Аймақтар • 20 Сәуір, 2020

Шығыс Қазақстан: 7 адамның үшеуі емделіп шықты

625 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде анықталған 29 ошақтың 20-сы карантиннен алынды.

Шығыс Қазақстан: 7 адамның үшеуі емделіп шықты

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстанда коронавирустың 8 жағдайы тіркелген-ді.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы  Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, сауығып кеткендердің арасында облыс орталығының екі тұрғыны мен Семей қаласынан бір науқас бар. «Бүгін үшеуі де ауруханадан шықты. Өздерін жақсы сезінеді. Олар 1959 жылғы семейлік азаматша және Өскеменнен 1938 жылғы апа мен дәл осы жылы дүниеге келген ақсақал. Емделушілерде COVID-19 симптоматикасы жоқ, барлық талдаулар алынды. Рентген мен КТ зерттеулерінде ауру белгілері табылмады. ПТР-ге екі рет талдау жасалды, екеуі де теріс нәтиже көрсетті» дейді Ілияс Мұхамеджан.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы басқа науқастардың жағдайы туралы да айтты. Қазіргі уақытта олардың барлығы Семей қаласындағы инфекциялық стационарда емделіп жатыр. Жағдайы орташа ауырлықта, тұрақты.

Бүгінде анықталған 29 ошақтың 20-сы карантиннен алынды. Коронавирус тіркелген соңғы 2 жағдай бойынша 9 ошақ қалып отыр. Ол науқастармен байланыста 110 адам болған. Барлығы оқшауланған, талдау нәтижелері теріс. Жалпы қазіргі уақытта облыс бойынша провизорлық стационарларда 62 адам, обсервацияда 34, үй карантинінде 249 адам бар.

Облыс орталығының 4-ші қалалық ауруханасынан және Семей қаласының балалар ауруханасынан карантин режимі алынды. Стационарда болған барлық қызметкерлер мен науқастар екі рет тестілеуден өтті, нәтижелері теріс. Көрсеткіштер бойынша облыста барлығы 3209 адам зертханалық тексеруден өтті. Тестпен жеткілікті түрде қамтамасыз етілген.

Шығыс Қазақстан облысы