Бірақ белбеуді босатып, арқаны кеңге салуға болмайтынын жергілікті билік те, дәрігерлер де ауыздарынан тастамай айтуда. Енді ше, жан-жағымызда індет анталап тұрса, одан құтылдық деп айта аламыз ба? Бірақ өзін ғана ойлайтын көптеген адамдар өзі мен жақындарына жетпегеніне мәз болып, індеттің ауылы алыстады деп ойлап, ауыздарына келген сандырақтарын соғуда. Соның ішінде карантиннің өзгертілмегені билікке тиімді деп соғатындар да шығыпты. Неге екенін айта алмаса да әйтеуір ауыздағысын сандырақтайды. Керісінше, карантин алдымен билікке, мемлекетке тиімсіз екендігіне, экономикаға әжептәуір соққы келтіретініне ондайлар ой жүгіртпейді.
Қаладағы хабары мол адамдардың арасынан да осындайлар шығып жатқанда ауыл тұрғындары арасынан қауіпті сезінбейтіндер көп. Мысалы, Шал ақын ауданының орталығындағы індет жұқтырған деген күдігі бар адам ауруханаға жатқызылған екен, 1962 жылы туған сол жігіт ауруханадан қашып шығып, екінші күні зорға ұсталған. Егер бойында індет бар болса, оның қаншама адамға жұқтырғаны белгісіз.
Үй жайындағы карантинді ұстауға міндеттелген тағы бір осы ауданның тұрғыны блок-бекетті айналып өтіп, аудан орталығына кірмек болған. Полиция осындайлармен күресте белсенділік көрсетуде, бірақ санасына бермегендерді ұстау да қиын. «Карантин талаптарын сақтауға міндетті адамдардың бұзушылық жасауына жол бермеуге тырысудамыз. Ол үшін полиция қызметкерлерінің қырағылығын арттырып жатырмыз», - дейді аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары полиция майоры Бейбіт Шәниев. Бәрінен бұрын адамдардың өзі індеттің қауіптілігін түсінгені дұрыс, әрине.
Солтүстік Қазақстан облысы