Қоғам • 20 Сәуір, 2020

Алматыда бүгін бірқатар кәсіпорын өз жұмысын бастады

1186 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес 20 сәуір, яғни бүгінгі күннен бастап Алматы қаласындағы сақтық талаптарына сай деп танылған кәсіпорындар өз жұмысын бастады.

Алматыда бүгін бірқатар кәсіпорын өз жұмысын бастады

Қаладағы бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындардың, құрылыс компанияларының, сондай-ақ алдын ала жазылу бойынша нотариустардың және Наурызбай ауданындағы ХҚКО бір бөлімшесінің (тек қана бизнеске қызмет көрсету үшін) қызметке кірісуіне рұқсат берілді.

Шаһарда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны біртіндеп өсіп, ай көлемінде тағы да 90 мың адамға көбеймек. Кәсіпорындарды іске қосу ісі де жұмыс ерекшелігіне байланысты, кезең-кезеңмен жүзеге асатын болады.

Басқа да кәсіпорындарды іске қосу тек аудит жүргізілгеннен кейін және ұжымдардың дайындығы мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігі туралы оң шешім шығарылғаннан кейін ғана мүмкін болады.

Аудитті жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен, СЭС және «Атамекен» ҰКП қызметкерлерінен тұратын жұмыс топтары жүргізетін болады. Сондай-ақ іске қосылғаннан кейін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар арнаулы мониторингтан өтіп, талаптар сақталмаған жағдайда, қызметін тоқтатуы мүмкін.

Қызметкерлерді COVID-19 инфекциясынан қорғау жөніндегі іс-шаралардың толық тізбесі қаланың барлық өнеркәсіп және құрылыс нысандары үшін әзірленді. Жұмыс берушілер қатаң санитарлық нормалардың сақталуына дербес жауапкершілікте болады. Сонымен қатар, нысандарда қызметкерлердің жай-күйіне сауалнама жүргізіп және оларды журналға тіркей отырып, сондай-ақ тепловизорлардың көмегімен байланыссыз термометрия арқылы күнделікті ауысым алдындағы медициналық тексеру жүргізу талап етіледі. Барлық қызметкерлерді медициналық маскалармен және қолғаптармен, дезинфекциялаушы майлықтармен немесе тері антисептиктерімен, санитайзерлермен қамтамасыз ету қажет.