Біз тілдескен балалардың дерлігі жеке ноутбук, интернет тартылған телефоны бола тұра тек телеарнадағы сабақтарды қарап, WhatsAрр әлеуметтік желісі арқылы үй тапсырмасын жолдаумен жаңа форматтың аясын тарылтып жүр. Шын мәнінде қазір ешқандай мегабайт алмай-ақ өз өнімін, контентін тегін ұсынып отырған білім беру платформалары баршылық. Міне, осы сайттармен толығырақ таныстырмақпыз.
Қазір мұғалімдер арасында кең қолданысқа ие болып отырған білім беру платформасының бірі – Daryn.online. Платформаның негізін қалаушы Айбек Қуатбайдың мәлімдеуінше, 2 млн 219 мың оқушы және 138 мың 922 мұғалім тіркелген. Мұнда қазірдің өзінде 1-11 сыныптарға арналған 1416 видео сабақ бар. ҰБТ тапсыруға да болады. Бастысы тіркеліп аласыз, әрі қарай оқушының жеке кабинеті болады. Айтпақшы, бұл платформаның мобильді қосымшасы да бар. Оны бүгінде 1 млн 100 мың адам көшіріп алыпты. Платформа мұғалімдер үшін де өте ыңғайлы, олар member.daryn.online жаңа жүйесі арқылы оқушылардың операцияларын (видео қарағанын, тест тапсырғанын, тапсырма орындағынан) қадағалай алады.
Екінші ұсынылатын білім беру платформасы – Bilimland. Бұл жүйе мектептер қашықтан оқытуға көшкен алғашқы 5 күнде 15 млн 100 мың қаралым жинады. Bilimland білім беру платформасының маңызы сол – телеарналардағы сабақтарды осы сайттан қайта көруге мүмкіндік береді. Иә, «қайталау – білім анасы» десек, оның үстіне кейбір тұстарын түсінбей қалған оқушылар үшін бейнесақты қайталап көру жаңа тақырыпты жақсылап игеруге көмектесетіні сөзсіз. Оқушыға ыңғайлысы – жаңа сабақты бейне арқылы мұғалім түсіндіреді, сонан соң жаттығулар жасалады. Жаңа тақырыпты мысал-жаттығаулармен түсінгеннен кейін үй тапсырмасы беріледі. Мұғалім де үш деңгейлі тапсырмаларды орындаған оқушысымен форумдар арқылы түсінбеген тұстарын талқылай алады.
Kundelik.kz жүйесімен таныспаған мұғалімдер мен оқушылар некен-саяқ болар. Бұл сөзімізге Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың: «Бір ғана Kundelik.kz жүйесінде 32 млн рет секция болыпты, яғни осынша рет сайтқа кіру әрекеті тіркелді. Бұл – рекорд. Біз Egov порталындағы 15 млн сессияны көп дегенбіз. Сонымен салыстырғанда білім беру саласының бір ғана жүйесіндегі сессия екі есе көп көрсеткіш көрсетіп отыр», дегенінен анық байқауға болады. Десе де оны төтенше жағдай кезінде қолдануды тегін еткенінен көбі хабардар екеніне күмәніміз бар. Оқушының ең қажетті құралы – күнделік қой, бұл соның электронды нұсқасы. Ал мұғалімдерге қажетті кезі көп, мәселен, 1-10 сыныптарға арналған 2019-2020 оқу жылының БЖБ және ТЖБ жөнінде ескертпелерімен танысуға болады.
Bilimal.kz – балаңыздың білімі мен әлеуетін заманауи басқару жүйесі. Бұл жоба ата-аналарға балаларының білім алуын бақылауға көмектесу үшін құрылған. Сайттағы Демо-күнделікке кіріп, тіркелу арқылы ата-ана баласының сабақ кестесін, күнделіктегі бағаларын, тоқсандық және жылдық қорытынды бағалары көрсетілген табелін, сынып сағаттарын, мұғалімдер тізімін, тоқсандық оқу жоспарын, пәндер бойынша үлгерім графигін көре алады. Бұл үшін әлбетте мектеп осы білім беру патформасымен жұмыс істейтін болуы керек.
Mektep Smart Nation – жалпы орта білім беру саласында мемлекеттік қызметтерді алуға арналған бірыңғай портал, орта білім беру ұйымдарының жалпыға қол жетімді тізімі көрсетілген мектепті басқару жүйесі. Мұнда баланы мектепке тіркеуге, мектеп ауыстыруға мамандандырылған мектептерге орналастыру және сыныптан сыныпқа ауыстыру өтінішін беруге, лагерьге жолдама алуға, қажетті аймақтан білім беру ұйымын таңдауға мүмкіндік бар.
Тestcenter.kz – Ұлттық тестілеу орталығының сайты. Бұл орталық сайты арқылы еліміздегі барлық биылғы мектепті тәмамдайтын оқушыларға төтенше жағдайға байланысты тегін ҰБТ сынық емтихандарын тапсыруға және дайындалуға жағадай жасап отыр. Бұл туралы орталықтың директоры Дидар Смағұловтың: «117 мың түлекке арналған жағымды жаңалығымыз бар. Сайтымызда Ұлттық бірыңғай тестілеудің онлайн байқау сынақтарын тегін еттік. Бұған қоса, тесттер базасын максималды түрде жаңартып, әр пәннен 70 бірегей нұсқа енгіздік», деп сүйіншілегені есімізде.