Білім • 16 Сәуір, 2020

СДУ сараптамасы: Студенттердің 15%-ы үшін интернет қолжетімсіз

266 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

СДУ әкімшілігі студенттер мен профессорлық-оқытушылар құрамы арасында сауалнама жүргізіп, қашықтан оқытуға көшу тәжірибесіне сараптама жасады.

СДУ сараптамасы: Студенттердің 15%-ы үшін интернет қолжетімсіз

Зерттеу негізіне респонденттерден үйде оқыту кезінде туындайтын ресурстар мен қиындықтар бойынша ақпараттар жиналып, сауалнамаға бакалавриат, магистратура және докторантураның 1650 студенті қатысты. Сауалнамаға қатысқан бірінші және екінші курс студенттері аса белсенділік танытты. Студенттердің қашықтан білім алуы кезінде қандай жағдайлармен бетпе-бет келетіндігін анықтау мақсатында сұрақтар интернетке қол жеткізу, мотивацияны сақтау, тапсырмалар мен орындау мерзімдері, техникалық қиындықтар, үй жағдайында оқу әсері мен ерекшеліктері, онлайн-платформаларды пайдалану және қатысу тәрізді бірнеше санатқа бөлінді.

Зерттеулер көрсеткендей, студенттердің 80%-дан астамы қажетті жабдыққа, интернетке және бағдарламалық қамтамасыз етуге қол жеткізе алады. Қосымша құрылғыларды (смартфондар және басқа гаджеттер) пайдаланады, өйткені бағдарламалық қамтамасыз етудің қолжетімділігі ноутбукқа қарағанда 5%-ға жоғары. Сонымен қатар респонденттердің 15% үшін интернет қолжетімсіз. Білім алушылардың 65% оңаша бола алмайды. Мотивацияның сақталуы респонденттер үшін аса күрделі (27% оларда елеулі проблема бар екенін, ал 45%-елеусіз екенін көрсетті). Сонымен қатар, респонденттердің едәуір бөлігін (65%) тайм-менеджментті оңтайлы пайдалану және үй жағдайында оқытуға бейімделумен байланысты қиындықтар толғандырады. Студенттер мен оқытушылардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларға дағдылануы аса қиындық туғызбайды, тек 6% үшін күрделі.

600-ден астам білімгер оқу процесіндегі қиындықтарға байланысты ашық пікір білдірген. Мәселен, тапсырмалар мен оларды орындау мерзімдері бойынша кейбір респонденттер тапсырмалар санының күрт өсуін атап өтті, соның салдарынан үй міндеттемелерін орындауға бос уақыт жетіспейді. Оқытушылар студенттердің қазіргі уақытта бос уақыты көп деп ойлап, үй тапсырмасын шамадан тыс жүктейді, бізге белгіленген мерзімде тұру үшін күні-түні жұмыс істеуге тура келеді.

Интернет сапасы қашықтықтан оқытудың маңызды компоненті болып табылады. Елде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты көптеген студенттер өз туған қалалары мен ауылдарына қайтып кетуге мәжбүр болды. Онлайн-платформаларға қосылған техникалық іркілістер де сабақтардың тиімсіздігіне әкеледі. Кейбір студенттер интернет провайдерлер қызметінің қаржылық аспектілеріне байланысты мәселелерді айтады. Мысалы, «бір пән (50 мин) мегабайттардың едәуір санын жүктейтіндіктен, айдың соңына дейін көптеген студенттер интернетсіз қалады. Студенттер көптеген түрлі онлайн платформаларды пайдаланатындықтан бұл жа интернет трафикті көп қажет етеді.

Студенттердің көбі бейімделу кезеңі өте қиын болғандығын айтады. Себебі, үйге оралғаннан кейін үй міндеттері мен оқуын бірге алып жүруге тура келеді. Жиі көтерілген мәселе – студенттердің білімін бағалау жүйесі. Респонденттер силлабустарға кейбір түзетулер енгізе отырып, өз оқытушыларынан әділдікті талап етеді.

- Оқытушылар мен студенттердің барлық пікірлерін ескере отырып, СДУ әкімшілігі академиялық саясатқа өзгерістер енгізіп, онда жүктемені жеңілдететін және оқытушылар мен студенттерді жұмыс пен оқуға ынталандыратын бірқатар кешенді шешімдер ұсынды, - деп атап өтті СДУ ректоры Қуаныш Ерғалиев.

Өз кезегінде сауалнамаға 200-ден астам оқытушы қатысты. Жалпы, оқытушылар ұсынған тиімді кері байланыс онлайн-оқуға деген кері көзқарасты білдірмейді. Сауалнама көрсеткеніндей, кейбір мәліметтер бұл тәжірибені жақсы қабылдап жатқандардың бар екенін көрсетсе, енді бірі бұл жүйені күрделі деп санайды.  Онлайн оқытуды тың жаңалық емес дейтін пікірлер де кездеседі.  Дегенмен, көпшілігі педагогикалық жүктеменің артқанын, онлайн-оқытуға дайындық дәстүрлі оқытуға қарағанда көп уақытты талап ететінін атап өтті. Жобаларды бағалау және студенттермен кері байланыстың күрделілігі - көп уақытты алатындығында. Сондай-ақ оқытушылар жүктемесі көп үй міндеттемелеріне тап болғанын әрі онлайн-оқытуға өз әдістерін бейімдеуде қиындықтардың туындағанын  атап өтті.