Аймақтар • 18 Сәуір, 2020

Егіс салудың оңтайлы тактикасы белгіленді

245 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақтөбе аймағында көктемгі егіс жұмыстары таяу күндерде басталады деп күтілуде. биыл өңірде 788 мың гектар алқапта егістік егіледі деп белгіленген. Бұл еліміздің батыс бөлігіндегі облыстар арасындағы ең көлемдісі екенін айтқанымыз жөн.

Егіс салудың оңтайлы тактикасы белгіленді

Әр жылдары көктемгі егіс салу науқанының өзіне тән ерекшелігі болатыны белгілі. Ал биылғы бір тосын жәйт оның Covid-19 дертінің таралуымен тұспа-тұс келіп отырғаны деуге болады. Мұндай жағдайда ұтымды да тиімді және қауіпсіз де оңтайлы тактикалық шешімдер алынбаса, «әр күні –жылға азық» болатын жауапты науқанның оң нәтиже бере қоюы екіталай болмақ.

Биылғы жылғы наурыз айының басында республикамыздың Ауылшаруашылығы және энергетика министрліктері тарапынан аймақтағы астық және басқа да майлы дақылдар өсірушілерге 9000 тонна дизельдік отын бөлінген екен. Ақтөбе облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша бұл қомақты отын көлемін үш кезеңге бөліп тарату көзделген. Яғни соның наурыз айына тиесілі 2500 тонналық алғашқы кезегі шаруаларға таратылып берілген. Қазіргі күні сәуір айының үлесіне тиесілі дизельдік отын мөлшерін жеткізу жолдары да қамдастырылған.

Қазіргі күрделі кезеңде облыстың түпкір-түпкіріндегі егістік алқаптарға жанар май және тұқым мен тыңайтқышты өз уақытында кешіктермей жеткізудің жауапкершілігі жоғары. Осы орайда бұл міндеттерді атқаруға 2565 автокөлік бөлініп, оның бәрін «Сергек» электрондық базасына енгізілген. Әйтсе де көктемгі егіс секілді ауқымы кең науқанның қажеттілігі бір өңірдің аумағымен шектеліп қала алмайтыны аян. Мұндай шақта Ресейден және республикамыздың өзге облыстарынан өңірдегі көктемгі егіс қамына қажетті құралдар жеткізу ісі туындайтыны талассыз. Көрші мемлекетті айпағанда еліміздің өз өңірлеріндегі «Сергек-онлайн» базасы әр түрлі болғандықтан, яғни бұл электрондық жүйе облыс аумағына өзге жақтан келетіндерге жүрмесе не істеген жөн? Бұл сауал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қ.І.Сәрсенбайға қойылды.

Рас, бұл өз иірімі мен күрмеуі бар мәселе. Әйтсе де оны шешудің барлық жолдары қарастырылып өз шешімін тауып келеді. Оның басты бір тәсілі Ресейден және  еліміздің өз өңірлерінен тұқым және өзге де қосалқы бөлшектер жеткізетін тұлғалардың рұқсатнамаларын алдын-ала әзірлеп, блок-бекеттерден кедергісіз өтуі үшін тиісті тұтқалар қарастылырған деді ол бұл тұрғыда.

Тағы бір атап өтерлік мәселе астық өсірушілердің талап-тілектеріне сай соңғы күндері облыс орталығындағы ауыл шаруашылығы техникаларына арналған бөлшектер сататын базар ашылып, жұмыс жасай бастады. Мұнда республикамызда жарияланған төтенше жағдайлар мен өңірде қабылданған карантин режиміне сәйкес барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтау шаралары алынған. Бұдан бөлек өңірде егіс салуға қажетті құрал-саймандар сататын сауда нүктелерінің ортақ вотсап желісі құрылып, қажетті бөлшектерге осы жерден тапсырыстар берілуде.

Биыл мемлекет тарапынан көктемгі егіс салатын ауыл шаруашылығы өндірісшілеріне әжептәуір жеңілдіктер белгіленгені айтылып та, жазылып та жүр. Бұл қолдау мен қамқорлықты ақтөбелік астық өсірушілер де жақсы сезініп, ризашылықтарын білдіруде. Мұның сыртында облыста «Аграрлық несие корпорациясы» мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» филиалдары арқылы несие ресімдеуге ниет білдіргендер де бар. Рас, қазіргі кезде бұл құрылымдар жұмыстарын штаттық режимде жүргізуде. Соның әсерінен кейбір кедергілер де туындауы заңды құбылыс.

Дегенмен жаңа форматта жұмыс істеуге бейімделе білген филал жетекшілері бұл мәселені оңтайлы шешудің жолдарын қарастыра білгендері қолдауға тұрарлық іс. Осы арқылы несие алу тәртібі де тоқтамағаны бір мәртебе. Айталық «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалының директоры Гүлжанат Ерғазинаның мәлімдеуінше «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 11 шаруашылықтан 61 миллион тенгенің жобасы түсіпті. Қазіргі күні оның 10- ы қор филиалы тарапынан қаржыландырылған. Қалған біреуі қаралу сатысында көрінеді. Қаржыландырылған жобалардың дені Хромтау, Қарғалы, Әйтеке би, Алға, Мәртөк және Қобда секілді облыстың астықты аудандарынан түсті дейді ол.

Әдетте көктемгі егіс пен дала жұмыстары ауқымы мен мағынасы өте кең ұғым. Оны тек бір ғана бидай мен арпа жән тары мен сұлы секілді дәнді-дақылдар түрлерімен шектей салуға болмайды. Яғни бүгінгі таңда аймақта агроөнеркәсіптік кешен саласын одан әрі дамытуға сәйкес «Егінжай» бағдарламасы бойынша жан-жақты әзірлік жұмыстары қолға алынған. Бұл ретте облыста майлы және мал азығы дақылдары, картоп пен көкөніс және өзге де бау-бақша өнімдері көлемі жылдан-жылға өсіп келе жатқанын айту парыз. Оны әзірлеу мен отырғызу ісі дәенді дақылдар егістігін егумен бір мезгілде атқарылмақ.

Covid-19 –дың таралуы мен оның шырқау шегі мен шыңына жетпеген жағдайда республика Үкіметі өңірлердегі көктемгі егіс жұмыстарының бірыңғай алгоритмін бекіткені мәдім. Әйтсе де әр аймақ өкілдері егіс салуды қашан бастайтыны жөніндегі мерзімді уақыттың ыңғайымен ауа-райының жылыну кезеңіне қарай өздері белгілеуіне рұқсат берілген. Бұл бағытта Ақтөбе облысына көктемгі егістің жаппай басталатын уақыты сәуірдің жиырмасыншы жұлдызынан кейінгі күндерге белгіленіп отыр.

 

Ақтөбе облысы