Коронавирус • 15 Сәуір, 2020

Қазақ алты ғасыр бұрын карантин жайлы не жазды?

3802 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемде 2 млн-ға жуық адам коронавирус жұқтырды. Адамзатты әбігерге салған індет елімізді де айналып өтпеді. 1275 қазақстандық жұқпалы дерттің құрығына ілінді. Бүгінде ауруды ауыздықтаудың бірден бір жолы карантин екенін дүниежүзі халқы толық түсініп отыр. Хадисте «жұқпалы ауруға шалдыққан адамнан жыртқыш хайуаннан қашқандай қашыңдар (қорғаныңдар)» делінген екен. Ал қазақ ғұламалары бұл жайлы не деген?

Қазақ алты ғасыр бұрын карантин жайлы не жазды?

Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1478 жылдар аралығында өмір сүрген) «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиясында жұқпалы аурулар туралы да сөз болған. Жәнібек ханның тапсыруымен жазылып, өсімдіктен алынатын 728 түрлі, жан-жануарлардан алынатын 318 түрлі, металл-металлоидтардан түзілетін 318 түрлі шипалық қасиеті бар дәрілердің атауы, 500-ге тарта анатомиялық атаулар келтірілген еңбек XV ғасырдан бүгінге жеткен жәдігер, қазақ медицинасының түп кітабы саналады.

Кітапта: «Олайы, қызылша тарағанда, басқаға жұқпасын деп немесе қызылша шыққан балаға тіл-сұқ болмасын деп, қызылша таралған алқаптағылар қызылша шыққан адамы бар деген белгі саналғысына есік сыртына не маңдайшаға қызыл бөз байлайтынымыз бұрынғы шикі жас ет байлайтыннан өзгерді. Шикі ет ілулік себеп – белгі мәнісі. Шикі ет ауырмаққа кісіміздің (қызылшаның үлкен-кішіні талғап шықпайтын кезі де болады) еті шикі еді, қызылша шығып, пысып жатыр деген белгілемдік ескертпелік ұғындырылыс еді.

Шикі етті (қызыл етті) қарға, сауысқан қатарлылар ала қашып, жеп қойып, жаңылыс көп болған соң, осылай өзгерді. Қызыл ет қыстырудың тағы бір мәнісі: үйге кірмеңіз, өзіңізге де жұғады; түссеңіз, қонақ болсаңыз, күйісіңіз келмейді, ренжімеңіз деген сақтандырымдық, кешіргіліктік жарияламдық ұғындырымдық айқындығы да бар.

Қызыл бөзді адам болмаса, кім алмақ? Бірақ ет жүректі адам пендесі оны алудан қорқады. Қыстырғы қызыл бөзді ұрлап кетсе, үй иесі тіпті біржола ала кетті деп ырымдағандығында

Қызылша шыққан ауылдың адамы қызылша шықпаған басқа ауылға барғаннан жұғады. Бұл арада жұқтырмашы пенде өзегі тұғыр кеңістікпен жұқтырды. Міне, бұл сырқаттық өзегі тұғыр кеңістік жұғулық науқасы делінбек» делінген.

Мұны тәпсірлеу үшін «Шипагерлік баян» кітабын зерттеуші, математик, ақын Шаяхмет Қалиға хабарластық. «Бұл қазақта бұрыннан келе жатқан салт-дәстүр. Қызыл шүберек байлау сол үйде жұқпалы аурумен ауырған кісі бар екенін көрсетеді. Яғни қазіргі тілмен айтқанда ол үй карантинде дегеннің белгісі. «Бұл арада жұқтырмашы пенде өзегі тұғыр кеңістікпен жұқтырды» деп жұқпалы аурудың ауа арқылы таралатынын меңзеген», дейді Шаяхмет Қали.

Оның айтуынша, аталған еңбектен оба мен туберкулез туралы да кезіктіруге болады. «Оба тараған ауылға басқа жақтан адам кіргізбеу керектігі айтылса, туберкулезге шалдыққан адамды оңаша орналастырып, оның ыдыс-аяқ, жеке бұйымдарына дейін оқшау ұстап, науқасты бөлек тамақтандыратыны да осы еңбекте жазылған. Кітапта екпенің өзі сол заманнан бар екені көрсетілген. Қазір Еуропа ғалымдары екпенің түркі халықтарында ежелден болғанын мойындап, айтып жүр», дейді «Шипагерлік баян» негізіндегі ескірген сөздердің түсіндірме сөздігін жазған  зерттеуші.

Яғни екпе туралы «Шипагерлік баянда»: «Жасамалы, жалғамалы, төтемелік қуат (иммунитетті жалғамалы жасау). Елге енді ғана оппалы, жұғымтал сырқаттар тарала бастағанда, сол сырқаттан сақтанғылық егіп (уакцина егіп), сол жұғымтал таралғыш оппалардан қорғанулық (қорғану үшін) қолмен еккен әдіспен алдан амал қарайластырмақ, жасамалы, жалғамалы төтемелік қуат жарату шарт болмақ», делінген.

Автор «Шипагерлік баянда» ғаламды бір-біріне қарама-қарсы болған алты өзегі тұғырдан құралған деген философиялық тұжырым айтады. Атап айтқанда, кеңістік өзегі тұғыр – аспан кеңістігі; тұрақ өзегі тұғыр – жер шары, су; ыстық өзегі тұғыр – күннің, оттың, адам денесінің ыстығы, жылы сөз, т.б.; суық өзегі тұғыр – күннің суығы, мінездің суығы, жаман сөз, т.б.; жарық өзегі тұғыр – күннің жарығы, көздің көруі, ішкі ойдың сыртқа шығуы; ал табиғатта, адам бойында көзге көрінбейтін дүниелер, біз сырын әлі ашпаған құпия нәрселер мен түн сияқтыларды қараңғы өзегі тұғыр деп бөлген. Өтейбойдақ табиғатты осындай алты өзегі тұғырға негізделіп жаратылған, оның бірі кем болса ғалам жаралмас еді дейді. Еңбекті осылайша түсіндірген Шаяхмет Қалиұлы жұқпалы аурулардың кеңістік өзегі тұғыр арқылы тарайтынын, яғни ауа арқылы жұғатынын айтады.