Хаттың мазмұны Қазақстан Үкіметінің 2020 жылғы 3 сәуірдегі Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жылдам тұрғызылатын инфекциялық үш аурухана салу туралы шешіміне байланысты болып отыр. Нақты айтқанда, Алматы қаласында «BI Group» компаниясы кіріскен жаңа аурухана ғимаратының құрылысына қатысты. Біріншіден, құрылысы тез аяқталатын бұл ауруханалардың жобалау-сметалық құжаттары мен келісімшарттары әлі жасалмаған. Екіншіден, аталған аурухана Алматыдағы тарихи мәні зор «Сақ қорғандары» аумағында салынатыны қоғамдық жұртшылықты да, Сенат депутаттарын да қатты алаңдататыны айтылған.
Оның үстіне «Сақ қорғандары» – Алматы қаласы әкімдігінің 2010 жылғы 10 қарашадағы №4/840 қаулысы бойынша тарихи ескерткіштер тізіміне енгізілген. Сондай-ақ әлеуметтік желіде аурухананың ежелгі темір дәуірінің ғажайып мұрасы саналатын аумақта салынатыны туралы дабыл қаққан материалдар жарияланды.
Киелі жерде орын тепкен аурухана құрылысына байланысты тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Атығаев өз ойын білдірді. «Ауруханаға жер телімін бөлудің алдында жер қатынастары басқармасы ол тұста археологиялық нысандардың бар-жоғын анықтап, тиісті ақпарат беруі керек болатын. Содан кейін барып ғимарат құрылысын Мәдениет басқармасымен келісіп барып бастау қажет еді», деді ол.
Осыған орай, Сенат депутаттары Қазақстан Республикасының Үкімет басшысы мен Алматы қаласының әкімінен Алматы қаласындағы жедел тұрғызылатын аурухана құрылысының заң талаптарына сәйкес жүргізілуі керектігін сұрайды.
Сенаторлар сонымен қатар Археология институтының қорытындысын алуды, қажет болған жағдайда «BI Group» компаниясының тарихи ескерткіштер орналасқан аумақта құрылыс
салуын тоқтатуды, бұл үшін басқа жер телімін, не басқа да жолдарын іздеу керектігін айтып отыр.