Руханият • 17 Сәуір, 2020

Он бес адамды өрттен құтқарған

878 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

– Шешен сөйлей алмаймын. Өзіңіз сұрақ қоя бересіз ғой.

– «100 жаңа есімге» кірдіңіз. Президенттің өз қолынан медаль алдыңыз. Журналистерге жиі сұхбат беріп, сөйлеуді үйренген шығарсыз.

– Сонда да ақтарылып сөйлей алмай-ақ қойдым.

...Былтыр ақпан айында түн ішінде Семейдегі жатақ­ха­на­лар­дың бірінде өрт шыққанда 15 адамды құтқарған, кейін осы ерлігі еленіп, 20 мыңнан астам дауыспен «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атан­ған, «Шығыс» өңірлік қол­бас­шылығының 35411 әскери бө­лі­мінің механик-жүргізушісі, еф­рей­тор Қуандық Қанатұлымен әңгімеміз осылай басталған.

 

Он бес адамды өрттен құтқарған

40 градус аяздағы қызыл жалын

Бейбіт күннің батырының кім екендігі, қайда жұмыс істей­тіндігі, отбасы, ошақ қасы тура­лы сәл кейінірек айта­мыз. Әуе­лі қырдың қағылез ұлын елге та­нытқан оқиғаның қалай бол­­ғанына бір сәт көз жүгір­тіп көрелікші. «Түнгі сағат 1 жарым­ның шамасы. Шырт ұй­қыда жат­қан­мын. Баланы ұйық­та­тып, өзі төсекке енді қисай­ған жұбайым есік­тен түтін кір­генін байқап, мені оятты. Үйде үнемі өзіммен бірге алып жүретін газқағар (про­ти­­­вогаз) тұратын. Қол қусырып, қарап отыратын уақыт емес, газқағарымды басыма кие салып, ұялы телефонымның жарығын қосып, дәлізге шықтым. Әуелі өрт шыққан жерге дейін барып, қарап шықтым. Жолай кездес­кен кісілерді далаға шығарып, сыртқы есікке дейін жеткіздім. Сосын пәтеріме келіп, отбасымды шығардым да, қайтадан адамдарды далаға шығаруға кірістім. Кейбір тұрғындардың есіктерін қағып, оятуға тура келді. Біраз тұр­ғын­дар далаға өздері шы­ғып жатты. Жатақхананың іші-сырты у-шу. Ешкімнің ешкімге қарайтын жағдайы жоқ. Көк түтін. Түк көрінбейді. Пәтер­ле­рінен шыққан адамдарды сүйе­мел­деп, өздігінен жүре алмайтын кісілерді демеп, жол көрсетіп, есікке дейін жеткіздім. Бұл кезде өрт сөндірушілер әлі келмеген еді. Олар келгеннен кейін де оларға кө­мектестім. Сол күні қалада қат­ты аяз болып, 40 градусқа де­йін барыпты. Ет қызумен түк сезбеппін. Жұқа трикомен, фут­болка сыртынан күртеше киіп шыға салғанмын ғой. Кіріп-шы­ғып жүре берген екенмін. Бе­сін­ші қабатқа бірінші қабатқа шық­қандай сезініп жүріппін өзім­ді сол күні. Кейін білдік, өрт бі­рін­ші қабаттағы бір пәтерден шы­ғып, электр қалқанына тиіп, жо­ғарғы қабаттарға өрлеген ғой. Түтін­нен түк көрінбегені рас. Ұялы телефонның жарығымен жүр­­генде бір метрдей жерді ғана кө­ріп отырдым. Ең бастысы, Құ­дай сақтап, адам шығыны бол­ған жоқ».

Бір қызығы, бәлкім, қара­па­йым­­дылығы да шығар, Қуан­дық түн ішінде қаншама адамды қызыл жалыннан құтқарғанын ешкімге айтпайды. Өзі жұмыс іс­тейтін «Шығыс» өңірлік қол­бас­шы­лығы ефрейтордың ерлі­гін екі-үш күн өткен соң өртке шарпылған жатақхана тұр­ғын­да­ры­нан естиді. «Өрт болған күннің ертеңінде жұмыстан сұрандым. Түнде өрт болғанын ескерттім, бірақ адамдарды құтқарғанымды айтқан жоқпын. Үйдің бәрі ыс болып кетті. Үш күнсіз жатақханаға кірмеңдер деді. Екі-үш күн өтіп, ес жиғаннан кейін біздің үйдің кісілері, ПИК өрт болған кезде тұрғындарға көмектескен мек­теп басшылығына, таксис­тер­ге, басқа да азаматтарға Алғыс хат апарып, тапсырыпты. Тұр­ғын­дар осындай Алғыс хатты біздің басшылыққа да апарған ғой. Біздің жұмыстағылар сол кезде білсе керек. «Сен неге айт­пағансың? Мұндай дүниені айту керек қой» деп маған телефон соғады жұмыстағы басшы­ла­рым» деп еске алады сол күндерді кейіп­керіміз.

Содан не керек, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Қуандық Қанатұлын әртүрлі марапаттарға ұсынып, ефрейтор әуелі облыс­тық Төтенше жағдайлар депар­та­­­менті бастығының, Семей қала­­­сындағы Батыс әскери қала­шы­­ғы 35411 әскери бөлімінің коман­дирінің Алғыс хаттарымен және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскер­ле­рі бас қолбасшысы бірінші орын­басарының Мақтау қаға­зы­мен марапатталады. Содан соң Қорғаныс министрінің Алғыс хатына ие болып, Отан қор­ғау­­шылар күнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолы­нан «Ерлігі үшін» медалін алады. Жыл соңында «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанады.

 Жақындары не дейді?

Біз Қуандықтың жасаған ер­лі­гі, кейінгі алған марапаттары туралы ғаламтордан білдік. Әр­түр­лі суреттерін көрдік. Сонда бір байқағанымыз, қарға бойлы Қазтуған дегендей, Қуандық аса бойшаң, денелі, ірі емес, қар­­шы­­ғадай ғана қағылез жігіт. Бір қа­раған адамға «Осы жігіт 15 адамды құтқарды» десеңіз, әуел­де сенбеуі де мүмкін. Бірақ мә­селе бойда, дененің ірілі­гін­де емес, мәселе ойда, санада, жүректе, мінезде екен-ау. Осын­дайда Әлихан Бөкейхан жарық­тық­тың «Ұлтты сүю білімнен емес, мінезден» деген сөзі еске түседі. Мінез дегеннен шығады, Қуандық қарапайым ғана отбасы­нан шыққан қарапайым ауыл баласы. Аягөз ауданының Шын­қожа батыр ауылының тумасы. Сонда туған, сонда мек­теп бітірген. «Қуандық ауылы­мыз­дағы мектепте білім алды. Мек­теп­те үлгілі, еңбекқор, алғыр оқу­шы­лардың бірі болды. Әке-шешесі Қанат пен Марфуға өте қара­пайым кісілер. Қуандық осы ша­ңырақтағы екі баланың үлкені, Шырай деген қарындасы қазір тұр­мыста. Біз ауылымыздан Қуан­дық секілді жүректі жігіттің шық­қанына мақтанамыз. Қанат пен Марфуғаның осындай ұл тәрбие­ле­генін ауыл адамдарына мақтана айтамыз. Қуандық баламыздың қанша адам­ды өрттен құтқаруы мектепте алған білімі мен ата-анадан көрген үлгі-тәрбиесінің арқасы деп білеміз. Сондықтан оның болашағынан зор үміт күтеміз», дейді Шынқожа батыр ауылының тумасы, зейнеткер ұстаз Қинаят Мұхаметсадықова.

Шынқожа батыр ауылында тұратын Қуандықтың әке-шеше­сіне телефон шалып, анасы Марфуғамен сөйлескенімізде кейіп­керіміз бала күнінде ұшқыр бол­уды армандағанын айтты. «Ұлы­мыз қазір өз еркімен әскери қызмет істеп жүр. Мектеп бітірген соң әскерге кетті. Әскерден кейін осы жерге орналасты. Мен не айта­мын?! Менің баламның адам­гершілігі мол. Тәртібі де жақсы болды. Айтқанын істет­кіз­бей қоймайтын қайтпас-қайсар міне­зі бар. Мектепте оқып жүр­генде қайсар болды, шыншыл болды. Өтірік айтпайтын» деп анамыз қысқа қайырса да, ұлы­мен мақтанып-марқаятынын көңі­лі­мізбен сездік.

Қуандықтың 2013 жылдан бері табан аудармай жұмыс іс­теп келе жатқан жері «Шығыс» өңір­­лік қолбасшылығына қа­рас­ты 35411 әскери бөлімінің командирі, полковник Ержан Әділ­бекұлына хабарласып, аз-кем әңгімеге тарттық. «Қуандық 5-ші артиллериялық дивизионында механик жүргізуші. Сал­мақты жігіт. Алдына қой­ған мін­дет­тердің барлығын уақы­тын­да атқарады. Бір сөзбен айт­қан­да, тәрбиелі бала. Жұбайы да сыпайы. Қуандықтың ерекше қасиеті, қарапайымдылығы. Бар кезде де, тар кезде де асып, сас­пайды. 15 адамды өрттен құт­қа­рып, түк болмағандай, ештеңе істемегендей жүруі, бізге айтпауы қарапайымдылығының дә­лелі емес пе?! Әлі есімде, «Ерлік жасағаныңды неге айт­па­ғансың?» дегенімде: «Онда тұр­ған не бар? Азаматтық парызымыз ғой. Ер-азамат деген атымыз бар емес пе?!» деді. Міне, Қуандық осындай жігіт. Оның ата-анасына: «Сіздер жақсы бала тәрбиеледіңіздер» деп үнемі айтып жүремін» дейді командир.

 Түйін

Қазіргі елдегі жағдайға байла­ныс­ты Қуандықпен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесудің реті келмей, ұялы телефонмен сөй­лес­уге мәжбүр болдық. Сөз арасында «Өртке дейінгі, өрттен кейінгі, «100 жаңа есімге» дейінгі және кейінгі өміріңде өзгеріс бар ма?» деп сұрадым. «Қазір көшеде кісілер танып, жасаған ерлі­гіме алғыстарын білдіріп жа­тады. Үлгі тұтып, мектептер­ге, кітапханаларға кездесу­лер­­­ге шақырады. Ең бастысы, адамдар­дың алғысын, батасын алып жа­тырмын. Елдің алғы­сын­ан ар­тық ештеңе жоқ-ау» деп келте қайырды Қуандық әскерилерге тән қысқа сөйлейтін әдетпен.

 

Шығыс Қазақстан облысы