Бұл айдағы игілікті істер және қолдау мен қамқорлықты қажет ететін жандарға көрсетілетін көмек пен жомарттық үшін Алла Тағаланың сыйы еселеніп, адамдарды өзіне жақындата түседі деп жазылған екен Пайғамбардың хадистерінде.
Осы орайда бүгінгі күндері республикамыздың түпкір-түпкірінде жалғасын тауып келе жатқан «Biz birgemiz» қайырымдылық акциясының іс-қимылдары хадистерде жазылған жақсылық жасау жөніндегі жолдармен үндесіп жатқандай әсер қалдырады. Бүгін Ақтөбе қаласындағы облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінің алдында Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттары мен «Нұр-Ғасыр» жамағаттары бірлесіп өткізген қайырымдылық шаралары осы арнадан тамыр тартады.
Аталмыш қайырымдылық акциясы аясында артық та емес, кем де емес 99 мүгедек балаға жалпы сомасы 2 миллион тенгені құрайтын азық-түлік қоржындары үлестірілді. Бұған қоса балалар мен олардың отбасы үшін Алла Тағаланың 99 есімі белгіленген арнайы сыйлық қоса тапсырылды.
-Бұл есімдерді атап жүретін жандардың иманы айрандай ұйып, бойындағы күмән мен сенімсіздіктен және уайым мен торығушылықтан толықтай айығады. Егер бұл есімдерді атай отырып, бірнеше рет дұға оқыса, ем қонбайтын аурулардың өзінен сауығып кетуге ықпалын тигізе алады. Алла Тағаланың 99 есімі болғандықтан бірлескен қайырымдылық акциясы кезінде 99 саны да кездейсоқ алынған жоқ деді Egemen.kz тілшісіне «Нұр-Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан.