Институттың айрықша даму кезеңі жас маман Орекеңнің еңбек жолының басталуымен тұспа – тұс келді. Міне, содан бері Орекеңнің осы бір ғана институт қабырғасында суармалы егіншіліктің ғылыми негізін қалыптастырудағы еңбегі ауылшаруашылық саласын дамытуда ерекше орын алды. Атап айтсақ, суармалы егістіктің басты дақылдары – күздік бидайдың, қант қызылшасының, жүгерінің, жоңышқаның ауыспалы егіс жүйесіндегі жоғары өнім алу технологиясы жасақталды. Ауыспалы егіс жүйесі бойынша да шаруашылық жағдайына байланысты бірнеше экономикалық тиімді жобалар ұсынылды. Осы технологиялар тізбегі кейінгі заман талабына сай органикалық таза өнім өндіру бағытымен сәйкестендірілді. Арам шөптерге, зиянкестерге, ауруларға қарсы улы заттарды қолданбай табиғи таза өнім өндіру мүмкіндігі ұзақ мерзімді зерттеулер нәтижесінде анықталды. Осы жағдайда «жасыл тыңайтқыштарды» рапс, қыша, түйежоңышқа, асбұршақ тәрізді өсімдіктердің жасыл балаусасын топыраққа сіңіру, сонымен қатар көп жылдық жоңышқаны ауыспалы егіс жүйесінде кеңінен пайдалану – органикалық таза өнім өндірудің негізі және топырақ құнарлығын сақтаудың көзі екені анықталды.
Орекең негізін қалаған ұзақ мерзімді зерттеу алаңы (ғылыми стационар) институттың бетке ұстар, көрнекті, егіншілік мәдениеті өте жоғары объектісінің бірі болды. Осы жерде кезінде оңтүстік өңірде кең таралған күздік бидайдың жаңа «Қарлығаш» сортынан гектарынан 115ц рекордты өнім жиналды. Республика басшылары, ауылшаруашылық қызметкерлері, шетелдік делегациялар әрдайым осы Орекеңнің тәжірибелік жұмыстар атқарып жүрген алаңын басқаларға үлгі етті.
Орекең ұзақ жылдар бойы диссертациялық кеңестің хатшысы да болды. Жоғары талаптың арқасында жүздеген кандидаттық және докторлық жұмыстар қорғалып, бәрі бекітіліп, ғылыми кадрлар даярлауға қомақты үлесін қосты.
Әрине ауылшаруашылық саласында ғылыми жоспар құру және оны атқару тек бір ғана жеке адамның ісі емес. Орекең өзімен қызметтес болған және қатар өскен атақты ғалымдармен әрқашан тығыз байланыста болды. Атап айтсақ, М.Ерлепесов, Е.Амантаев, І.Әбуғалиев, В.Жигайлов, Б.Басыбеков, М.Рубенштейн, Е.Зенкова, Р.Оразалиев, А.Иорганский, С.Рамазанова, Б.Сариев, А.Пак, К.Балгабеков, М.Сүлейменова, Е.Рябинина, Д.Сыдык, Ж.Қожабаев, Г.Мейірман, тағы басқалары Орекеңнің ғылыми ортасын құрады.
Кейінгі институттың ғалымдар буыны А.Агеенко, Ж.Оспанбаев, Ш.Бастаубаева, М.Бекбатыров, А.Хидиров Орекең қол жеткізген зерттеулердің нәтижелерін жаңа дәлдік және сандық технологиялар мен тамшылап суару негізінде одан әрі жалғастырып, заманауи үлгідегі егіншілік жүйесін қалыптастыруға ат салысуда.
Алматы қаласының іргесінде орналасқан ғылыми қалашықтың көрнекті ауыл азаматы Орекең өзіне де, басқаға да талап қоя білген. Оның негізі Орекеңе тән шынайылық және еңбекқорлық. Осындай көпшілікке үлгі болатын қасиеттер осы әулетке де тән болуы керек. Оның туған ағасы – Қазантаев Қонысбек те сыр өңірінің ардақтысы, елге еңбегі сіңген парасатты тұлға болған адам.
Орекеңнің бәйбішесі бүгінде тоқсан жасты алқымдап қалған, жоғары оқу орнында ұстаздық қызмет атқарған, ауылымыздың қадірлілерінің бірі. Балалары Гүлмира, Қаныш, Әлия жоғары білімді, әкенің еңбек жолын жалғастырып жүрген азаматтар.
Міне, Орекеңнің өмірден өткеніне де бір жыл шамасы болып қалды. Өзара әңгімеде Орекеңнің ерекше мінездерін, әріптестеріне талап қоя білуін, атқарған еңбегінің қортындысын әрдайым еске алып отырамыз. Ұжымдағы оның орны толмай тұрған сияқтанады да тұрады. Ауылшаруашылығының ғылым докторы, профессор Орынбек ағамыз осындай азамат болған. Институт тарихында Орекеңнің орны ерекше, ол туралы әлі де болса жазылары хақ.
Ғалиолла Мейірман,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі