Тарих • 20 Сәуір, 2020

Егор-Жора – Жұмабайдың баласы

978 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сонау сұрапыл соғыста қан майданның қақ ортасында жүріп, фашистермен шайқасқан миллиондаған жауынгер ерлікпен қаза тапты. Талай қаланың күл-талқаны шығып қирады. Талай ана жесір, талай бала жетім қалды. Талай тағдыр тәлкекке түсіп, талай арманның жолы кесілді... Адамзат тарихында болған осы ең сойқан соғыс тарттырған қайғы-қасіретте шек жоқ!

Егор-Жора – Жұмабайдың баласы

...Сол кездегі ауыр күндердің азабы Егор атты орыстың жеті жасар жетім баласының басына да батпандай салмақ болып түскен екен. 1942 жылы Воронеж қаласындағы балалар үйіндегілерді де түгелімен эвакуациялап, оқ пен оттың ортасынан алысқа аттандырады.

«Бір жерде жаяу, бір жерде эшелонмен майдан даласынан тылға қарай ұзай бердік, ұзай бердік, – деп жазыпты Жора Джумабаев (оның аты-жөнінің қалай бұлай болғанын төменде айтамыз). – Неміс самолеттерінің эшелонды жиі бомбалағаны есімде қатты қалды, олардың төмен ұшатыны соншалықты, фашистік свастикасы анық көрінетін. Мұндайда зәреміз ұшып естен тана қорыққан біз бәріміз де бетімізді қолымызбен басып, жерге кіріп кететіндей болып жабысып жататынбыз. Сондайда балалардың біразы қайта тұрмай қалатын...».

Сонымен жүзге жуық бала мен жасөспірімді Жамбыл жеріне де әкелген. Оны одан әрі бір топ баламен бірге өгіз жегілген үлкен арбаларға мінгізіп стансадан қашық, шалғайдағы ауданға әкеткен. Бұл қазіргі Мойынқұм, бұрынғы Көктерек ауданы еді.

...Бала ғой, қанша қамқорлық, көмек  көрсе де, басқа тұрмыс-тіршілікке көндіге алмаған әрі туған тілін сағынған Жора алғашқы түскен үйін көп ұзамай бір түнде тастап кетеді.

«Я был сыт. Молоко с лепешками, дыны – чего еще надо ребенку? Ко мне хорошо относились, но я сбежал... В ту пору ум мой не мог осозновать меру бескорыстия этих щедрых и мужественных людей, приютивщих в лихию годину сотни таких бездомных как я! Но все это стало мне понятным лишь спустя некоторые время... Сохранились в душе память о тех, кому обязан я и жизнью, и именем своим» (бұл жерде орысша жазғанын беріп отырмыз) деп жазыпты Жора ағамыз тағы да.

Осылайша жер-көкке сыймай  қа­шып-пысып жүргенде Құдай оны 1943 жылы жүрегі кең, көңілі даладай дархан жан Жұмабайға жолықтырған. Жұма­бай Бейсенов атамыз кезінде Көктерек ауда­нында озат шопан атанған, екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев­­пен қатарлас, қанаттас болған  Мәскеу­дегі халық шаруашылығы жетістіктері көр­месіне (сол жақтан әкелген патефонға күйтабақ қойып, талай тыңдағанмын) екі-үш рет барып қайтқан. Ал соғыс жылдарында аудан орталығы Көк­теректен үш-төрт шақырымдағы ко­минтерн (қазіргі Биназар батыр ауы­лы) колхозында мал бағатын. Ол кісі әйелі Күләтай екеуі ауырып қалған Егорға жаны ашып, сондай-ақ оның елгезек, пысық, тіл алғыш, талабы тау­дай екенін ішкі түйсіктерімен анық аңғарып, асырап алған, ата-аналық мейірім шуағын аямай төккен, көп ұзамай құжатын рәсімдеген. Сөйтіп көзі аспан түстес сап-сары баланың аты-жөні  Алланың құдіретімен Жора Жұмабаев болып шыға келген!.. Бұл кезде атамыздың бірінші әйелі Кенжекей апамыздан Нұрипа, Роза, Рая есімді қыздары бар еді. Жораны олардан артық көрмесе, кем көрген жоқ. Күләтай апа малда жүріп-ақ, оны жазуға, оқуға үйреткен. 1949 жылы колхоз жас жігітті шопырлық курсқа жіберген (Мен елу екінші жылғымын, бала шағымда Жора ағамызды сан рет көргенмін, «полуторка» деген машина айдайтын).

Жора әскерде Эстонияда болыпты. Ол елден әйелдікке Аня атты украин сұлуын алып келіпті. Сол жақта ресми некеге тұрыпты. Аня жеңгеміз де құжат бойынша Жұмабаева деген текті алыпты. Бұл, сөз жоқ, Жораның мына аласапыранға толы, өкініші де аз емес өмірде өзін өгейсітпей адам етіп өсірген екінші әке-шешесіне, отбасына деген үлкен құрметі!

Бұл елуінші жылдардың аяғы ғой, Жұмабай ата сол кездің деңгейінде, дүрілдетіп той жасаған. Әрине қазақы салт-дәстүрмен. Әрине шын көңіл, шынайы ниетімен. Жора колхозда механик, аудандық атқару комитетінде жүргізуші болған. Кейін милицияға жұмысқа кірген.

Менің Күлбағила әпкемнің жолдасы – Базарқұл Дорбабаев жездеміз Меркі ауданында сот төрағасы еді. Осы кісінің ақылымен Жора енді сондағы милицияға ауысып, Қырғыз Алатауы баурайында бірнеше жыл істейді, Аня екеуінің екі ұлы дүниеге келеді. Осында жүргенде, қысқарта айтсам, Тамбов облысынан оның Аня атты туған қарындасының хабары шығып ұзақ ойланып, толғанған соң қанша қимаса да, қиналса да Ресейге кетуге бекем бел байлайды. Әрі өзінің жазуынша әйеліне бұл жақтың ауа райы жақпаған көрінеді. Алғашында екі-үш жыл тұрып көрейік деген екен. Алайда өмірдің арынды ағысы кейде адамның өзіне ырық бермейді ғой, сол бетімен сол жақта қалып қойған.

Сонымен жазуынша деп, бір-екі рет үзінді келтірген мақаласының аты «Я сын твой, Казахстан!» деп аталады. 1982 жылы 30 желтоқсанда Рязань облысы, Ряжск қаласындағы «Авангард» газетінде жарияланыпты. Астында «Ж.Джумабаев, старшина милиции РОВД» деп жазылып тұр. Мұнда ол көңіл түкпіріндегі сартап болған сағынышын білдіріп, ет-жүректі елжіретер сөзін айтады. Жазғанын  «Я сын твой, Казахстан! Ты мой отец, Жумабай!» деп түйіндепті.

Онан кейін Жора аға ауылға келді ме? Әрине келді, тек бір-ақ рет – 1975 жылы мамыр айында, өзі ғана. Жұмабай ата­мыз­дың екінші әйелі Күләтайдан Тілеукүл, Тілеуқабыл, Қабылкүл атты ұл-қызы бар еді. Тілеуқабыл бауырымыз автокөлік апатынан қаза тауып, соған көңіл айту үшін жедел жеткен. Сонда біраз аунап-қунап жатып, мал баққан Хантауын, басқа да жұмыс істеген жерлерін асықпай аралаған, қайтыс болғандардың үйіне барып шыққан, балаларға алыстан әкелген сыйлығын үлестірген.

Мұнан кейін екі жақ хат жазысып тұрғанымен, ол бірте-бірте сирей береді... Бір жағынан заман өзгерді, алып империя КСРО күйреді, байланыс үзілді... 2018 жылы Жора аға қайтыс болыпты, одан төрт жыл арыда әйелі дүниеден өткен екен. Бір-екі жыл бұрын Жұмабай атамыздың үлкені Нұрипа әпке қатты ауырғанда әл үстінде жатып, Жораны қайта-қайта айта беріпті. Сонда оның Қордайдағы қызы Ғазиза интернет иірімдері ішінен Светлана Джумабаева деген есімге «кезігеді» де іле хабарласады. Сөйтсе ол тура Жора ағаның мұғалім келіні екен. Светлана былай айтыпты: «Атамыз балалары бізге үйленгенде тек Джумабаева деп жазыласыңдар деп шарт қойды ғой, содан солай аталып жүрміз. Менен басқа тағы екі келіні де».

Міне, осындай тағылымды, қызықты жағдай бұл. Жора ағаның ұрпағы әкелерінің, аталарының өсіп азамат болған жерін бір көргісі келеді екен. Жұмабай атаның үрім-бұтағы да (ішінде Нұрипа әпкенің ұлы Асқар Әбешбаев та бар) бұл мәселені ойлап қоятын көрінеді. Бірақ әзірше мұның реті келмей тұрған сияқты. Адамды алға жетелейтін бір жақсы қасиеттері – сенім мен үміт қой. Ендеше, алда оның да сәті түсер деп сенейік, үміттенейік...

Айтқандай, Жұмабай ата кейіннен тағы бір жетім баланы асырап алған. Ұлты татар еді, атын Аманжол деп қойған болатын. Өмір бойы жекеменшік малды бағып өткен, ақысын алады, әрине. Өрісте қолынан кітап  түспейтін. Жас кезімде оның талайын сұрап алып оқығанмын. Әйелі Шура деген жетім украин қызы болды, екеуін қосқан да сол баяғы атамыз. Шура жеңгеміздің туған жерін сағынғанда көгілдір көзі мөлтілдеп «Верховина, мать родная...» деп мұңая әндеткенін талай естіп едім...

Қазір Аманжолдың Мейрамқұл Жұмабаев атты ұлы бала-шағасымен Шу қаласында тұрады.

 

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист

 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы