Жоба сценарийіне сәйкес, билетті онлайн сатып алған кезде, жолаушы Digital ID сервисі арқылы тұлғаны сәйкестендіруден өтуі тиіс. Одан әрі, пойызға отырғызу кезінде, жолсерік билет сатып алған жолаушының тұлғасын смартфондағы БЖ көмегімен фотосурет арқылы немесе вагонның толығуын онлайн режимде қадағалауға мүмкіндік беретін, вагонға орнатылған камера мен компьютер арқылы тексере алады.
Ынтымақтастық аясында «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Instant payments» ЖШС-мен бірлесе отырып Алматы-Орал бағытындағы Digital ID тұлғаны қашықтан сәйкестендіру сервисінің көмегімен билет сату айрықша құқығына ие бір вагонды беріп те үлгерді.
Идея авторлары мұндай цифрлық құралдарды енгізу жолаушылар тасымалының барлық қатысушылары үшін пайдалы болатынына сенімді. Жолаушылардың енді билет сатып алу кезінде өздерінің деректерін толтыруы, сондай-ақ пойызға отыру кезінде жолсеріктерге жеке куәліктері мен билеттерін көрсетуі қажет емес. Ал тасымалдаушы, «Жолаушылар тасымалы» АҚ, шынайы уақыт тәртібінде вагондардың толығуын қадағалап, билетсіз жол жүру проблемасының алдын алуға, сонымен қатар індет немесе жаһандық қатер жағдайында тәуекел тобына жататын тұлғалар тізімін жылдам анықтауға мүмкіндік алады.
«Аталған шешім билет сатып алу процесін анғаұрлым ашық әрі тиімді етпек. Біздің республика деңгейінде ірі жобаларды іске асыру, жекелей алғанда, ЭЦҚ-ны қашықтан шығару кезіндегі тәжірибеміз бар. ҚТЖ-мен бірлескен тәжірибенің қазақстандықтардың өмір сапасын көтеретініне мен үлкен үміт артамын», - деді Digital ID басшысы Олег Ганзий.
Идеяны іске асырудан күтілетін тағы бір оң әсер – ол билеттерді заңсыз қайта сатумен күрес, аталған жағдай мерекелер мен жазғы демалыс кезеңінде мейлінше белең алады, билеттердің еркін сатылымда болмауына байланысты адамдар әдетте оларды делдалдардан жоғары бағамен сатып алуға мәжбүр.
«Еуропалық Одақ, Жапония, Қытай, Малайзия, Сингапур елдерінің халықаралық тәжірибесі теміржол тасымалына биометрия негізіндегі ИТ-шешімдерді енгізудің тиімділігін көрсетті. Жаңа технологияларды енгізу жолаушылар тасымалы кезінде адам факторын барынша азайтуға, демек сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, әсіресе мереке күндеріндегі билет тапшылығын да төмендетуге мүмкіндік береді. Келесі маңызды фактор, соңғы жағдайлар көрсеткендей, жаңа технологияларды енгізу жолаушылар қауіпсіздігін айтарлықтай арттырады, биометрия технологиясы бар камералар іздеу салынған немесе байланысушы тұлға болып табылатын жолаушыларды автоматты түрде тани алатын болады. Оның барлығы қандай параметрлер қойылғанына байланысты болмақ», - деп түсіндірді идея авторларының бірі және «Адал жол» жобалық кеңсесінің қызметкері Жақпаров Камалидин.
Теміржол билеттерін сатып алудың жаңа форматы оларды қайтару саясатына ешқандай әсер етпейді. Билеттерді жолаушылар ағымдағы уақытта қолданыста жүрген барлық қағидаларға сай ауыстыра немесе қайтара алады. Балалармен жолға шыққан жағдайда, балалардың деректері сәйкестендірусіз енгізілетін болады.