Руханият • 16 Сәуір, 2020

Елдік тұжырымдама

155 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының халыққа арнаған Үндеуін және соның негізінде жариялаған «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақа­ласын зор ықыласпен оқып шықтық.

Елдік тұжырымдама

Расын айту керек, жаһандық індет – коронавирус жан-жақтан анталағанда, көп этносты халқымыз әр дара тұлғаның пікіріне де, көңілді демдейтін сөзіне де зәру болып тұрады.

Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді»  атты Үндеуін төрт бағдарда жіктеп қарауға болады.

Бірінші бағдар – жаһандық сын-қатер аясындағы Қазақстанның ізденісіне, бірлігіне баға.

Екінші бағдар – соңғы отыз жылғы өркенді тәжірибенің мән-маңызын саралау.

Үшінші бағдар – әлемдік індеттің ел аумағында таралуын мейлінше азайтуға байланысты кешенді іс-шараларды нақтылау.

Төртінші бағдар – «Мәңгілік ел» идеясы жолында ел рухын шыңдайтын, бірлік пен берекені орнықтыратын құндылықтарға адалдық.

Тұңғыш Президенттің: «Біз ауыртпашылықты осындай сын сағатта септігін тигізетін халқы­мыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаң­дайтын, абыржитын еш негіз жоқ» деген ақ тілеулі сенімді сөзі халықты одан сайын жігерлендіре түссе, «Мен халықты әртүрлі сондай азғырынды, арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырамын. Шынымен көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал» деген салиқалы байламы жұрт­шылықтың алаң көңілін орнық­тыруға демеу болады.

Үндеуде Тұңғыш Президент елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды жіті пайымдай отырып, аса маңызды кеңесін де ортаға салады: «Енді Үкімет пен жергілікті атқару органдары соны үнемді түрде, рет-ретімен орындауға кірісуі керек. Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. Nur Otan партиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуға тиіс».

Дәл қазір сенім – аса зор күш, сонымен бірге мемлекет құн­дылықтарының бастауы. Елбасы халыққа арнаған Үндеуінде бұл ділгір мәселені де айрықша зерделеген. «Адамның өзіне деген сенімі – үлкен күш, дейді Нұр­сұлтан Әбішұлы. – Бұл бойы­мызға – қажыр, денемізге – қуат, жүрегі­мізге сенім ұялатады. Біз қазір көмек­ке аса мұқтаж қарияларды, арда­гер­лерімізді, көпбалалы аналар­ды, әл-ауқаты төмендерді, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуымыз керек. Халқымыздың бойын­дағы ұрпақтан-ұрпаққа үзіл­мей жеткен ең ізгі қасиеттер бізді осыған үндейді».

Үндеу-мақаладағы Төле би, Әйтеке би, А.Құнанбайұлы, Б.Мо­мыш­ұлы сынды ел даналарынан, Махатма Ганди секілді әлем тұлғасынан алынған дәйектердің де әр сөзі, әр ұғымы жүректен – жүрекке, тілектен – тілекке жеткендей. Мұндайда халқымыз «Сөз жақсысы – дәтке қуат» дейді.

Тұтастай алғанда, Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты замана сөзін – дәл бүгін әрі ақыл, әрі нақыл деп санаймыз.

Аса жауапты кезеңде халықты береке-бірлікке шақыра отырып, сын-қатерден аман өтудің жолын нұсқаған Елбасының жүйелі пікірін, ұстанымын – адастырмас елдік тұжырымдама деуге толық негіз бар.

 

Ерлан Сыдықов,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик