Мемлекет басшысымен телефон арқылы сөйлесу барысында Бақытжан Сағынтаев Алматыдағы қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, коронавирус індетінің таралуына жол бермеу, сондай-ақ карантин режимін қамтамасыз ету және әлеуметтік көмекке мұқтаж тұрғындарға қолдау көрсету мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
«Қазіргі таңда инфекцияның жасырын ошақтарын анықтау үшін індет жұқтыруы мүмкін деген барлық тәуекел топ өкілдерін жаппай тестілеуді жалғастырудамыз. ПЦР әдісімен 26 мыңға жуық адам тестілеуден өтті, тағы 21 мыңы жедел-тестілеуден өткізілді, – деп атап өтті Б.Сағынтаев. – Осындай жедел қолға алынған шаралардың нәтижесінде медицина қызметкерлері мен әскери қызметшілердің жекелеген топтары арасында қатерлі вирусты жұқтыру ошақтары анықталуда. Олардың бәрі дереу оқшауланып, инфекцияның одан әрі таралып кетпеуі үшін тиісті санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қабылдануда».
Бұдан басқа, қаланың инфекциядан таза аумағын қорғау мақсатында індет анықталып жатқан топтағы адамдар бөлек орындарға арнайы бөлінген тасымалдау көліктерімен жеткізілуде.
Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес мегаполистің экономикалық белсенділігін кезең-кезеңімен жаңғырту стратегиясы әзірленді. Ол үшін қаланың экономикасына қан жүгіртіп, қайта қалпына келтіру үшін әлеуеті жоғары кәсіпорындар, сондай-ақ коронавирус инфекциясын тарату қаупі төмен деп танылған секторлар анықталды.
Бизнес өкілдері үшін борышкерлік және қаржылық қиындықтарды азайту бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. ЕДБ-мен бірлесіп бизнес субъектілерінің қарыздары бойынша төтенше жағдай кезінде төлемдерді кейінге қалдыруды жеделдету мәселесі пысықталды. Бұдан басқа қала экономикасын қалпына келтіру үшін дағдарысқа қарсы жоспар әзірленуде.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жобаларды іске асыру кезінде шамамен 26 мың жұмыс орны құрылады. Қолданыстағы бағдарламаларды, атап айтқанда, «Алматы Бизнес – 2025» және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жалғасады. Ал бұл өз кезегінде тағы 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау мақсатымен төтенше жағдай кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарын және қала тұрғындарын қолдау үшін кешенді шаралар іске асырылуда.
Мұқтаждардың бірыңғай тізімін қалыптастыру үшін өтініштер қабылдайтын колл-орталық құрылды. Демеушілердің қаражаты есебінен азық-түлік себетін жеткізу, 2 АЕК көлемінде әлеуметтік төлемдер, «Birgemiz» ҚҚ-нан 50 мың теңге мөлшеріндегі қайырымдылық көмек, ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне 1 млн. теңге, оларға теңестірілген тұлғаларға 100 мың теңге және еңбек майданына қатысушыларға 50 мың теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем секілді көмек түрлері ұйымдастырылды.
Азық-түлік жиынтығымен 10 243 мұқтаж отбасы қамтамасыз етілді. Ал 2 АЕК мөлшеріндегі әлеуметтік көмекпен 68,2 мың адам қамтылды. Бүгінгі күні 44,2 мың адамға 246,2 млн.теңгеге көмек көрсетілген. Сонымен қатар, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген ІІІ топтағы 17,2 мың мүгедек жан 95,8 млн. теңгеге көмек алды.
Төтенше жағдайға орай табысынан айырылған азаматтарға тиесілі 42500 теңге (1 ЕТЖ) 333 215 тұрғынға 14,2 млрд. теңге сомасында тағайындалып, аударылды.
Телефон арқылы сөйлесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қызметін қайта бастайтын кәсіпорын қызметкерлерінің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, қала әкімдігі мұқтаждарға әлеуметтік көмек көрсету шараларын іске асыру және коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жұмысты жалғастыруы қажет.