Аймақтар • 17 Сәуір, 2020

Есірткі жарнамалайтын сайттар бұғатталды

364 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Есірткі бизнесі – есірткі қылмысына жол ашады. Осы орайда Ақтөбеде биылғы жылдың басына бері есірткі қылмысына қатысты 81 дерек тіркелген екен.

Есірткі жарнамалайтын сайттар бұғатталды

– Есірткіні қолданудан болатын қылмыстар санының өсуіне оны жарнамалайтын сайттардың тигізіп жүрген ықпалы мен қоздырғыш күші аз емес екені аян. Мұндай мазмұндағы жарнамалардың ауқымын тоқтатудың басты жолдарының бірі аталған бағыттарда жарнама жүргізетін сайттарды бұғақтау болмақ. Бұл ретте есірткі мен психотроптық заттарды таратып, жарнамалаумен айналысқан 31 сайт анықталып, бұғатталды. Бұған интернет желісіне мониторинг жасау нәтижесінде қол жеткізілді,- деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы Асхат Асқаров.

Оның айтуынша, соңғы кезде синтетикалық есірткіні тарату жөніндегі жарнамалар ешкімге бауырын сипатпай келіпті. Мұндай сайттарды бұғақтау қажеттігі ешқандай талас туғызбайды. Қазіргі кезде синтетикалық есірткіні тарату үшін жоғары техникалық әдістер қолданылады. Бұл жағдай есірткі сатушылармен күресі кезінде қиындықтар туғызады. Бұлай болатын себебі олар қашықтықтан жұмыс істейді. Әрі өз байланыстарын жабық электрондық арналар арқылы жүргізеді.

Сондай-ақ полиция қызметінің өкілі бұдан әрі биылғы жылдан бастап есірткіні сататын сайттарды насихаттап жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілетінін алға тартты. Яғни, ендігі кезде заң баптары мен талаптарын бұзғандарға 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімде бас бостандықтарынан айыру жазалары белгіленген.