Аймақтар • 17 Сәуір, 2020

Базардың бірі ала, бірі құла

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласының карантин режимі жағдайында мұндағы бірқатар ірі базарлар жабылған болатын. Дегенмен қазіргі көктемгі егіске әзірлік кезінде ауыл шаруашылық техникаларына арналған бөлшектер сатумен айналысатын «Батыс Қазақстан жәрмеңкесі» атты базар жұмыс істемей тұрса, астық өсірушілерге үлкен қолбайлау туғызар еді. Сондықтан да аталған базар ашық тұр екен.

Базардың бірі ала, бірі құла

Мұндағы қауіпсіздік пен санитарлық эпидемиологиялық талаптардың орындалуына кінә тағу қиын-ақ. Шаруа иелері өздеріне қажетті техника бөлшектерін сатып алып жатыр. Солай бола тұрса да бір-бірімен иін тірескен тұтынушылар көзге түсе қойған жоқ. Сатып алушы мен сатушылар арасындағы қашықтық жер мен көктей болмаса да әжептәуір алшақ екені бірден байқалады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникалары бөлшектерін сататын базарда оған кіретін қақпа бір бөлек, шығатын қақпа аумақтың екінші жақ бөлігінде бөлек орналасыпты. Яғни мұндағы сауда-саттық тәртібі барлық санитарлық нормаларға сай деуге әбден болады. Сондықтан да атқарушы органның жетекшісі базардың бұдан әрі жұмыс жасай беруіне қарсылық танытпады.

Облыс орталығы іргесіндегі орталық мал базары карантин тәртібіне сай жабылғаннан кейін иелері қазіргі күні оны қайта ашуға қам-қарекет жасап отырғанын аңғардық. Несі бар, санитарлық нормалар сақталса, қауіпсіздік пен залалсыздандыру жұмыстары дер кезінде жасалса, базарды ашуға да болар. Әйтсе де облыстағы атқарушы тұлғалар оны аралау барысында мал базарының қазіргі жай-күйі белгіленген талаптарға сәйкес келмейтініне көз жеткізді. Сондықтан да оның ашылуына рұқсат берілмеді.

Дегенмен мұндағы мал сою цехының қызметі қазіргі қажеттілікке қарай одан әрі жалғаса береді деп табылды. Сондай-ақ жем-шөп сатып алуға келгендер базар ішін нағашысының үйіне келгендей емін-еркін аралап жүруіне де тыйым салынды. Өйткені мұндай жағдайда азаматтардың топтасуы және бір-бірімен байланысқа түсуі көбейіп, жиілеп кетеді деген қауіп басты назарға алынды. Оның есесіне тұтынушар базардың сыртында қалып, оларға жем-шөп қапталып жеткізілмек.

Түйіп айтқанда жоғарыла айталғандай қазіргі күні Ақтөбе қаласындағы базарлардың бірі ала, бірі құла болып отыр.