Қазақстан • 19 Сәуір, 2020

Орташа бизнес ортада қалмайды

302 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мұнай мен газ секілді стратегиялық шикізат көздерін игеруден түсетін табыс тұрақты емес екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бұл ретте Тұңғыш Президент –Елбасы Н.Ә.Назарбаев белгілеп берген қос бағдарламалық бағыттың өміршеңдігі әлемдік рынокта мұнай бағасы құлдырап кеткен қазіргі күрделі кезеңде айқын көрінуде. Яғни мұның біріншісі елімізде индустриялық-инновациялық даму бағытын өркендету болса, екіншісі шағын және орташа бизнестің ірге көтеруіне жол ашу екендігі айтпаса да түсінікті.

Орташа бизнес ортада қалмайды

Бұл бағытта республикамыздың өндірістік және өнеркәсіптік ірі орталықтарының бірі Ақтөбеде жүзеге асырылған ауқымды жобалар жетерлік. Сонымен бірге шағын және орташа бизнестің көкжиегін көтеру ісінде де іргелі қадамдар жасалды. Атап айтқанда бүгінде өңірде шағын және орташа бизнес субъектілерінің облыс экономикасының дамуына қосып отырған үлесі 22-23 пайыз төңірегінде.

Бір қарағанда бұл ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай жоғары көрсеткіш емес секілді. Дегенмен мұның өзі өндірісі мен өнеркәсібі бірыңғай жақсы дамыған өңір мысалында төмен көрсеткіш емес екенін ескергеніміз жөн. Айталық өнеркәсіптік құрылымдары дамымаған немесе мүлдем жоққа тән өңірлерде бұл көрсеткіш жоғары болуы әбден мүмкін. Сондықтан ақтөбелік шағын және орташа бизнес секторының өңір экономикасын дамытуға қосып отырған үлесі республикалық орташа көрсеткіштен төмен болуына да осындай өлшем тұрғысынан қарай білгеніміз орынды болмақ. Сондай-ақ өңірде шағын және орташа бизнеспен шұғылданушылар үлесу экономикалық жағынан белсенді халықтың 33,5 пайызын құрайды. Бұл дерек те республикалық орташа көрсеткішпен салыстырғанда 3 пайызға төмен болып отыр. Мұның басты сыры мен себебі экономикалық белсенді азаматтардың дені өңірдегі ірі кәсіпорынға шоғырлануынан туындайды.

Жә, бұл жердегі басты гәп пен ой-тілек бұл санды алға тарту емес, республикада жарияланған төтенше жағдай мен Ақтөбеде қабылданған қатаң карантиндік режим кезінде аймақтағы кәсіпкерліктің жай-күйі қандай екеніне көз жүгіртуден туындағанын айту парыз. Осы орайда пандемияның салған тежеуі мен тұсауы салдарынан өңірдегі шағын жіне орташа бизнес субъектілерінің қабырғаларына қара тастай батып жүрген мәселелер аз емес екенідігі айқын аңғарылады. Бұлайша пайымдау жасауға «Атамекен» өңірлік палатасының call-орталығына үлкенді-кішілі кәсіпкерлік топтар өкілдері тарапынан түскен әр түрлі сауалдар мен алаңдаушылық ыңғайындағы ой-пікірлер айқын айғақ бола алады. Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП Ақтөбе облыстық бөлімшесінде жасалған талдаулар мен сараптамалар кешегі күнге дейін оларды толғандырып жүрген басты мәселе салық төлемдерін төлеуге қатысты болғанын көреміз.

Бұл тұста негізгі қабырғалық мәселенің ара-жігін ашып алудың қажеттілігі анық. Covid-19-дың қара бұлты басымызға үйіріле бастаған алғашқы кезеңде барлық жердегідей ақтөбелік шағын және орташа бизнес өкілдері де: енді біздің алдағы уақыттағы жағдайымыз қандай болмақ, іс-қимылымызды одан әрі жалғастары аламыз ба деген мазмұндағы мәселелер мазалағаны жасырын емес.

Әйтсе де бұдан екі апта бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған мәлімдемесінен кейін жергілікті кәсіпкерлер арасында орын алған алаңдаушылық көңіл-күй ауаны күрт өзгеріп, оптимистік бағытқа қарай бұрылғанын байқауға болады. Өйткені Мемлекет Басшысы мәлімдемесінде еліміздегі шағын кәсіпкерлік өкілдеріне қолдау мен көмек көрсетудің барлық шаралары алынатыны айқын айтылған болатын. Президент тапсырмасына сәйкес шағын және орташа бизнес субъектілерінің жұмысына кедергі келтірмеу үшін мораторий жарияланғаны соның басты бір көрінісі.

Оларға жасалатын жеңілдіктер тек бір ғана салық және несие төлемдеріне қатысты мәселемен шектеліп қалмағаны тағы да аян. Бұл бағытта Ақтөбе қаласындағы сауда орталықтарында кәсіпкерлердің жалға алатын орындары үшін оған төленетін ақыны 30-70 пайызға дейін азайту жөнінде жұмыстар атқарылғаны мәлімдемеде қойылған міндеттер орындалып отырғанын көрсетеді. 

Ел халқына арналған бүкпесіз ашық сөзінде Мемлекет Басшысы кәсіпорындардың несие төлемдерін төлеуді кейінге қалдыру мен шегеру жөнінде шешім алынғанын айтқан мәлім. Осы істі нормотивтік-құқықтық тұрғыдан жан-жақты атқару үшін «Атамекен» өңірлік палатасы өкілдері өңірдегі екінші деңгейдегі банк филиалдарымен тиісті жұмыстар жүргізу үстінде.

-Бүгінгі күнге дейін шағын жіне орташа бизнес субъектілері тарапынан несиені кейінгі қалдыру мәселесі бойынша 765 тапсырыс түсті. Соған сәйкес жалпы сомасы 11 миллиард тенге несие қаражаты бойынша 694 тапсырыс мақұлданды. Сөйтіп, кәсіпорындар үшін бір айдан үш айға дейінгі несие қаражаттарын кейінгі қалдыру мерзімі қарастырылды деді бұл жөнінде «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

Жоғарыда жазылған жәйттердің бәрі қандай қиын кезең болса да шағын және орташа бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан тиісті қолдау жасала беретінін алға тартады. Түйіп айтқанда, орташа бизнес ортада немесе кейінгі кезекте қалмақ емес. мұның басты кепілі Мемлекет басшысының мәлімдемесінде тайға таңба басқандай көрсетілген қолдау түрлері демекпіз.  

 

Ақтөбе облысы