Аймақтар • 16 Сәуір, 2020

Тұрақтандыру тұтқасы

128 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде пандемияның салдары ылаңы мен мұнай баға­сы­­ның төмендеуі еліміз­дің эко­номикасына да теріс әсе­рін тигізуде. Осы орай­да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жер­гі­лікті атқарушы орган же­тек­­шілеріне әлеуметтік ма­ңызы жоғары тауар­лар мен азық-түлік түрлерінің ба­ғасы негізсіз өспеуін және тапшылығы болмауын ұдайы назарда ұс­та­­уы қажеттігін шегелеп тап­сырғаны белгілі. Пре­зи­дент­­тің осы тапсырмасын орындау және өңірдегі қар­жы-экономикалық жағ­дай­­ды жүйелі түрде реттеп отыру бағытында Ақтөбе облы­­сында да жедел штаб құ­рыл­ған-ды. Бұл құрылым ай­мақ­тағы азық-түлік баға­сын тұрақтандыруға ықпал ете ала ма?

Тұрақтандыру тұтқасы

Шынтуайтына келгенде, құра­мы­на жергілікті мемлекеттік орган жетекшілері мен құқық қор­ғау органдары өкілдері енген осы тектес құрылым облыста бұған дейін де іс-қимыл танытып келген. Алдағы уақытта жаңа мін­дет­тер­ге орай оның қызметі одан әрі жетілдірілмек.

Жедел штабқа жетекшілік ету Ақтөбе облысы әкімінің орынба­са­ры Аманғали Бердалинге тап­сы­рылған. Ол штаб қызметін жаңа мазмұнмен толықтыру жөнінде бірқатар кешенді іс-шаралар бел­гі­­ленгенін айтып берді. Оның бас­ты арнасы әлеуметтік маңызы жо­ғары азық-түлік түрлерінің баға­сын тұрақтандыруға бағыт­тал­ған. Бұл ретте облыстағы 19 әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік тауарының 17-сінің бағасы рес­публикалық орташа деңгейден төмен.

Өңірдегі азық-түлік бағасына мониторингтік бақылау жүргізу тәртібі енгізілген. Осы деректер­ге сай, соңғы кезде қаңтар, ақпан және наурыз айларымен салыс­тыр­ғанда бірқатар по­зи­ция бо­йынша азық-түлік түр­лері баға­ларының өскенін кө­ре­міз. Сондай-ақ азық-түлік баға­ларын тұрақ­тан­дырудың тағы бір ұтымды тәсілі ретінде ауыл шаруашылығы тауар­ла­рын өндірушілердің жәр­мең­ке­лерін ұйымдастыру көз­дел­ген. Облыстық кәсіпкерлік бас­қармасының басшысы Қайрат Райымқұлов жәрмеңкеге шыға­рыл­ған өнімдер нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен деңгейде бола­­тынын айтады.

Биылғы тұңғыш жәрмеңкені 14 наурыз – Көрісу күнінде Хромтау ауданының ауыл шаруашылығы тауа­рын өндірушілері бастады. Ал­дағы уақытты мұндай жәр­мең­келер аудандық және ауыл­дық әкімдіктерде де ұйым­дас­ты­рыл­мақ.

Қалай дегенде де бағаның аты – баға. Оның табиғатына үнемі құбылып, өзгеріп тұру тән. Бір­қа­тар шаралар белгіленгеніне қара­мастан, бағаның аяқ астынан ша­рықтап шыға келуі ықтимал. Айталық «Жаңа Әлжан» элеваторында өндірілетін ұн бағасы 2019 жылдың ақпан айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 38 пайызға өскені, сондай-ақ «Айс» ЖШС-де шығарылатын барлық сүт өнімдерінің бағасы 20 пайызға қымбаттағаны соның айғағы. Мұның себебі неде? Бү­гін­де бұл сауалға нақты жауап жоқ. Сондықтан бұған қатысты мәселенің ақ-қарасын табиғи мо­нополияларды реттеу және бәсе­келестікті қорғау жөніндегі депар­тамент мамандары мен сарап­шы­ла­ры түбегейлі тексеріп, оның қоры­тындысын тұрғындарға жет­кіз­гені жөн.

Жедел штаб қызметінің нәти­же­лі жұ­мыс істеуіне қажетті тағы бір фактор – облыстағы ірі кә­­сіпорын басшыларымен ме­мо­рандумдар бекіту бол­мақ. Мақсат – азық-түлік тауар­ларының бағасы негізсіз көте­ріл­меуіне бағытталған. Қазір Ақ­тө­бе қаласында осындай 16 ірі кәсіпорынмен келісім жүр­гізілуде. Оның қатарында «Дина», «Анвар» секілді ірі сауда желілері және ауыл шаруашылығы тауарларын өнді­ретін өзге де әлеуетті кәсіп­орындар бар. Жергілікті билік өкілдерімен жасалған екі жақты келісімге сәйкес олар өз өнімдерін нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен сатуы тиіс.

Сондай-ақ бағаны тұрақ­тан­ды­ру ісіне өндіру мен тұтыну балан­сына қатысты жұмыстар да оң әсерін тигізбек. Әйтсе де осы іс өз деңгейінде атқарылмай жүр. Өйткені облыстық ауыл шар­уа­шы­лығы басқармасына атал­ған іс-шараларға қатысты бірде-бір аудан­нан нақты мәлі­мет­тер мен деректер түспеген.

– Өндіру мен тұтыну балансы Ақтөбе қаласында жасалды. Соған сәйкес облыстың әр ауда­нында да мұндай құжат жасақ­талып, сол өңірде тұратын халық санына сәйкес әлеуметтік маңызы бар тауар түрлері қандай мөлшерде қажет екені мұқият талданып, есептелуі тиіс. Мұнсыз қолға алынған іс алға баспайды, – деді облыс әкімінің орынбасары, өңірлік жедел штабтың жетекшісі Аманғали Бердалин. Ол мемлекеттен субсидия және өзге де қаржылай көмек алатын агроқұрылымдар мен шаруа қожалықтары өз өнімдерін арнайы дүкендер арқылы тұрғын­дар­ға арзан бағамен ұсынуы қажет екенін атап өтті.

Бұған дейінгі жүргізілген талдаулар облыстың кейбір аудандарында 1 кило картоптың бағасы 130-150 теңгеден сатылғанын айғақ­тайды. Бұл негізсіз баға десек қателеспейміз. Қолда бар дерек­терге сүйенсек, бұған дейін өңір­дегі тұрақтандыру қорына 1400 тонна картоп түсірілген. Соның 1000 тоннасы әр килосы 70 теңгеден тұрмысы төмен тұрғындарға сатылды. Мұндай жағдайда картопты тұрақтандыру қорынан аталған баға бойынша сатып алып, жергілікті жерде 75 теңгеден өткізуге болатыны анық.

Сонымен бірге аталған қорда пияз­дың әр килосы 60 және күн­бағыс майының литрі 300 теңге көлемінде белгіленген. Жер­гі­лік­ті ауыл шаруашылығы жәр­мең­­кесі кезінде осы мүмкіндік на­зар­ға алынса, бұдан ешкім де ұтыл­мас еді. Бүгінгі таңда облыста әлеуметтік маңызы жоғары деп белгіленген 19 азық-түлік түрінің 94 пайызы өңір аумағында өндіріледі. Бұл дерек бағаны негізсіз өсірмеуге және тауарларды делдалдар мен алыпсатарларды араластырмай, өндірушіден тұтынушыға тікелей жеткізіп беруге алғышарт қаламақ.

Бүгінде облыс орталығында «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы аясында 21 шағын базар бар. Жедел штаб жетекшісі А.Бердалин аталған нарықтық нүкте­лерге қатысты жаңа тұжы­рым­дама әзірленіп жатқанын жеткізді. Өйткені қай кезде де базарға бас сұғушылар аз болмайды. Сондықтан да шағын базарларды тиісті инфрақұрылымдық жүйелермен қамтуды ойластырып отырмыз. Сол кезде мұнда өз тауарларын сатуға ынта-ықылас біл­діретін ауыл шаруышылығы тауар­ларын өндірушілердің қата­ры өсе түседі, деді ол.

Бұған дейін бұл шағын базар­лар­да сауда жасаушылардан ай сайын 19 мың теңге төлем алынды. Жаңа тұжырымдамаға сәйкес алдағы уақытта аталған төлем алы­нып тасталмақ. Қысқасы, азық-түлік бағасын тұрақтандыру және оның тапшылығын болдыр­мау жөнінде Ақтөбе облысында құрылған жедел штаб мү­ше­­лері бүгінде қауырт қимыл-қар­е­кет үс­тін­де. Қолға алынған әлеу­мет­тік сипаттағы іс-шаралар алда­ғы уақытта тиісті нәтижесін бере­ті­ні­не сенім мол.

 

Ақтөбе облысы