екенін алға тарта келіп, біз үшін үдемелі экономикалық өсім, инновация, жемқорлықпен күрес, басқа да салаларды заңнамалық қамтамасыз ету жағынан қытайлық әріптестеріміздің тәжірибесі маңызды, деді.
Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы ҚХР Төрағасының Қазақстанға сапары стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтып, екі ел қарым-қатынасының, соның ішінде, парламентаралық ынтымақтастықтың нығаюына тың серпін беретінін атап айтты.