Бұған дейін төтенше жағдайға байланысты ел ішінде тапшылық туындамас үшін бірқатар өнімді сыртқа тасымалдауға Үкімет тыйым салған болатын. Алайда, кәсіпкерлер бұл шешіммен келіспей отыр. Себебі, бұған дейін өнімін сыртқа экспорттап келген олар пайдадан қағылып, шығынға батуы мүмкін. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Е.Өстеміров кәсіпкерлердің өтініші ескеріліп, квота арқылы кейбір азық-түлік өнімдері қайта экспортталатынын айтты. Сонымен қатар, ірі қара мал және асыл тұқымды балапандарды импорттауға қосымша құн салығы салынбайтынын атап өтті.
̶ Ең үлкен мәселе – салықтық ынталандыру шаралары. Өздеріңізге белгілі, үкімет салықтық ынталандыру бойынша екі қаулы қабылдады. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен тағы бір жаңа қаулы дайындалып жатыр. Оның ішіне еңбекақы төлеу қорынан төленетін салықтар мен әлеуметтік аударымдардан босату туралы талаптар енгізілген. Бұның ішінде төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударылатын жарналар бар. Жаңа қаулы бір-екі күнде шығады деп күтудеміз, – деді Е.Өстеміров.
Белгілі болғандай, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін мүлік салығынан босатылды. Бұл тізімге ірі сауда объектілері, сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер, дене шынықтыру, сауықтары және спорт нысандары сонымен қатар, туризм, қоғамдық тамақтану, қонақүй қызметі кіреді. Бұған қоса, биылғы жылдың 1-ші қазанына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосымша құн салығының мөлшерлемесі 8%-ға дейін төмендетілді. Ауыл шаруашылы өнімдерін өндірушілер 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін жер салығынан босаған. Сонымен қатар, биылғы 31 желтоқсанға дейін бензин (авиациялық бензинді есептемегенде), дизель отынын өндірушілер өнімді экспорттауда акциз төлеуден босатылып отыр.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жедел штабна келіп түкен өтінімдердің 74%-ы жұмыспен қамту мәселелеріне қатысты, соның ішінде 54%-ы – қызметкерлердіт сақталмаған еңбекақысыз әрі мерзімсіз демалысқа, толық емес жұмыс күніне жіберумен байланысты болса, 20%-ында жұмыскерлерді қысқарту мәселесі көтерілген.
Елде төтенше жағдай режімі енгізілгеннен кейін «Атамекен» ҰКП жұмыстан босаған жұмыскерлер деңгейін анықтау мақсатында жұмыс берушілер арасында сауалнама жүргізді. Е.Өстеміровтың айтуынша, 23 наурыз бен 7 сәуір аралығында сауалнамаға 8 228 ұйым қатысты. Олардың ішінде 35%-ы яғни, 46 345 адамның еңбекақысы сақтамай демалысқа жіберген.