Қазақстан • 15 Сәуір, 2020

Алматы билігі Ұлттық ұлан қызметкерлерін жігерлендірді

849 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай кезінде алғы шепте қызмет жасап жүрген Ұлттық ұлан сарбаздарының еңбегі ерен. Алматы қаласы әкімдігі мен шаһардың 8 ауданы ұландықтардың  еңбегін ескеріп, сарбаздарға ықыласын білдірді. Атап айтқанда жүздеген ұландықтар мен ұлан ардагерлеріне азды-көпті әлеуметтік көмек көрсетілді.

Алматы билігі Ұлттық ұлан қызметкерлерін жігерлендірді

Карантин тәртібі барынша күшейтілген мегаполисте мыңға тарта ұландық күн-түн демей  қоғамдық тәртіпті күзетуде. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5571 әскери бөлімінде қызмет ететін бірқатар азаматтардың отбасына азық-түлік қорапшалары табыс етілді. Қиын сәтте бар жігерін ел қауіпсіздігіне арнаған жеке құрам қызметкерлерінің арасында көпбалалы әкелер мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырғандар, сондай-ақ әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандар да бар.

«Нағыз ерлер сын сағатта сыналады. Мұндай кезде әскери құрылымдарға артылатын жүк пен жауапкершіліктің салмағы ауыр. Біздің ұландықтар мұны жақсы түсінеді. 115 тен астам азық-түлік қорапшаларын үлестіріп, сарбаздарға жігер беріп жатқан әкімдіктегілерге рахмет. Әскери бөлімнің қоғамдық ұйымдары  бұл себеттердің быразын ардагерлердің үйіне барып табыс ететін болады. Қазақстан халқымен бірге  аты жаман індетпен  күресіп жатқандардың алдыңғы шебінде осы біздің Ұлттық ұланның сарбаздары да жүр», дейді Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары Ниязтай Әлкешев.

Ұлттық ұлан сарбаздарының әскери оркестрі де сын сағатта сыртта қалмай  қоғамға пайдамыз тисе дейді. Оркестр алдағы күндері сарбаздар мен тұрғындарды жігерлендіру мақсатында онлайн концерт ұйымдастыруды қолға алмақ.